Ұрлықтың алдын алу мақсатында Павлодар қаласы полиция басқармасының қызметкерлері профилактикалық рейд жүргізді. Учаскелік полиция инспекторлары криминалдық полиция қызметкерлерімен бірлесіп, қара және түсті металдарды қабылдау пункттерін тексерді.

– Бұл рейдтер азаматтардың мүліктік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, сондай-ақ, ұрланған мүлікті сатып алудың алдын алуға бағытталған. Көп жағдайда металдарды қабылдау пункттеріне тапсыру арқылы пайда табу үшін металл ұрлайды. Барлығы 31 металл қабылдау пункті тексерілді, оның ішінде 15 пунктте бейнебақылау камералары жоқ. Бұл бұзушылықтарды иелеріне көрсетілген мерзімде жою қажет, – деді Павлодар қаласының полиция басқармасы жергілікті полиция қызметі бөлімінің бастығы Қанат Дүйсекенов.

Профилактикалық іс-шара барысында полиция қызметкерлері қара және түсті металдарды қабылдау пункттерінің лицензияларын тексерді. Бұдан басқа, ұрлық жасауға жол бермеу, азаматтардың құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимылы және ұрланған мүлікті сату фактілеріне уақтылы ден қою бойынша профилактикалық әңгімелер жүргізілді.

 А.МҰҚЫШЕВ.