Кеше ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектенов облысымызға жұмыс сапарымен келді. Үкімет басшысы еліміздің индустриялық орталығына баланатын өндірістік өңірдегі кәсіпорындардың тыныс-тіршілігімен танысты. Сонымен қатар, әлеуметтік нысандарға барып, жаңа құрылыс алаңында болып қайтты. Осы орайда Президент тапсырмасы бойынша атқарылып жатқан ауқымды істердің сапалы әрі уақытылы жүзеге асуы қажет екенін баса атап өтті.

 

Бар игілік – балаларға

Үкімет басшысының сапары кеншілер шаһарынан басталды. Былтыр ел Президентінің тапсырмасымен Екібастұзда салына бастаған Балалар шығармашылығы орталығының құрылыс алаңына барып, жұмыс барысымен танысты.

Үкіметтің баспасөз қызметінің мәліметінше, аталмыш нысан Екібастұзда балаларды сапалы қосымша біліммен қамтуды кеңейту мақсатында салынуда. Балалар орталығы ең жоғары технологиялық құралдармен жабдықталмақ. Мұнда ғарыштық радиобайланыс клубы, робототехника студиясы, өнеркәсіптік сәулет және дизайн студиясы, ғылыми-биологиялық зертхана, коворкинг-аймақ, дыбыс жазу студиясы, фотография академиясы, көркем-эстетикалық шеберхана, спортзал және тағы басқа үйірмелер ашылады. Орталық күзде пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Премьер-Министр әкімдікке нысанның уақытылы қолданысқа берілуін қамтамасыз етуді тапсырды.

– Бұл – Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы бойынша салынып жатқан объект. Сондықтан сапасы да өте жоғары деңгейде болуы керек. Мұндай орталықтар балалардың бос уақытын қамтып, олардың шығармашылық қабілет-терін дамытуға, қосымша білім алуына мүмкіндік береді. Орталық іске қосылғаннан кейін қалада қосымша біліммен қамту деңгейі 70 пайызды құрамақ. Жоба менің жеке бақылауымда болады, – деді Олжас Бектенов.

Нысанның құрылысын жүргізіп жатқан мердігер – «Qazaqstroy» ЖШС-нің директоры Дәулет Төлеген орталықтың құрылысы өткен жылдың қазан айында басталғанын атап өтті. Әлеуметтік нысанға 5,8 млрд теңге бөлінген. Екібастұз қласының әкімі Аян Бейсекиннің айтуынша, бүгінгі таңда қалада 3 ұйым қосымша білім берумен айналысады. Қамту көрсеткіші шамамен 7 мың баланы немесе 31 пайызды құрайды. Сондай-ақ, жаңа орталық ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға бейімделмек.

Жаңғырту жалғасады

Үкімет басшысы Екібастұзда коммуналдық-энергетикалық секторды жаңғырту жұмыстарының барысымен және тұрғындарды жылумен үздіксіз қамтамасыз ету шараларымен танысты. Яғни, Президенттің Екібастұз ЖЭО-сын жаңғырту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысын тексерді.

Облыс әкімі Асайын Байханов Үкімет басшысына жылумен қамту жүйесін қалпына келтіру аясында барлық 10 қазандыққа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, 4 жылу магистралі мен орамішілік желілер күрделі жөндеуден өтті. Қазіргі таңда Екібастұздың жылумен жабдықтау жүйесіне техникалық аудит жүргізілуде. 4 кезеңнің 3 кезеңі аяқталды, жыл соңына дейін барлық магистральді желі-лерді цифрландыру аяқталмақ.

«Павлодарэнерго» АҚ бас директоры Олег Щемель станцияның жабдықтарымен қатар ғимарат та, оның төбесі де жөнделген. Осы және өзге де шаралар жабдықтардың тозу көрсеткішін 5,4 пайызға азайтуға мүмкіндік берді. Осылайша, тозу көрсеткіші 38,4 пайызды құрап отыр.

Премьер-Министр кеншілер қаласының жылумен жабдықтау жүйесін қалпына келтіру процесін жалғастыру қажет екенін атап өтті.

– Біз Екібастұздың 2022 жылдың қысында қандай қиыншылықты бастан өткергенін білеміз. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет резервінен жылумен жабдықтау желілерін жөндеуге және жылу-электр орталығын жаңғыртуға 16,4 млрд теңге бөлінді. Меншік иелерімен бірлесіп, жылу орталығының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданды. Барлық қазандықтар жөндеуден өтті. Қаланың жылу желілерін жаңғырту бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілді. Жұмыс қарқынын арттырып, жылу желілері мен жылу көздері жабдықтарының тозуын азайту қажет, – деді Олжас Бектенов.

Сондай-ақ, аймақ басшысы Асайын Байханов облыстың үш қаласында жөндеу науқанының жоспарын ұсынды. Екібастұз қаласы бойынша ТМ-I және ТМ-III жылу магистральдарын күрделі жөндеудің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленді. Бірінші кезекте су жылыту цехын күл шығару жүйесімен қамтамасыз ету үшін тазартылған су құбырын салу қажет. Екібастұздағы кәріз коллекторы мен Майқайың су құбырын күрделі жөндеу жобалары әзірленді. Павлодарда ТМ-13 құрылысы, ал Ақсу қаласында орамішілік жылу желілері күрделі жөндеуді қажет ететінін мәлім етті.

Бұдан соң Премьер-Министр теміржол дөңгелектерін шығаратын «Проммашкомплект» ЖШС кәсіпорнының қызметімен танысты. 2012 жылы іске қосылған зауыт – Қазақстанда осындай өнім шығаратын жалғыз кәсіпорын. Мұнда халықаралық стандарттарға сәйкес келетін локомотивтерге, жүк және жолаушылар вагондарына арналған теміржол дөңгелектерінің 400-ден астам түрі өндіріледі. Зауыт респуб-ликаның ҚТЖ және өнеркәсіптік кәсіпорындарының қажеттіліктерін ішінара өтеп, өнімді Әзербайжан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстанға жеткізеді. Алдағы уақытта еуропалық нарыққа арналған дөңгелектер өндірісін меңгеру жоспарлануда.

Олжас Бектенов мемлекет теміржол саласын дамытуға ерекше көңіл бөліп отырғанын атап өтті. Өйткені барлық жүк айналымының шамамен 70 пайызы және жолаушылар тасымалының 60 пайызға жуығы темір жолдардың үлесіне тиесілі.

– Бұл – Орталық Азияда баламасы жоқ бірегей кәсіпорын. Сіздерде тұрақты тапсырыстар бар. Өндіріс қуатын арттыру үшін мүмкіндіктер жеткілікті. Аталған зауыттың толық жүктелуін қамтамасыз ету маңызды, – деді Премьер-Министр.

Өндірістік әлеует зор

Одан соң Үкімет басшысының сапары облыс орталығында жалғасты. Олжас Абайұлы Павлодар облысында мұнай өңдеуді ұлғайту және мұнай-химия секторы кәсіпорындарын толық қуатына шығару жөніндегі шаралармен танысты. Басым жобалардың бірі – технологиялық қондырғылар жұмысының тоқтаусыз жөндеуаралық кезеңіне көшу.

Бүгінгі таңда ПМХЗ жылына шамамен 6 млн тонна мұнай өңдейді. Шығарылатын өнімдердің ішінде автомобиль бензинінің әртүрлі маркалары, дизель отыны, мазут, битум, коммуналдық-тұрмыстық газдар және т.б. бар.

Бұл ретте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ішкі нарықты отынмен қамтамасыз ету бойынша Үкімет алдына нақты міндеттер қойды. Осыған байланысты мұнай өңдеу зауыттары мұнай өнімдерінің бүкіл желісі бойынша өндіріс көлемін ұлғайту үшін барлық шаралар кешенін іске асыруы қажет. Отандық экономиканы дамыту үшін жол құрылысының маңызын ескере отырып, ПМХЗ-да битум өндіретін пештің құрылысы аяқталды. Бұл оның өндірісін 15 пайызға арттыруға мүмкіндік берді.

Премьер-Министр зауыт басшылығына жұмыс қарқынын арттыру қажет екенін, бұл ретте мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетінін атап өтті.

Сонымен қатар, Үкімет басшысы ұсақталған полипропилен және басқа да полимер бұйымдарын шығаратын «Нефтехим LTD» кәсіпорнының жұмысымен танысты. Мұнда ПМХЗ-дан жеткізілетін сұйытылған мұнай газын өңдеуден бастап дайын өнімге дейін өндірістің толық циклі жүзеге асырылды. Өз кезегінде ол ішкі нарықта, сондай-ақ Қырғызстанда, Ресейде, Тәжікстанда және Өзбекстанда жоғары сұранысқа ие.

Олжас Бектенов Павлодар облысында мұнай-химия кластерін дамыту үшін барлық жағдай жасалғанын атап өтті. Атап айтқанда, «Нефтехим LTD» зауыты полипропилен өнімдерін импорттау мәселесін шешіп қана қоймай, сондай-ақ отынға қоспа түрінде экспортталатын жаңа бағытты игерді. Үкімет басшысы Энергетика министрлігіне әрі қарай өндірісті ұлғайту үшін кәсіпорынды шикізатпен қамтамасыз ету мәселесін мұқият пысықтауды тапсырды.

Сонымен қатар, Премьер-Министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының экспортқа бағдарланған өнеркәсіпті дамыту және Павлодар облысының кәсіпорындарын технологиялық жаңғырту жөніндегі тапсырмаларының орындалу барысымен танысты. Үкімет басшысы KSP Steel, «Қазақстан алюминийі», «Қазақстан электролиз зауыты», Ақсу ферроқорытпа зауыты және Ақсу электр станциясында болды. Әр кәсіпорынның жұмысымен жіті танысқан Үкімет басшысы ел билігі отандық өндірушілерді қолдауға күш салып жатқанын атап өтті. Сапар соңында шикізатты одан әрі өңдеу бойынша жұмысты күшейтудің маңызды екенін айтты. Сондай-ақ,экономиканы индустрияландыру қарқынын қамтамасыз ету үшін отандық кәсіпорындарға жан-жақты қолдау көрсетуді жүктеді.

primeminister.kz.