Сағынышқа толы жырлар

Мам 21, 2026

Жетісулық ақын Санжар Сұлтанғазының “Апа, сен болмасаң” атты көңілге жылы, лирикалық өлеңдер жинағы жарық көрді. Сөз иесінің сағыныш атты сезімнің иірімдерін қабылдауы да, оқырманға ұсынуы да бір бөлек екен. “Апа” ұғымы қазақ халқы үшін асқақ, тіліміз шұбарланып, ұлттық таным-ойымыз өзгеріп кеткен тұста “Апа” деп қайырылып аталған кітаптың атауынан да бір жылылық еседі.
Жинақтағы өлеңдерді оқыған адам оған бірден көз жеткізіп, иірімдерге көңілімен құлайтыны анық. Автордың бір өлеңін өздеріңізге ұсынуды жөн көрдік.

Апа, сен болмасаң:

Бар уайымды басқа салар едім ғой,
Маңдайымды тасқа соғар едім ғой.

Ажарым да сартап болар еді ғой,
Базарым да тарқап қалар еді ғой.

Жолдарым да бірге болмас еді ғой,
Қорғаным да мүлде қалмас еді ғой.

Сұлулықты көрмей кетер едім ғой,
Жылулықты бермей кетер едің ғой.

Айбыным да шөгіп құлар еді ғой,
Қайғы-мұң да төніп тұрар еді ғой.

Күлемін бе? Күлу болмас еді ғой,
Жүрегімде жылу қалмас еді ғой.

Болашағым бөлектейтін еді ғой.
Бала-шағым ол өтпейтін еді ғой…

Жетімдердің күйін кешер едім ғой,
Жетімдердің үйінде өсер едім ғой…