Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Сырым Шәріпханов Павлодар облысына жұмыс сапарымен келді. Тұтастай алғанда, өңірімізде төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған жұмыстар нәтижелі болғанымен, түйткілдер де бар. Айталық, аймақта өрт сөндіру бекеті аздық етеді.

Сабақ болған төтенше жағдай

Министрліктің құрылымдық бөлім-шелері авариялық-құтқару және шұғыл жұмыстарды жүргізуге шығып, қиын жағдайға тап болған азаматтарды құтқарады. Бес айдың ішінде «112» шұғыл қызмет телефонына азаматтардан 2,7 миллионнан астам қоңырау, «101» пультіне төтенше жағдайлар туралы 500 мыңнан астам хабарлама түскен. Есепті кезеңде 5 мыңнан астам төтенше жағдай мен оқиға тіркелген. Министрдің айтуынша, өңірдегі жағдай тұрақты. Павлодар облысында төтенше жағдайлар саны 6 пайызға, зардап шеккендер 34,4 пайызға азайған.

Бұл ретте «Екібастұз-жылуэнерго» ЖЭО апатына байланысты 300-ден астам тұрғын үй немесе 44 мыңнан астам адам, сондай-ақ денсаулық сақтау және білім беру нысандары жылусыз қалғаны белгілі. Осы орайда министр еріктілер ұйымдары мен еліміздің қарапайым азаматтарына жергілікті жұртқа көмек көрсет-кендері үшін алғыс айтты.

– Қазіргі уақытта Екібастұз ЖЭО-да 5 су жылыту қазандығын жөндеу және бөлшектеу жұмыстары жүргізілуде. Энергетикалық қазандықтарда қазандық тазалау және дайындық жұмыстары атқарылып жатыр. Газ және түтін құбырларын жөндеу жұмыстары қолға алынды, – деді министр. Осыған орай жергілікті атқарушы органдарға жылумен жабдықтау нысандарының жылыту кезеңіне дайындық жұмыстары кестеге сай жүргізуін қамтамасыз ету қажеттігі ескертілді.

Тасқынның алдын алу тиімді

Ведомство басшысының айтуынша, өңірде 43 учаскеде су басу қаупі бар. Оның басым көпшілігінде су басу қаупі азайып, үшеуі су басу қаупі бар аймақта қалып отыр. Жыл сайын тұрғындарды көктемгі су тасқынынан қорғау үшін қорғаныс бөгеттері мен гидроқұрылыстар нығайтылып, су өткізу жүйелері тазартылады. Сілеті және Шолақсор өзендерінде мұзды қопсыту жұмыстары жүргізілген. Ертіс және Белая өзендерінің жекелеген учаскелерінде жағалау нығайтылды.

Өрт – өзекті мәселе

Өрт қауіпті кезеңде жағдайды ерекше бақылауға алған министрліктің күштері мен құралдары, оның ішінде «Қазавиақұтқару» тікұшақтары жоғары дайындық режимінде.

– Табиғи өрттер көбінесе адам факторына байланысты. Негізі, азаматтар табиғат аясында демалғанда сақтық шараларын сақтауды естен шығарып алады, жабдықталмаған жерлерде от жағады, қоқыстар қалдырады. Сондай-ақ, шөп шабу немесе егін жинау кезінде шаруалар агротехниканы ұшқын сөндіргіштерсіз пайдаланады. Сондықтан табиғи өрттердің алдын алу үшін өрт қауіпсіздігі ережелерін сақтау қажет, – деді министр.

Жалпы, өңір бойынша халықты төтенше жағдайлардан қорғауды заманауи техникамен және жабдықтармен жарақтандырылған 21 бөлімше қамтамасыз етеді. Бұл облысқа аздық етеді. Сондықтан жыл соңына дейін Ольгино (Успен ауданы) және Сосновка (Шарбақты ауданы) ауылдарында 2 өрт сөндіру бекетін ашу жоспарлануда.

Қазір облыс бойынша өрт сөндіру техникасымен және жабдықтармен жарақталған 50-ден астам бекет және 200-ге жуық құрылым жұмыс істейді. Жалпы, олар 260-қа жуық елді мекен немесе 100 мыңнан астам адамды өрттен қорғауды қамтамасыз етеді.

Су да – тілсіз жау

Ірі су айдындарында да халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды. Облыс бойынша өзендердің қауіпті учас-келерінде тәулік бойы кезекшілік пен патруль-деуді жүзеге асыратын 37 құтқару және 4 мобильді бекет бар. Соңғысы, шомылуға тыйым салатын белгілерді орнату қажет. Сондай-ақ, рейдтер өткізу және судағы қауіпсіздікті насихаттау да тиімді.

Министрдің айтуынша, статис-тикалық деректер көңіл көншітпейді. Шомылу кезеңі басталғаннан бері облыстың су айдындарының қауіпті учаскелерінде Екібастұз және Павлодар қалаларында 2 адам суға батып кетті. Өткен жылы 8 адам, оның ішінде 1 бала қайтыс болды. Мұндай қай-ғылы жағдайлардың алды алу үшін жергілікті тұрғындар су айдындарында қауіпсіздік ережелерін сақтау қажет. Демалушылар рұқсат етілген жерлерде ғана шомылып, балаларды қараусыз қалдырмау керек. Сондай-ақ, тыйым салынған жерлерде және мас күйінде шомылғаны үшін айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Атап айтқанда, су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін бұзғаны үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 412-бабына сәйкес 7 АЕК мөлшерінде, жағажайда алкогольдік ішімдіктер ішкені үшін кодекстің 440-бабына сәйкес 5 АЕК айыппұл салынады.

Қауіпсіздік – қаперде

Өңірде «Богатырь Көмір», «Ақсу ферроқорытпа зауыты», «Қазақстан алюминийі», Павлодар мұнай-химия зауыты сияқты ірі өнеркәсіп орындары жұмыс істейтіндіктен, техногендік апат туындау қаупі басым.

Министрлік облыстың 178 кәсіп-орнында өнеркәсіптік қауіпсіздік бойынша мемлекеттік қадағалау мен бақылауды жүзеге асырады. Барлығы 12 мыңнан астам қауіпті техникалық құрылғы бақылауда. Биыл бес айда 209 нысан зерттеліп, 157 бұзушылық анықталды. Өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын сақтамау, тозған жабдықты пайдалану, оларды уақытылы жаңартпау, сондай-ақ жұмыскерлер дайындығының төмендігі қайғылы жағдай-ларға әкеп соғуы да ықтимал.

Жыл басынан бері облыстың қауіпті өндірістік объектілерінде 2 апат және 9 оқиға тіркелді. Бірінші апат Bluеstar-PV қазандығындағы газ-ауа қоспасының жарылуынан бір қызметкер жарақат алса, екінші жағдайда Павлодар қаласында тұрғын үйдің құрылыс нысанында мұнара кранының жебесі құлаған. Абырой болғанда, зардап шеккендер жоқ.

Материалдық база нығаяды

Мемлекет басшысы мен Үкімет қолдауының арқасында азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің жалақысы көтерілді. Бірінші кезекте қатардағы өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың жалақысы 70 пайызға дейін өсті, қазір қарапайым жауынгердің орташа жалақысы қызметтің бірінші жылында 120 мың теңгеден 200 мың теңгеге дейін өсті.

– Министрлік 2027 жылға дейінгі кешенді жоспарды бекітті. Негізгі шаралардың бірі – қызметкерлеріміздің әлеуметтік пакетін жақсарту. Тұрғын үй, жеңілдік және көтерме төлемдер, үстеме-ақылар мен қосымша төлемдер, сондай-ақ кезекшілікті жүзеге асыру кезіндегі тәуліктік рациондар пысықталады. 2025 жылға дейін Павлодар қаласына және Солнечный кентінде 2 өрт сөндіру депосын салу жоспарлануда, – деді төтенше жағдайлар министрі.

Есептік кездесу барысында Төтенше жағдайлар министрі Сырым Шәріпханов тұрғындар тарапынан қойылған өндірістегі қауіпсіздік, шомылуға арналған орындар санын көбейту, қоқыс полигондарындағы өрт қауіпсіздігі, төтенше жағдайлар қызметкерлерін әлеуметтік қорғау мәселелеріне қатысты сұрақтарға жауап берді. Сонымен қатар, министрлік пен «Ертіс Медиа» ЖШС өзара әріптестік туралы меморандум жасады. Кейін азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, толғандырған сұрақтарына жауап берді.

Торғын ОРАЗАЛЫ.