Есірткіге елітуден сақ бол!

Қаз 1, 2026

Павлодарлық полиция қызметкерлері жасөспірімдердің есірткіге елітуінің алдын алуға бағытталған жұмыстармен үздіксіз айналысуда. Сондай-ақ, құқық қорғау органдарының өкілдері ата-аналарды мұқият болуға шақырып, балалардың күнделікті мінез-құлықтарын үнемі назарда ұстау керектігін ескертуде.

Облыстық полиция департаментінің есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының ақпара-тына сүйенсек, ағымдағы жыл басынан бері аймағымызда есірткінің заңсыз айналымына байланысты 176 құқық бұзушылық тіркелген. Соның ішінде есірткі өнімдерін өткізуге қатысты 80 факт анықталып, 70 адам ұсталған. Өкінішке қарай, олардың қатарында кәмелет жасына толмаған үш баланың бар екені белгілі болды.

– Осы жылдың алғашқы тоғыз айында есірткі өнімдерінің заңсыз айналымына ықпал ететін 1830 интернет-материал бұғаттауға жолданды. Сонымен қатар, заңсыз айналымға түскен 400 келіден астам есірткі заты тәркіленді. Мұндай әрекеттерге жасөспірімдердің де араласуы алаңдатып отыр. Әлі күнге дейін полиция назарына ілікпей жүрген балалардың да бар болуы ықтимал. Сондықтан ата-аналар үйіндегі ұл-қызының мінез-құлқындағы өзгерістерді үнемі бақылап отыруы қажет. Мәселен, жасөспірім бұрынғыдан гөрі тұйықталып, өзі ғана жалғыз қалғысы келсе, отбасы мүшелерімен араласудан қашқақтаса және жанында жүрген достарының қатары өзгерсе, бірден бақылауды күшейткен жөн. Мұндай жағдайды елемей қоюдың салдарынан баланың болашағына үлкен қауіп төнуі ықтимал, – деді облыстық полиция департаментінің есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Ирина Темірғалиева. Сондай-ақ, ол балалардың жеке заттарын да қадағалап, олардың арасында бұрын болмаған бөтен дүниелердің бар-жоғын тексеріп отырған жөн екенін мәлім етті.

– Алайда мұндай өзгерістердің болуы жасөспірімнің есірткі қолда-натынын немесе тарататынын білдірмейді. Сол үшін үлкендер жағы бірден балаларды орынсыз айыптап немесе жазалауға асықпауы қажет. Ең алдымен олардың мінез-құлқындағы өзгерістердің себеп-салдарын анықтап, түсінуге тырысу керек. Әрине, сол үшін ата-аналарға балаларымен жақсы әрі сенімді қарым-қатынас орнатуға кеңес беремін. Жасөспірімдер қандай жағдайға тап болса да, алдымен ата-анасына қорықпай айтып, көмек сұрай білуі маңызды, –
деп атап өтті полиция өкілі. Сонымен қатар, ол егер ата-аналар баласына қатысты қандай да бір күдігі болса, уақыт өткізбей тиісті мамандардың көмегіне жүгіну керектігін алға тартты. Бұл ретте, өңірімізде психологиялық және консультациялық көмек көрсететін сенім қызметтері жұмыс істейтінін айта кеткен жөн.

Н.ШОДЫР.