Бюджеттің қаржысы туралы әңгімеге кез келген тұрғын елең ете қалатыны рас. Облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында былтыр қаражаттың қай салаға жұмсалғаны айтылды. Сонымен, бюджет қаржысының «қызығын» кімдер көрді екен?

Депутаттардың алдында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Серік Батырғожинов облыс бюджетіндегі әр тиынның қай бағытқа бөлінгенін есептеп берді.

– 2021 жылмен салыстырғанда 2022 жылы бюджет көлемі 2,4 млрд теңгеге артты. Былтыр 440,4 млрд теңге қаржы игерілді. Біраз қаражат игерілмегенін де атап өткен жөн. Оның өзіндік себебі бар. Мектептерді күрделі жөндеу бойынша сот процесі жүріп жатыр. Сәйкесінше, атқарылған жұмыс үшін берілетін қаражат бюджеттен бөлінген жоқ. Игерілмеген қаржының басым бөлігі облыстық білім және құрылыс басқармаларына тиесілі, – деді С.Батырғожинов.

Жалпы, былтыр әр салаға әдеттегідей қомақты қаражат бөлінген. Мәселен, ауыл шаруашылығы саласына 37,2 млрд теңге, білім беру саласына 165,3 млрд теңге, денсаулық сақтау саласына 9 млрд теңге, әлеуметтік қорғау шараларына 15,4 млрд теңге, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бағытына 24,5 млрд теңге, мәдениет, спорт, туризм, ақпарат саласына 13,9 млрд теңге қаражат бюджеттен берілген. Өзге де салалар құр алақан қалған жоқ.

Облыста 9 ұлттық жоба жүзеге асып жатқанын атап өткен жөн. Бұл мақсатқа 111,6 млрд теңге қаражат қарастырылды. Қаржының басым бөлігі, яғни 55 пайызы «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» жобасына бағытталған. Жобаға сәйкес, сумен қамтудың 9 нысаны, 5 кәріз жүйесі салынған. Ал «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде 10 мектеп, 11 мәдениет үйі, 1 дәрігерлік амбулатория, 2 фельдшерлік-акушерлік пункт жаңартылып, 24 ауылдың ішкі жолдары орташа жөндеуден өткен. «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы бойынша 265 жас маманға баспана алу үшін бюджеттік несие берілген.

Бұдан кейін облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ирина Назарчук 2023-2025 жылдарға арналған облыстық бюджеттегі өзгерістерді тізбеледі.

– Бюджеттің шығыс бөлігінде объективті себептер бойынша оңтайландыру жүргізілді. Қаражат облыстық мәслихат депутатта-рының бастамашыл мәселелерінің шеңберінде түрлі салаға бағытталды. Атап айтсақ, 1,1 млрд теңге Екібастұз қаласын алдағы жылыту маусымына дайындау мақсатында «Екібастұз жылуэнерго» ЖШС-дегі 5 қазандық агрегатты жөндеуге бөлінді. 342 миллион теңге Ақсу қаласының су құбыры желілерін қайта жаңартуға бағытталды. 252,6 миллион теңге Баянауыл ауданы Торайғыр ауылындағы су құбырын салудың 2 кезеңіне жұмсалады. Тереңкөл ауданы Осьмерыжск ауылындағы су құбыры құрылысын аяқтауға, Павлодар ауданына қарасты 5 ауылға КБМ орнатуға 91,6 миллион теңге қаржы қарастырылды, – деді И.Назарчук.

Бір атап өтерлігі, бюджетті нақтылауда орман шаруашылығы саласына баса мән беріліпті. Атап айтсақ, орман шаруашылықтарын материалдық жабдықтауға 560 миллион теңге қаражат бөлінген. Бұл қаржыға 6 өрт сөндіру көлігі, 10 шағын орман өртін сөндіру кешені, 95 мотоцикл, 204 рация және арнайы киім-кешектер сатып алынбақ.

Сессияда облыстық тексеру комиссиясының төрағасы Сәбит Әубәкіров былтыр атқарылған жұмыстарға тоқталды.

– Жыл сайын бюджетті ағымдағы бағалау, сондай-ақ облыстық бюджеттің атқарылуы туралы есепке қорытынды беру кезінде түсімдерді жеткіліксіз тиімсіз жоспарлау фактісі көрсетіледі. Нәтижесінде бюджеттерді нақтылау кезінде бекітілген көлемдердің болжамдарына өзгерістер енгізіледі. Мәселен, 2022 жылға бекітілген бюджетте салықтық түсімдердің жоспарланған көлемі 2021 жылғы іс жүзіндегі түсімдермен салыстырғанда 11,8 пайызға кем болып, ал бюджетті нақтылау және түзету кезінде бұл көрсеткіш 15,6 пайызға артқанын атап өткен жөн. Бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті органға және облыстың мемлекеттік кірістер департаментіне салықтық, сонымен қатар салықтық емес түсімдерді болжау сапасын арттыруға, уәкілетті органдардың бюджетке түсетін түсімдердің толықтығы мен уақытылығын қамтамасыз ету жөніндегі өз өкілеттерін тиісінше орындамауы жөнінде шаралар қабылдау қажет деп санаймын.

Облыстық бюджетті игерудің жоғары деңгейіне қарамастан, жылдан-жылға бюджет қаражаты субъективті себептер бойынша игерілмейді. Мәселен, 2022 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік органдармен игерілмеген бюджет қаражаты 4,9 млрд теңгені құрады. Оның 96,9 пайызы субъективті себептер бойынша игерілмеді. Бұл – 2021 жылмен салыстырғанда екі есе артық, – деді С.Әубәкіров.

Белгілі болғандай, былтыр аудиторлық іс-шаралардың нәтижесінде 31 696,8 млн теңгеге 273 тұлғаға әкімшілік айыппұл салынған. Қаражат бюджетке толығымен өндіріп алынған.

Оралхан ҚОЖАНОВ

Суреттер газет мұрағатынан алынды.