Тәуелсіз мемлекетіміз күн санап көркейіп келе жатқанымен ел ішінде көптен бері қорда-ланып қалған мәселелер әлі де жоқ емес. Соларды биік мінберлерде көтеріп, билікпен бірлесе шешу, халықтың мұң-мұқтажын тыңдау – ет жүрегі «елім» деп соққан ерлердің ісі болуы тиіс. Осындай үдеден шыға білген, ел-жұрты үкілі үміт артқан азаматтардың бірі – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «АМАNАТ» партиясы фракциясының мүшесі Нұржан Кемерұлы Әшімбетов. Таяуда ол аймағымызға арнайы келіп, алыс-жақындағы ағайынның ахуалын көзімен көріп, толғандырған мәселесіне құлақ түрген еді. Біз де сол сәтті тиімді пайдаланып, халық қалаулысымен тілдескенді жөн көрдік.

 

– Нұржан Кемерұлы, туған өлкеңіздің бірқатар ауыл-аймағын аралап, халықпен кездестіңіз. Сапарыңыз қалай болды, не тындырдыңыз?

– Мәжіліс депутаттары жұмыс жоспарына сәйкес жыл басында өңірлерге барып, ел-жұртпен кездесулер өткізуде. Мен де Павлодар облысында он шақты күн болып, осындағы жұмыс сапарымды сәтті аяқтадым.

Жалпы, мұнда келудегі басты мақсат – аймақта қандай іс атқарылғанын, қабылданған заңдардың қаншалықты жүзеге асып жатқанын көріп-біліп, қалың бұқараны толғандырған мәселелердің мән-жайына қанық болу еді. Осыған орай біраз елді мекенге барып, ондағы тұрғындардың тыныс-тіршілігімен таныстым. Сонымен қатар, түрлі мекемелерге бас сұғып, еңбек ұжымдарымен кездестім. Шаруа қожалықтарының да жағдайына назар аудардым. Сапар барысында көпшілік тарапынан көтерілген мәселелерді қағаз бетіне түсіріп алдым. Ендігі кезекте оның барлығын өз бақылауыма алып, жоғары жақта қарайтын боламыз. Әрине, ел арасында әлі күнге дейін шешімін таппаған мәселелер бар екенін байқадым. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласындағы жағдай күрделі. Бұл ретте, мен Мәжілісте аграрлық мәселелер жөніндегі комитеттің мүшесі және «AMANAT» партиясында аграрлық кеңестің басшысы болғандықтан осы бағыттағы мәселелерге көбірек көңіл бөлдім. Айталық, былтыр шөп шығымы нашар болып, мал шаруашылығымен айналысқан ағайын қиналып қалды. Егістікті кәсіп еткен шаруашылықтар да зардап шекті. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін көп жұмыс қолға алынуы тиіс екенін түсіндім. Осы мақсатта биыл қаңтардың 29-ы күні республикалық деңгейде кеңес өткіземін деп жоспарлап отырмын. Онда орталық мемлекеттік органдар, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, қаржы беретін ұйымдар, басқа да жауапты сала мамандарының қатысуымен аталған мәселені жан-жақты талқылап, ақылдасып, бірлесіп шешеміз деген ой бар.

– Өңірдегі өткір әрі өзекті деген мәселелерге тоқтала кетсеңіз… 

– Өкінішке қарай, өңірде шешілуі тиіс мәселелер баршылық. Соның бірі – тұқым тапшылығы. Павлодарлық фермерлер тұқым жеткіліксіз екенін алға тартып отыр. Осы жағдайды реттеуге қатысты өз ұсыныстарын айтып, қолдау күтуде. Олардың сөзіне қарағанда, тұқымды Ресейден алуға болады екен. Бірақ оған бірқатар шектеу бар. Нақтырақ айтқанда, талап бойынша біздің шаруашылықтарға тұқымды Ресейдегі арнайы тұқым өсірумен айналысатын компаниялардан ғана алуға рұқсат етілген. Алайда қазіргі күні олардың өзінде тұқым жетіспей жатқан жайы бар. Ал ондағы басқа шаруашылық-тардан елімізге автокөлікпен тұқым алып кіргізуге мүлдем мүмкіндік жоқ. Себебі, бұған шекарада шектеу қойылған. Сол себепті біздің фермерлер шекараны ашып, кедергілерді шешіп беруімізді сұрап отыр. Бұл мәселені талқылап, қолдан келгенше көмек көрсету жағын қарастырамыз.

Түсінікті болу үшін айта кетсем, кезінде елімізге шет мемлекеттерден бидай көп келгендіктен, жергілікті фермерлер өз өнімдерін өткізе алмай әуре-сарсаңға түскен болатын. Сол кезде осы жағдайдың алдын алу үшін шекараны жабуға тура келген еді. Енді соның салдарынан шеттен тұқым жеткізу қиынға соғуда.

Атап өтерлігі, бүгінде Павлодар облысы күнбағыс және қарақұмық егу көлемі бойынша республикада үшінші орында тұр. Осы межеден түспей, жұмыстарды жоспардағыдай жалғастыра беру үшін облыстық бюджет есебінен елдегі шаруаларға субсидия ретінде қолдау көрсетуге мүмкіндік беріледі. Бұл бағытқа, яғни осы екі өндірістік салаға көмектесу үшін шамамен 1 млрд 200 млн теңге көлемінде қаражат қажет екен. Аталған мәселені оңынан шешу үшін облыс әкімшілігімен, мәслихат депутаттарымен ақылдасып, бюджетті анықтап, шаруаларға барынша қол ұшын береміз деген ойдамыз.

Тағы бір мәселе – Павлодар және басқа да қалаларда электр желілерінің ескіруі. Салдарынан электр қуатын уақытында бермеу, ауа райы желді күндері жарықтың өшіп қалуы сынды жағдайларға жиі тап болатынын айтқан тұрғындар өз өкпе-реніштерін білдіруде. Осыған жауапты мекемелердің материалдық жағдайы нашар көрінеді. Қаражат көзі де аз бөлінеді екен. Бұл – күрделі мәселе.

Ал алыстағы кейбір ауылдар әлі де ауызсудан тапшылық көруде. Осы бағытта елімізде жүзеге асып жатқан тұрғындарды таза ауызсумен қамтуға арналған бағдарламаның аяқталуына екі жыл ғана уақыт қалғанын ескерсек, ертерек қамдану қажет. Жауаптылар бұған дейін барлық елді мекенді толық ауызсумен қамтып бітіреміз дегенімен, кемшіліктер де кездесуде. Мәселен, бүгінде Баянауыл ауданында бірнеше су құбырының жұмыс істемей тұрғанын көрдік. Нақты мысал келтірер болсам, былтыр ғана Шонай деген шағын ауылға су құбырын тартып, тазартқыш қойған екен. Бірақ су дұрыс келмегендіктен тұрғындар ауыл шетіндегі ескі құдыққа барып, сонымен күнін көріп отыр. Жаңадан тартылған су құбырлары талапқа сай жұмыс істемесе, халыққа қандай пайдасы бар? Өкінішке қарай, елді мекендерде осындай мәселелер туындауда.

– Ауылдағы малы бар ағайынды толғандырған мәселенің бірі – жайылым жерлердің тапшылығы.
Осыған орай, Мәжілісте жаңа заң жобасы әзірленгенін білеміз. Бұл құжат ауылдықтардың үмітін ақтай ала ма?

– Жайылымдар туралы жаңа заң жобасына өзім бір кісідей үлес қостым. Осыған байланысты құрылған арнайы жұмыс тобының жетекшісі болдым. Біз бұл топқа жан-жақтан білімді, тәжірибелі азаматтарды тарттық. Оның ішінде ғалымдар, қоғам белсенділері, фермерлер, депутаттар, басқа да осы саланың кәсіби мамандары болды. Олармен бірлесіп, бір жылға жуық жұмыс істедік. Заң жобасы Мәжілісте екінші оқылымда қабылданып, қазіргі уақытта Сенаттың қарауына ұсынылды. Бұл заң бойынша жайылымдарға қатысты ауылдықтарды алаңдатқан біраз мәселе шешіледі деген сенімдеміз. Онда 72 анықтама жасадық, жаңадан түзетулер енгіздік. Осы жаңа құжатты Сенат мақұлдап, Президент Жарлығымен бекітілсе,  биыл 1 наурыздан бастап күшіне енеді деп жоспарлануда.

– Елді мекендердегі ел-жұртты елеңдетіп отырған осы заң жобасының негізгі басымдықтарын
айта кетсеңіз…

– Жаңа құжатта жайылымдық жерлерге қатысты біраз өзгеріс бар. Соның ішінде жайылымдарды конкурссыз беру нормасы алынып тасталды. Бұрын жергілікті тұрғындарға жайылымды бөліп беру деген болмаған, тек сол жерлерді мемлекеттік органдар үйлестіретін еді. Енді бұл бағыттағы жұмыстарды жергілікті аудан әкімшілігі, мәслихат депутаттары қалай бекітеді, қандай жерлерді конкурсқа беру ұсынылады деген сияқты мәселелердің барлығы жобаға енгізілді. Мысалы, кейбір жерлер тек қана бастаушы бизнеске беріледі. Шалғайда жатқан жайылымдық жерлерді көбінесе ірі бизнес өкілдерінің игілігіне, инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға пайдалану көзделіп отыр. Сонымен қатар, бізде ауылдық жерлердегі тұрғындардың малдарына жайылым жетіспеушілігі мәселесі де өте өткір тұр. Оны шешу үшін жерді ауылдық округ мұқтаждығы үшін резервке қою ісі қолға алынатын болады. Яғни, бұл не десеңіз, маңайдағы әрбір босаған жер резервке қойылып, ауыл әкімінің құзырына беріледі. Ауыл малын сол жерде бағуға болады. Бұдан бөлек, тағы бір үлкен мәселені қарастырдық. Қазіргі таңда елімізде көп жер телімдерінің иелері бар болғанымен, олар мақсатты түрде пайдаланылмай келеді. Осыған байланысты нормаларды да өзгерттік. Енді жаңа заң жобасы бойынша бос жатқан 20 млн гектар жерді мемлекет меншігіне қайтаруға мүмкіндік бар. Сондай-ақ, елді мекендердің айналасындағы ауыл тұрғындарының малын жаюға арналған жерлердің мәртебесін күшейту үшін көпшілік пайдаланатын жайылымдар деген жеке ұғым енгізілді. Бұрын мұны ауылдың маңайындағы жерлер деп атайтынбыз. Ол түсініксіздеу болды. Бұдан былай, осынау көпшілікке арналған жерлердің мәселесін шешу үшін де заңға бірқатар өзгеріс енді.

Жалпы, алдағы уақытта күшіне енетін жаңа заң тұрғындардың қажеттілігіне қарай жайылымдардың жетіспеушілігін шешуге, игерілмей жатқан жер телімдерін мемлекетке қайтару жұмыстарын күшейтуге үлкен ықпалын тигізбек.

Тағы бір атап өтерлігі, аталмыш заңда жерлерді құнарландыру мәселесі де назарға алынды. Соңғы жылдары еліміздегі жайылым жерлердің деградациялық тозу тенденциясы байқалады. Заңда осы жағдайды жақсартуға бағытталған нормалар бар. Айталық, ауыл әкімдіктеріне қарасты жерлерге көпжылдық шөптерді егу үшін бюджеттен қаржы бөлу, ал фермерлер өз учаскелеріндегі жайылымдық жерлерді суландырып, құнарландыратын болса, оларға субсидия беріп, қолдау көрсету мәселесі де қарастырылды. Негізі, жалпыға ортақ жерлерді жақсарту үшін жергілікті бюджеттен қаражат қарастырылуы қажет. Бірақ бүгінгі күні бізде мұндай бюджеттік бағдарлама жоқ. Сондықтан ауыл, аудан әкімдіктері 10-20 гектардан болса да көпжылдық шөптерді салып, оны күтіп, жақсы нәтижелерге қол жеткізуге болады. Республикада осындай пилоттық жобалар бар. Соны тиімді қолдануымыз қажет. Біз бұл талаптардың іске асуын қатаң бақылауға алатын боламыз.

– Қазіргі таңда ауылдардың жағдайын көтеру үшін үлкен жобалар жүзеге асып, мән беріліп жатқанымен, әлі де өркениет көшінен қалып қойған елді мекендер аз емес. Олардың мәселесі оң шешімін табуы үшін не істеу керек деп ойлайсыз?

– Иә, бүгінгі күні елімізде ауылдарды көркейтуге арналған «Ауыл – ел бесігі» деген ауқымды жоба жүзеге асуда. Сол бойынша қыруар қаражат бөлініп, көптеген елді мекенде жаңа спорт кешендері, мектептер, мәдениет үйлері, емдеу мекемелері салынып, жолдарды жөндеу, жарықтандыру жұмыстары сәтті қолға алынып жатқанын естіп-көріп отырмыз. Осы мақсатқа тек Павлодар облысына биыл республикалық бюджеттен 8 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді. Мұндай қомақты қаржының берілуіне біз де қолдан келгенше атсалыстық. Өз басым өңірдегі біраз ауылда болдым, халық ризашылығын білдіруде.

Өкініштісі, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасына облысқа қарасты барлық елді мекеннің 60 пайызы ғана кірген, ал қалған 40 пайызы енбей қалған екен. Осынау тізімге ілікпеген ауылдарда әлі де түйіні шешілмеген мәселелер баршылық. Мұны сонда тұратын тұрғындар да айтып, бізге де көңіл бөлінсе екен деген тілектерін жеткізді. Оны шешу үшін жергілікті бюджет есебінен қолдау көрсетілуі тиіс деп ойлаймын. Қазіргі уақытта облыстың да, аудандардың да бюджет қаржысы көбеюде. Яғни, республикалық бағдарламадан шет қалған ауылдарды көтеруге облыс- тан, ауданнан дұрыс көңіл бөлінуі керек. Әрине, бірден барлық елді мекенді көркейту мүмкін емес. Десе де, әр өңір алдымен өзіне тиесілі өткір мәселесі бар елді мекендерге жағдай жасауы қажет.

– Өткен жазда өңірімізге келген сапарыңызда облыс орталығындағы көшелер мен аула-алаңдарды аралап көріп, қаланың сәулеттік келбетіне көңіліңіз толмағанын айтқан едіңіз. Содан бері осыған жауапты мекемелер тарапынан қандайда бір әрекет жасалды ма?

– Осы жолғы сапарымда «AMANAT» партиясының Павлодар қалалық филиалында қала әкімшілігі және мәслихат депутаттарымен бірге кездесу өткіздім. Сол жиында шаһарды көркейту жұмыстары сөз болды. Мұнда қала тұрғындары көтерген үш мәселе қаралды. Атап айтар болсам, қалалықтар облыс орталығындағы «Затон» шағын ауданында орналасқан ескі үйлерді ысырып, орнына жаңа үйлер салу, бүлдіршіндерге арналған гимнастика орталығын ашу және қаланың сәулеті мен келбетін ретке келтіру керектігін сұраған еді. Бұған қоса, Президенттің де әр қаланың сәулет жағдайларын дамыту туралы арнайы тапсырмасы бар. Сол себепті біз шаһардың келбеті келісті болуы үшін көп жұмыс атқаруымыз керек. Өкінішке қарай, қаланың сәулеттік жағдайы жақсартуды қажет етеді. Осы кем-кетіктің орнын толтыру мәселесін талқыладық. Сонымен, әуелі әуежай жақтан қалаға кіре берісте орын тепкен, яғни сырттан келушілердің көзіне бірден түсетін жаңа «Достық» шағын ауданын жайнатуға күш салынбақ еді. Бірақ жоба көп өзгеріске түскен. Өткен жазда осы мәселені көтердім. Сәулетшілер келесі кезекте қабырғасы қаланатын үйлерді жаңа жоба бойынша салатынын айтып, әсем ғимараттардың бой көтеретініне уәде берді. Біз қалалық мәслихат депутаттарына да бұл мәселені бақылауда ұстауын тапсырдық. Бұдан былай осы іске олардың да тікелей жауапты болатынын түсіндірдік. Сондықтан әр эскиз, жобаларды жіті қадағалап, тіпті, жеке меншік құрылыстарға да мемлекеттік органдар рұқсат беретіндіктен оның талапқа сай болуы бақылануы қажет.

– Мәжілістің VІ және VІІІ шақырылымында екі рет депутат болдыңыз. Сол екі ортада елде біраз саяси өзгерістер орын алды. Сіздіңше, бұған дейін және бұдан кейінгі Мәжілісте не өзгерді? Айырмашылық
бар ма?

– Мен VІ шақырылымда бір жарым жыл ғана жұмыс істедім. Бір депутат шыққаннан кейін партиялық тізім бойынша бос орынға бекітілдім. Байқағаным, сол кездегі Мәжіліс пен қазіргі Мәжілістің жұмысын салыстырғанда айырмашылық көп. Бұған дейін де мен депутат болған уақытта бір сауалдар дайындап, күрделі мәселелерді көтергенімде ұсынысымды тоқтатқан жағдайлар болды. Ал осы шақырылымда ешқандай кедергі жоқ, бәріне рұқсат бере береді. Бірақ алдымен «AMANAT» партиясының фракция-сында талқылап, өз арамызда нақтылап аламыз. Бұл ретте, Мемлекет басшысы Мәжілістің ықпалын арттыруға бағытталған бірқатар түбегейлі шара қабылдап, тапсырма бергенін білесіздер. Сол меже орындалды деп ауыз толтырып айтуға болады. Мысалы, бұрын министрлік, орталық органдар мен әкімшіліктер депутаттарға аса назар аударған жоқ. Бүгінгі күні біз министрлікке әр түрлі сауалдар жолдаймыз, өзгерістер енгіземіз, қысқасы, ықпалымыз жоғары деп айта аламыз.

– Депутат ретінде Парламент қабырғасында қандай мәселе көтеріп жүрсіз?

– Әрине, елдің дамуы үшін әр депутат өзінше үлесін қосуда. Мен Павлодар облысына қатысты біраз мәселе көтердім. Айталық, Ертіс өзеніне уақытында су босату бойынша депутаттық сауалдар жолдадым. Жақында ғана тағы бір игі бастаманы қолға алдым. Ол – ауылдық жерлерге жастарды тарту үшін жаңа үйлер салып, оны ипотекаға сатып алатын жас мамандарға 50 пайыз субсидия беру туралы ұсыныс. Яғни, ауылға барған жастардың тезірек жаңа баспаналы болуына жеңілдік жасасақ, олар үшін үлкен көмек болар еді. Олар қай ауылда тұрғысы келеді, оны өздері таңдайды. Осы игі іс арқылы жас отбасылардың елді мекендерде тұрақтап қалуына, ауылдардағы маман тапшылығы мәселесін жоюға мол мүмкіндік бар. Бұл ұсыныс министрлік тарапынан да қолдау тапты.

Жалпы, өзім аграрлық мәсе-лелерге жауапты болғандықтан, аталған саладағы күрделі жағдайларды шешуге бағытталған біраз шаруаға араластым. Сонымен қатар, отандық өндірушілердің тауарларын өткізу, қолдауға бағытталған жоба әзірлеуге кірісудемін. Қазір елімізге Ресей, Өзбекстан, Қытай, басқа да мемлекеттерден көп өнім келіп жатыр. Соның салдарынан біздің тауар өндірушілеріміз өз өнімдерін сата алмай, өткізе алмай қиналып отырған жайы бар. Тіпті, фермерлердің сөзіне қарағанда, Павлодар облысындағы зауыттар, басқасын былай қойғанда, сүттің өзін Ресейден алып отыр екен. Сондықтан бұл бағыттағы тетік-терді әбден саралап, келешекте заңға енгізу жоспарда бар.

Алдағы уақытта жұмысымды ары қарай жалғастырып, елдік мәселелерді шешу жолында еңбек ете беремін деген ойдамын.

– Дәл қазір Мәжілісте қандай заң жобалары қаралып жатыр?

– Бүгінгі күні бірнеше үлкен заңдар талқылануда. Соның ішіндегі ең өзектісі – мемлекеттік сатып алу туралы заңға өзгерістер енгізудеміз. Себебі, көптеген компаниялар тендер ұтып алады да, жүктелген міндеттерін ойдағыдай орындамай жатады. Кейбіреуі төмен баға ұсынады да, сосын жұмыс істегісі келмей, жол ортада қалдырады. Енді бір құрылыс компаниялары көп нысан алып, кейін оны салуға күштері жетпей қиналып қалады. Осы сияқты түрлі оқиғалар ел дамуына кедергі келтіруде. Болашақта мұндай жағдайлардың алдын алу үшін қолданыстағы заңға өзгеріс енгізілуі тиіс. Бұл құжатты жарты жылдың ішінде қарастырып, екінші жарты жылдықта бекіттіру жоспарда бар.

– Соңғы уақытта көпшілік арасында мемлекет қаржысының мақсатты игерілмегені, тіпті, талан-таражға түскені жайлы сын-пікірлер жиі айтылуда. Бұған не дейсіз?

– Негізі, бюджеттің төрт деңгейі бар. Олар – республикалық, облыстық, қалалық-аудандық және ауылдық округтік. Әр бюджетке жауапты органдар бар. Республикалық қазынадан қаражат бөлініп, облыстарға жіберіледі. Аймақтар өздері конкурс өткізіп, аталған қаржыны мемлекеттік бағдарламалар арқылы түрлі жобаларды жүзеге асыруға жұмсайды. Ал облыстық деңгейдегі бюджетті республика да, депутаттар мен министрліктер де бақыламайды. Аудан бюджеті де солай. Өкінішке қарай, осы арада бір кемшілік бар екені рас. Мысалы, біз, Мәжіліс депутаттары, республика-дағы бюджеттің игерілуін қатты қадағалап қараймыз. Облыс, қалалық мәслихат депутаттарының бұл жағынан деңгейі төмендеу. Олар бұрынғыдай әкім, әкімшілік қалай шешті, соған көніп жүре беретін көрінеді. Аудандарда да тура осы жағдай орын алуда. Мәселен, бүгінде облыс бюджеті – 400 млрд теңге, қала бюджеті 200 млрд теңгені құрайды. Бұл –
қомақты қаражат. Депутаттар халық атынан сөз сөйлеп, оның мақсатты игерілуін қатаң бақылауы қажет.

– Сіздіңше, «Жаңа Қазақ-станның» жаңа сайланған депутаттары қандай болуы тиіс? Әріптестеріңіз жайлы не айтасыз?

– Бүгінгі күні Парламентте 6 партия бар. Олардың арасында өзара бәсекелестік те жоқ емес. Қай партия өзекті мәселе көтереді, халық та соны қолдап-қолпаштайды. Бұл қай-қайсымыз үшін де үлкен маңызға ие. Қуантарлығы, депутаттардың арасында әр түрлі салада істеген адамдар бар және солай болуы керек. Мысалы, мен мемлекеттік қызметте көп жыл жұмыс істедім. Кейбіреулер кәсіпкерлікпен айналысса, енді бірі журналистика саласында еңбек еткен азамат-
тар. Қысқасы, кәсіби Парламент деген – осы! Оның құрамында түрлі салада жұмыс істеген, өз ісін жақсы білетін, өз пікірін бүкпесіз ашық айта алатын адамдар болуы қажет. Қазіргі құрам дәл сондай.

Міне, Жаңа Қазақстанның депутаты да осындай жан-жақты болуы тиіс.

– Әңгімеңізге рақмет! Еңбегіңіз жемісті, елге бере-ріңіз көп болсын!

 

Cұхбаттасқан –

Нұржайна ШОДЫР.

Суретті түсірген –
Есенжол Исабек.