31 наурыз күні еліміз бойынша түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауы өтеді. Нақтысы, шығып кеткен депутаттардың орнына сайланады. Облысымызда түрлі деңгейдегі мәслихаттарда 11 бос орын бар.

 

Облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Гүлнар Аманжолованың мәлімдеуінше, 11 бос орынның екеуі Павлодар облыстық мәслихатында. Тағы екі орын Павлодар қалалық мәслихатында бос тұр. Сонымен қатар, Екібастұз қалалық, Баянауыл, Железин, Ертіс, Павлодар, Успен, Шарбақты аудандық мәслихаттарынан бір депутаттан шығып қалған.

— Алдағы сайлау науқанына аймағымызда 120 сайлау комиссиясы, оның ішінде 9 аумақтық сайлау комиссиясы, 11 округтік, 100 учаскелік сайлау комиссиясы жұмылдырылмақ. Сайлау 80 елді мекенді қамтиды. 10 наурыздан бастап сайлау комиссиялары жұмысқа кіріскен. Қазіргі дауыс берушілердің тізімін нақтылау жұмыстары жүргізілуде. Сайлау учаскелерін дайындау, сайлау күні, уақыты мен өтетін орын туралы хабардар ету жұмыстары қолға алынған, — дейді Гүлнар Қабиденқызы.

Бос орындардың қалыптасу себептеріне келетін болсақ, ҚР «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы заңның» 20-бабының 3-тармағына сәйкес депутаттар өкілеттіктерін тапсырған. Яғни, 7 депутат өзге аумаққа қоныс аударуына байланысты орнын босатса, 1 депутат жаңа лауазымға тағайындалуына байланысты өкілеттігін тапсырған. Өйткені, еліміздің заңнамасына сәйкес бұл лауазымды депутаттық міндетпен қатар алып жүруге рұқсат етілмейді. Бір депутат өзі сайланған саяси партияның құрамынан шығуына байланысты, тағы бір депутат өз өтінішімен отставкаға кеткен. Бір депутат өмірден озды.

Шығып кеткен мәслихат депутаттарының орнына сайлау аймағымызда 11 сайлау округінде өтеді. Мәселен, облыстық мәслихатқа депутаттар Екібастұздағы №8 сайлау округінен, Успен, Павлодар аудандарының №14 округінен сайланбақ. Қалалық мәслихаттарға үш округтен, нақтысы, Павлодар қаласындағы №2 және №22, ал Екібастұз қаласында №1 округтен сайланады. Баянауыл ауданында №10, Железинде №10, Ертісте №2, Павлодар ауданынан №3, Успенде №4 және Шарбақтыда №1 сайлау округтерінде аудандық мәслихатқа депутаттар таңдалады.

5 наурыз күні үміткерлерді тіркеу аяқталды. Облысымыз бойынша округтік сайлау комиссияларында шығып кеткен депутаттардың орнына 37 кандидат тіркелген. Осылайша, бір депутаттық мандаттың бос орнына 3-тен астам кандидаттан келіп тұр. Тіркелген кандимдаттардың 14-ін саяси партиялар («AMANAT», «Ақ жол» ҚДП, «Қазақстан халық партиясы») ұсынса, 23 үміткер — өзін-өзі ұсынғандар.

11 округ бойынша сайлаушылар тізіміне 92 579 адам енген. Үміткерлер 30 наурыз түнгі 00.00 сағатқа дейін үгіт-насихат жұмыстарын жүргізеді.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.