Қоғам тыныштығы мен қала көшелеріндегі тәртіпті қамтамасыз етуде Ұлттық ұлан жауынгерлерінің атқаратын міндеті ерекше. Темірдей тәртіпке бағынған сарбаздар күндізтүні кірпік қақпай, жауынгерлік қызметте жүреді. Әр сарбазға артылар жауапкершілік бір, олбейбіт күндегі елдің амандығын сақтау және қорғау. Бүгінгі таңда осы маңызды міндетті қыран тектес ұландықтар абыроймен атқарып жүр. Сөзіміз дәлелді болуы үшін әңгімемізді Ұлттық ұлан 5512 әскери бөлімі жауынгерлерінің қоғамдық тыныштықты сақтау, яғни патрульдіпосттық қызметіне арнамақпыз.

Облыс орталығындағы қоғамдық орындар мен көшелердегі қылмыстың алдын алу үшін облыстық полиция департаментінің қызметкерлерімен қатар, күн сайын қаладағы тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында Ұлттық ұлан 5512 әскери бөлімінен 265 сарбаз кезекшілікке шығады. Жас сарбаздар қоғамдық орындар мен көшедегі құқық бұзушылықтарды барынша тежеу үшін сәрсенбі, бейсенбі, жұма, сенбі және мейрам күндері қызмет етеді, қала мен елді мекендердегі қоғамдық қауіпсіздікті күзетеді. Облыс орталығында өткізілетін футбол және орталық жағалаудағы түрлі үлкен көлемдегі  мерекелік іс-шараларда тыныштықты сақтау – ішкі істер органдарының қызметкерлерімен бірге осы батальон сарбаздарына жүктелген міндет. Күн-түн демей көшедегі бұзақылар мен қылмыскерлерді ұстауға атсалысады. Елімізге сырттан қауіп төнсе немесе табиғи апаттар бола қалса алғаш болып жедел мақсаттағы батальон сарбаздары жұмылдырылады.

Ұлттық ұлан 5512 әскери бөлімінің қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету штабы бастығының аға көмекшісі, капитан Руслан Демеуов сарбаздардың күнделікті қызметі туралы айтып берді. Оның сөзінше, патрульдеу бағытындағы жасақ үш-төрт сарбаздан тұрады және оның біреуі жасақ бастығы болып тағайындалады, қалғандары оған бағынулары тиіс. Ал осы жасақ өз кезегінде аудан бойынша әскери жасақтар кезекшісіне қарайды. Олар бір-бірімен радиостанция құралы арқылы байланысқа шығып тұруы қажет. Жаяу жасақ кезекшілік кезінде патрульдік топ бастығына баянат жасап отырады.

– Біздің әскери бөлімнен қоғамдық тәртіпті күзетуге 265 сарбаз қызметке бөлінеді. Олар қаламыздың қоғамдық орындарындағы тыныштығын сақтап, тәртіпті күзетеді. Жауынгерлерге қойылар басты талап – қырағылық, өздеріне бекітіліп берілген аумақтарда құқық бұзушылық орын алмауын қамтамасыз ету. Себебі, тұрғындардың қауіпсіздігі әрқашан маңызды. Жалпы, 5512 әскери бөлімінің жауынгерлері жыл басынан бері 925 әкімшілік-құқық бұзушылық, 47 қылмыстық фактіні анықтады. Ұлттық ұлан сарбаздарының көмегімен қала тыныштығы қамтамасыз етіледі, – деді ол.

Жауынгерлер патрульге шыққанға дейін әскери бөлімнің саптық алаңында тексерістен өтіп, өздеріне тиесілі тапсырманы алады және атқаратын міндеттері айтылып өтеді. Әскери бөлім командирінің пәрменімен сарбаздардың қызметтік құжаттары мен денсаулықтары да тексеріледі. Қызмет кезінде өздерімен бірге алып шығуға тиісті жарық шамдары, байланысқа шығуға арналған құрылғыларының жарамды-жарамсыз екендіктері, ысқырғыштарының болуы сияқты қажетті заттары қадағаланады. Сонымен қатар, жаяу жасақ құрамындағы сарбаздардың жауынгерлік ұрыс тәсілдерін жетік меңгеру деңгейлерін де тексереді. Себебі, қызмет кезінде тәртіп бұзушы қарсылық білдірген жағдайда немесе қол көтеріп тойтарыс көрсететін болса, қарап қалмаулары қажет. Сондықтан мерзімді әскери қызметшілердің жауынгерлік дайындықтарына да баса көңіл бөлінеді. Олар өз қызметтерін атқару барысында арнайы құралды пайдалануға немесе күш көрсетуге тура келетін жағдайларға тап болатын сәттер де болады. Жауынгерлерге қысқаша түсініктер беріліп, нұсқаулықтар жасалады. Одан соң әскери бөлім командирі орынбасарының рұқсатымен жауынгерлер қалаға апаратын көлікке саптық жүріспен аттанады. Автобустарға қатардағы жауынгерлер, арнайы көліктерге әскери жасақ кезекшілері отырады. Осылайша, патрульдеу қызметі басталады. Қатардағы жауынгерлерден құралған әскери жасақ Павлодар қаласы бойынша 2 ауданға бөлінеді. Олар Солтүстік және Оңтүстік аудандары бойынша тіршілік саябырсығанға дейін тыныштықты қадағалап, құқық бұзушылықтың алдын алады.

– Біз Ішкі істер органдарымен бірлесе отырып, қала көшелеріндегі тыныштықты сақтауға өз үлесімізді қосамыз. Ұлттық ұлан сарбаздары күн-түн демей, ыстық пен суықты да талғамай, мереке мен демалысқа қарамастан, қала тұрғындарының қауіпсіздігін күзетеді. Бұл – аса жауапты міндет. Ал мейрам мен демалыс күндері абыройлы қызмет екі есеге арта түседі. Мереке күндері қала қонақтары мен тұрғындардың демалысты жайлы өткізуіне жағдай жасауға тырысамыз, – деді капитан Р.Демеуов.

Тәуелсіздік жарияланған сәтте-ақ біздің еліміз де өзге жұрт секілді алдымен қоғам мен мемлекеттің қауіпсіздігіне көңіл бөлді.  Өйткені еліміздің сыртқы, ішкі тыныштығын қадағалау – кезек күттірмейтін  мәселе. «Жау жоқ деме, жар астында» демекші, қай кезде де іштен іріткі салушылардың табылатыны анық. Сондықтан қоғамдық қауіпсіздікті қадағалайтын алдымен ішкі әскердің жұмысына ерекше назар аударылуы тиіс.

Алтынбек ЕЛЕМЕСҰЛЫ.

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.