«Есімдері жүрсін деп ел есінде»

Мам 7, 2026

Көзіқарақты оқырман қауым тағы бір құнды кітаппен қауышты. Олелімізге белгілі қаламгер, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, «Ақбеттау» журналының бас редакторы Сайлау Байбосынның «Есімдері жүрсін деп ел есінде» кітабы. Жаңа туындының тұсаукесер рәсімі С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада өтті.

Шараға өңірдің зиялы қауым өкілдері және жастар қатысты. Жиында сөз алған ғалымдар мен әдебиеттанушылар жазушының өлкетану бағытындағы ауқымды еңбегін жоғары бағалады. Себебі, бұл кітап арқылы бұрын зерттелмеген, жазылмаған, бірақ қазақ тарихында маңызды рөл атқарған танымал тұлғалардың есімдері жарыққа шықты. Бір сөзбен айтқанда, есімдері ел жадынан өшіп кеткен ұлы адамдар жайлы деректер топтастырылған.

– «Есімдері жүрсін деп ел есінде» кітабында есімдері ұмытыла бастаған  Ерейментау, Ертіс-Баян, Екібастұз, Ақкөл өңірінен шыққан тарихи тұлғаларға, би, шешендер мен көсемдерге, әулиелер мен Алаш арыстарына қатысты тың деректер қамтылған. Кеңес заманында бұл тұлғалардың көбінің есімін атауға, қайта жаңғыртуға тыйым салынды. Бұл еңбек осы олқылықтың орнын толтырды деуге толық негіз бар, —
деді Сайлау Байбосын.

Нақты тақырыптарға тоқталар болсақ, кітапта «Бұқар жырау мен башқұрттық Байық шешеннің айтысы», «Етегіне ел сыйған Едіге би», «Торайғыр би қайда жерленген?», «Көтеш ақынның тегін дұрыс жазайық!», «Жанақ әулие Жаңабатырұлы», «Күленовтер әулетін білсін халық», «Мағжан мен Мандельштам» сынды тарихи-танымдық мақалаларды оқи аласыздар.

Тілеуберді САХАБА.