Ақын есімі ұлықталуы тиіс

Қыр 22, 2026

Биыл Ертіс-Баян өңірінің төл перзенті, белгілі ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері Арман Бақтанұлы Қанидың дүниеден өткеніне бес жыл толып отыр.

Иә, қазақ әдебиетінің қабырғасын қайыстырған, әдебиетсүйер, өлеңсүйер қауымның санасына ауыр салмақ түсіріп кеткен ауыр қазаның орын алғаны кеше ғана еді. Дегенмен, қазақ поэзиясына өмірінің соңына дейін адал еңбек етіп, ұрпақ үшін мол әдеби мұра қалдырған қайраткердің есімін ұлықтайтын уақыт та келіп қалғандай.

Арман Қани 1954 жылы 22 ақпанда Павлодар қаласында дүниеге келген. Атасы Қани – Арқаның әйгілі күрескер ақыны Мәдидің жиеншары, әжесі Кәсіп – Үш жүзге аты мәлім Жаяу Мұсаның қызы. Арман Бақтанұлының ұлты үшін күрескерлігі мектепте оқып жүрген кезінде басталған. 1969 жылы өзі оқитын №3 мектеп-интернатында ұлтшыл жасөспірімдердің «Жас ұлан» атты жасырын саяси ұйымын құрып, жұртшылықты отаршылдыққа қарсы бас көтеруге шақырған үнпарақтар таратып, өлеңдер жазған. Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті (МҚК-КГБ) аталған жастар ұйымын әшкерелеген соң бірнеше серігімен бірге жазалауға ұшырап, «Ұлттық саясат мәселелеріндегі өрескел қателіктері үшін» деген айыппен комсомол қатарынан және мектептен шығарылған. Арман Қани орта мектепті де, жоғары оқу орнын да өз қатарластарынан көп кейін, сырттай оқып бітіреді.

Арман ағамыз — қазақ тағдырына қатысты мәселелердің бірде-біріне бейжай қарамай, ешқандай ақысыз, пұлсыз қызмет еткен адам. Яғни, Қазақстанның Тәуелсіздігі жолындағы күрестен бөлек, «Семей-Невада» қозғалысын қолдап, ядролық сынақтарға қарсы жұмыстарды ұйымдастыруы — бір үлкен тарих. Сонымен қатар, қазақтың тілі мен руханиятына, әдебиеті мен мәдениетіне қатысты атқарған қоғамдық жұмыстарының бірі де ел есінен кете қойған жоқ.

Арман Қанидың ұлтқа сіңірген еңбегін алты Алашқа паш еткен журналистердің бірі – Қазақ-станның еңбек сіңірген қайраткері, БАҚ саласындағы Президент сыйлығының иегері Жанболат Аупбаев. 2002 жылы «Егемен Қазақстан» газетінде «SOS» белгісі» деген мақаласы жарыққа шығып, жерлесіміздің күрескерлігі мен қайраткерлігін бүкіл Қазақстанға көрсетті. Жанболат Әлиханұлы ақын Арман Қанидың есімін ұлықтау жұмыстарын көшеге есімін беруден бастау керек деген пікір білдірді.

– Арман Қани — жас кезінде көп қиындық көрген ақын. Оның ұлтқа, әдебиетке сіңірген еңбегі көпке дейін еленбей жүрді. Мен Арман Бақтанұлы туралы 2002 жылдары естіп-білдім де, бірден Павлодарға жол тарттым.
«Қазкрайда» бір жатаған үйде тұрады екен, төрт сағат отырып әңгімелестік. Содан көп кешікпей «Егемен Қазақстанға» «SOS» белгісі» деген мақалам шықты. Осы мақала оның өміріне бірталай өзгеріс енгізді. Мемлекет тарапынан үй берілді, кітаптары шықты. Жалпы, Арман ақынның араласпаған ісі жоқ деуге болады. Кезінде «Жас Ұлан» ұйымын құрып, отаршылдық езгіге қарсы күрескені — бір бөлек әңгіме. Кейін «Семей-Невада» қозғалысына да орасан зор еңбек сіңірді. Естуімше, сол кезде қыстың қытымыр аязында аяғына пимасын, үстіне тонын киіп алып, Павлодардың ортасындағы орталық әмбебап дүкенінің алдында тапжылмай 15 күн тұрып, қол жинаған дейді. Міне, ел басына үлкен қасірет төнген тұста дәл осындай ерлікке екінің бірі бара бермейді. Сондықтан Арман Қаниға алдымен Павлодардың ортасынан бір көше берілуі керек. Одан кейін де Ертіс-Баян өңірінде ақынның әдеби мұрасын дәріптеуге бағытталған игі іс өз жалғасын табады деп ойлаймын, — дейді Жанболат Әлиханұлы.

Ақын есімін ұлықтау көшемен шектелмейтіні де түсінікті. Одан бөлек, ақын атымен түрлі мәдени-ағарту нысандарын атау, кабинеттер ашу, кітапханалар мен мәдениет үйлерінде шығармашылық кештер, әдеби оқулар, ғылыми-танымдық конференциялар өткізу – оның рухани мұрасын кейінгі буынға жеткізудің бір жолы. Кезінде өзі білім алған №3 мектеп-интернаты дегеніміз — қазіргі Ы.Алтынсарин атындағы облыстық гимназия-интернаты. ҚР Құрметті журналисі, Арман Қанидың замандасы Социал Әйтенов өз сөзінде ақын тұрған үйге естелік тақтасын орнату керек деген ұсынысын білдірді.

– Сонымен қатар, өзі білім алған мектепте арнайы кабинет немесе бұрыш ашып, барлық шығармашылық еңбегін бір жерге топтас-тыру керек. Себебі, Арманның өмірі мен шығармашылығы – кейінгі ұрпақ үшін үлкен тәрбие құралы. Міне, осыны балалардың отаншылдық, патриоттық намысын ояту, нығайту жолында пайдалануымыз керек, — деді Социал аға.

Бұл бағыттағы жұмыстарды ширату – бір адамның ғана шығармашылығын дәріптеу емес. Бұл – аймақ әдебиетін көпке насихаттаудың бір пұшпағы. Яғни, Ертіс-Баян өңірінің таланттарын бағалау, ұлттық әдебиетке қызмет еткен азаматтардың еңбегін кейінгі ұрпаққа жеткізу деп білеміз.

Тілеуберді САХАБА.