«Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігі өзінің 35 жылдық мерейтойын атап өтті. «Достық үйінде» өткен салтанатты шара өңіріміздің мәдениетіне, руханиятына өлшеусіз үлес қосып келе жатқан әжелеріміздің құрметіне арналды.
Мерейтойда аналар бірлестігінің фотокөрмесі, бірлестіктегі қолөнерші әжелердің бұйымдары келушілер назарына ұсынылды. Салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікова қатысып, аналарға өзінің ризашылығын білдірді.
— Павлодар-Ертіс өңірінің қоғамдық өмірінде өзіндік өмірі бар «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің 35 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Осыдан 35 жыл бұрын қоғам қайраткері, ұлағатты ұстаз Зара Қожахметованың бастамасымен құрылған ұйым 2014 жылдан бастап «Нұр-Ана әлемі» бұл істі жаңа деңгейде жалғастырып келеді. Бұл жай ғана қоғамдық үйым емес, ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз ететін, отбасылық құндылықтарды дәріптейтін, жастарға бағыт-бағдар беретін, қоғамдық келісім мен бірлікті нығайтуға үлес қосатын беделді, азаматтық институтқа айналды. Бірлестіктің абыройы арта берсін, игі бастамалар жалғасын таба берсін, — деді ол.
«Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің 35 жылдығына орай облыстық аналар кеңесінің төрайымы Бақытжамал Максилова өңірдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына қосқан үлесі, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласқаны, көп жылғы еңбегі мен кәсіби біліктілігі үшін Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың Құрмет грамотасымен марапатталды. Сондай-ақ бірлестік жұмысына белсенді атсалысып жүрген бірқатар анаға арнайы медальдар табысталды.
Мерейтойға орай «Ана – өмірдің бастауы» атты кітап та жарық көрді. Жинаққа ұйымның қалыптасуы мен дамуына өзіндік үлес қосқан 25 ананың өмір жолы енгізілген. Сонымен қатар, басылымда облыстың аудандарында атқарылған жұмыстар мен аналар кеңесінің қоғамдық қызметі туралы мәліметтер қамтылған. Қоғам алдында сіңіріп келе жатқан еңбегі үшін марапатқа ие болғандардың бірі – Шарбақты ауданынан келген Аймереке Смайылова.
— Мен өзім Шарбақты ауданындағы Абай атындағы мектепте психолог болып қызмет етемін. «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық жаңа атауға көшкелі бірлестік қатарындамын. 2017 жылы бірлестіктегі апалар бір ауыздан Шарбақты ауданындағы ұйым филиалының төрайымы етіп сайлады. Қазір бірлестік халық кеңесінің мүшесі ретінде қызметін жалғастыруда. Бүгінде ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүрімізді дәріптеу жолында түрлі іс-шараларды жүзеге асырып келеміз. Бұрынғы кезде отбасы институты мықты болды. Ата-әжелер немерелеріне ертегі, қисса оқып, өздерінше тәрбиеледі. Бұл сөзім қазір ондай қарттар жоқ дегенім емес, қазір де ескінің сарқыншақтары баршылық. Алайда, қазіргі қазақ қоғамының күресер кемшіліктері зор батпан. Сондықтан біздің аналар ұйымы да осы бір ортақ іске өз үлесін қосуда. Тәрбиеден бөлек, біздің міндетіміз ата-баба салтымен жүру. Сол құндылықтарымызды сақтап қалу, — деді ол.
Көз жауын алатын көрмелер бұл ұйымның нағыз шеберлерді бір ортаға жинағанына дәлел болды. Қолдан тігілген құрақ көрпешелер, жастықтар, зергерлік бұйымдар және тағы басқа қолөнер бұйымдары келушілер назарына ұсынылды. «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің аналары осындай шеберліктерін республикалық деңгейге дейін паш етіп, жүлделі орындар еншілеп келеді.
Сонымен қатар аталған шарада еліміздің талантты жұлдызы Димаш Құдайбергеннің анасы Светлана Айтбаева құттықтау бейнехатын жолдады.
— Қымбатты Павлодар қаласының «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің барлық ақ жаулықты аналары! Сіздерді мерейлі 35 жылдық мерейтойларыңызбен құттықтаймын. Қазақ анасының қоғамға паш етіп жүрген барлық істеріңіз біздерге әрқашан үлгі. Сіздердің жасап жатқан жұмыстарыңызға әрқашан тілекші болып жүремін. Осындай келелі істеріңіздерге тек қана сәттілік тілеймін, — деді ол.
Сара ӘБДОЛ.
