Бүгінгі таңда құмар ойындарға тәуелділік – ең кең таралған әлеуметтік мәселелердің біріне айналды. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, Қазақстанда 10 ерлі-зайыптының 7-еуі осы себептермен ажырасып жатады. Сонымен қатар, ойыншылардың қылмыс жасауы немесе өз-өзіне қол жұмсауы жиілеп барады.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиыны барысында Павлодар облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысы орынбасарының міндетін атқарушы Жоламан Қиналбеков Павлодарлық тәртіп сақшыларының арқасында жыл басынан бері 100-ден астам ойын сайты бұғатталғанын айтты.

– Қазақстанда құмар ойындарға тәуелділер саны жыл санап артып келеді. Казинолардың, букмекерлік кеңселердің және басқа да «дилерлердің» қызметтері көбейді. Экономикалық тергеулер департаменті интернет-кеңістікте онлайн казинолардың бар-жоғын бақылауды жалғастыруда. Адамның ойынға тәуелділігін анықтау өте қиын. Құмар ойынға тәуелді адамды анықтаудың ең оңай жолы – отбасында. Бұл жағдайда отбасы мен достары адамға қолдау көрсетіп, ауруды жеңуге көмектесуі керек. Алдын алу шараларымен қатар, қаржылық сауаттылыққа оқыту және жасөспірімдер мен жастар арасында құмар ойындарға тәуелділіктің алдын алу – маңызды. Сондықтан Экономикалық тергеу департаменті онлайн казинолармен күрес шараларын күшейтуде. Өткен жылы департамент мамандары 600-ге жуық ойын алаңын бұғаттаса, 2024 жылдың басынан бері 100-ден астам ойын сайттары бұғатталды, – деді ол.

Қаржы мониторингі агенттігі лудоманиямен күрес шараларын күшейтіп, «afm_insider_bot» Telegram ботын іске қосты. Аталған интернет каналға казинолар немесе ойын клубтары туралы құпия түрде хабарлауға болады. Сондай-ақ, бөлімшеге 8 (7182) 66-33-05 телефоны арқылы хабарласуға болады.

 

А.МҰҚЫШЕВ.