Полиция қызметкерлерінің басым міндеттерінің бірі пәтер ұрлығының алдын алу. Ағымдағы жылдың басынан бері облыста 613 ұрлық тіркелді. Оның ішінде 51-і пәтер ұрлығы. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 17 пайызға төмен.
Павлодар облысы полиция департаментінің бастығы Василий Склярдің айтуынша, жазғы уақытта пәтер ұрлығы көбінесе демалыс күндері тіркеледі. Себебі көптеген азамат демалысқа шығып, үйлерінде болмайды. Бұл ретте, есік құлыптау құрылғыларының сапасыздығы, азаматтардың өз мүлкінің сақталуына немқұрайлы қарауы ұрлық жасауға қолайлы жағдай туғызуы мүмкін. Зергерлік бұйымдардан бастап, техника мен тамақ өнімдері де қылмыстық қол сұғушылықтың нысанасы болады. Көбінесе ақша, алтын бұйымдар, тон, тұрмыстық техника ұрланады.
— Тәжірибе көрсеткендей, ұрланған заттарды қылмыскерлер көбінесе базарларға келушілерге сатады, ломбардтар мен дүкендерге тапсырады. Мысалы, жедел-іздестіру іс-шаралары барысында облыс орталығындағы Набережная көшесінде ұрлық жасады деген күдікпен 20-24 жастағы үш павлодарлық азамат ұсталды. Жастар пәтер иесінің демалысқа кеткенін біліп, үйдің төбесінен 9-қабатқа арқан арқылы түсіп, терезені сындырып, мүлікті ұрлады. Олардың олжасы ақша мен алтын сағаттар болды. Жалпы шығын 800 мың теңгені құрады, — деді департамент басшысы.
Бұдан бөлек, мамыр айының соңында ұрлық жасады деген күдікпен Екібастұз қаласының 42 жастағы тұрғыны ұсталды. Ол бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған күні құны 200 мың теңге болатын ноутбук ұрлаған. Ер адам Минин көшесіндегі жеке үйге пластикалық терезені шешу арқылы кірген. Күдікті адамдарға қатысты ұрлық фактілері бойынша ҚР Қылмыстық кодекстің 188-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Қазір полиция ұсталған азаматтардың бірқатар ұқсас қылмыстар жасауға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.