Әбен Дүйсенбек қолында қажетті материалы болса, қамшы өруге кірісуге әзір отырады. Бала кезінде нағашысы Жұмақыннан үйреніп, жиырма жылдан астам уақыт атакәсіпті табыс көзіне айналдырмаса да, ұлттық өнер ретінде жанына жақын еткен.

 

Жиырма жылдық тәжірибесі бар шебер қамшы жасауда сабына тобылғы ағашын қолданады. Кейде еліктің сирағын да, жез де қолданған екен. Тобылғы ағашын табу қиын көрінеді. Ал қамшының өріміне жылқының иі қанған былғарысын пішіндеп кесіп, пайдаланады.

— Көбінде 6, 8,12 таспалы қамшылар өремін. Өру соншалықты көп уақыт алмайды. Бірақ, өрімін қамшының сабына орналастыру, бүлдіргесін, яғни, қамшының қолға орап алуға ыңғайлы тұйық бауын ілу жұмыстары біраз бөгейді. Бала кезден қолым әбден жаттықтан. Сондықтан, бір қамшыны жасауға шамамен үш сағаттай уақыт жұмсаймын, — дейді Әмен Дүйсенбек.

Шебер 2017 жылы Қытайдан Май ауданының Көктөбе ауылына қоныс аударған. Жаңа қоныста қамшы өріп, жасауға материалдар тапшылығын сезінген. Сондықтан, тапсырыс берушілер өздері қажетті материалдарын әкеліп, жасатып алуға қолқа салса, бетін қайтармайтынын айтады. Өйткені, біздің кейіпкеріміз қамшы жасаудан рахаттанып, бір демалып қалатын көрінеді.

Әмен аға қамшының түр-түрін үйренген. Жасалған материалына, ерекшелігіне, безендірілуіне қарай тобылғы қамшы, шашақты қамшы, сарыала қамшы сияқты түрлерін жақсы біледі. Бұрын қамшыға қажетті теріні өзі де илеген екен. Өз қолынан шыққан қайысы терге төтеп баратын, қайыс суға төзімді, оңайлықпен үзілмейтін болып шығатынын айтады.

— Жазда Қытай еліне бір барып келу ойымда бар. Өзім білетін, көп қолданған материалдарды әкелуді жоспарлап жүрмін. Тіпті, қамшы жасауды кәсіпке айналдыру да — алдағы мақсатым, — деп көктөбелік шебер жоспарларымен бөлісті.

Қазақ танымында қамшы қасиетті дүниелер қатарына жатқызылған. Қашанда аталы сөзге тоқтаған қазақ үшін қамшының қолданылу аясы да кең болған. Кезінде қолында қамшысы бар адам айбарлы көрінген. Аттылы адам қамшысын үйіргенде одан сескенбейтін жан қалмаған. Міне, осындай ата кәсіпті дәріптеп, жоғалтпай, ұрпақтан ұрпаққа жеткі-зуге үлес қосып жүрген жандар-
дың еңбегі елеулі екені сөзсіз.

Әбен Дүйсенбек қамшы өрумен қатар, ат әбзелдерін жасаудың да шебері. Ол ертоқым, жүген, ноқта, құйысқан жасайды. Қазіргі таңда қорадағы малын жайлап, қолы босаған кезде тапсырыс түссе, сол бұйымды жасап тастауға асығады.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ