«Менің үш әкем бар»

Қаз 15, 2026

Павлодарға көрнекті жазушы, алаштанушы, I дәрежелі «Барыс» орденінің иегері Тұрсын Жұртбай келді. Қаламгерді Сұлтанмахмұт Торайғыров атындағы университет қарсы алып, студенттермен тағылымды кездесу ұйымдастырды.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсын Жұртбаймен өткен «Бесігіңді аяла» атты кездесу кешін Қазақстан Жазушылар одағының Павлодар облыстық филиалының төрағасы, ақын Серік Елікбай жүргізді. Алдымен қаламгердің қазақ әдебиеті мен тарихына сіңірген өлшеусіз еңбегін, ұлт руханияты жолындағы қайраткерлік тұлғасын баяндай отырып, жазушының өмірі мен шығармашылығына арналған бейнефильм көрсетілді. Ал облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Медет Тауасқан облыс әкімі Асайын Байхановтың құттықтау хатын оқып берді.

Тұрсын Жұртбай ағамыз өз сөзінде Алаш тақырыбына алғаш қалай келгенін айтып, өзінің шығармашылық жолы туралы баяндама жасады.

— Бүгін Ертіс-Баян өңірінің дәмі тартып, өздеріңіздей асыл жандармен кездесіп отырғаныма қуаныштымын. Менің осы жолғы сапарым Семейден басталып, Павлодар өңірінде жалғасып жатыр. Осы кездесуімде менің балалық, жастық шағымның бір дәуірі еске түсіп отыр. Менің Алаш тақырыбына келуіме себеп болған, сол жолдағы талабымды бекітіп, осы тақырыпты зерттеуге дайындағандардың бірі — Қайыржан Бекхожин еді. Екіншісі — сексенінші жылдардан бастап ақылын айтып, бауырына басқан Әлкей Марғұлан. Менің әкем маған: «Сен Ахаңның, Ахмет Байтұрсынұлының баласысың» дейтін. Сондықтан менің үш әкем бар деп айтып жүремін. Біріншісі —
Ахаң, екіншісі — өз жүрегіммен іздеп тапқан Абай, үшіншісі — өз әкем Құдакелді. Міне, осы үш кісінің аманатынан басқа аманат жоқ, — деді Тұрсын Жұртбай.

Кездесу барысында филология ғылымдарының докторы, профессор Айтмұхамет Тұрышев, «Үш тұғырлы тіл» кафедрасының меңгерушісі, профессор Айман Зейнулина сынды ғалымдар да сөз сөйлеп, Тұрсын Жұртбайдың Алаштану ғылымы арқылы қазақ руханиятына сіңірген еңбегі туралы сөз қозғады.

— Біз Тұрсын ағамыздың шығар-машылығымен мектепте оқып жүрген кезімізде таныс болдық. Ал тікелей кездесіп танысуымыз 1993-1998 жылдары болды. Яғни, Алматыдағы әдебиет және өнер институтында аспирантурада оқып жүрген кезімде бірге қызметтес болдық. Ағамыз содан бері әлі ұмытпаған екен, бірден танып жатыр. Сол кезде бізге көп жол көрсетіп, бағыт-бағдар берді. Төрт жыл бойы жанынан қалмай жүріп, ақыл-кеңес алдық. Сол кезде бұл кісілердің қолында өте үлкен қазына бар еді. Яғни, ұлттық қауіпсіздік комитетінің мұрағатына бірінші болып кіріп, Алаш қайраткерлерінің алғашқы құжатының бетін ашып еді. Ал маған Жүсіпбек Аймауытовты зерттеуге берілген болатын, — деді Айман Зейнулина.

Т.МАРХАБА.