Жолдар жабылып, көше бойы қазылған көрініске екібастұздықтардың еті үйрене бастады. Бұл алдағы жылыту маусымында үлкен проблемалардың алдын алу мақсатында атқарылып жатқан шаралар екенін тұрғындар жақсы түсінеді. Әр шаруа – билік назарында. Осы ретте, облыс әкімі Асайын Байханов кезекті рет Екібастұз қаласындағы жылу-электр орталығының жөндеу жұмыстарымен танысты.

Бүгінде жөндеу жұмыстары ЖЭО-ның екі қазандық агрегатында аяқталған. №7 қазандық күрделі жөндеуден өтсе, №9 қазандыққа ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ал №11, №14 және №15 қазандықтарының ескі жабдықтарын бөлшектеу толығымен аяқталды. №12 және №13 қазандықтарда бөлшектеу және ақаудың себебін анықтау жұмыстары жалғасуда.

Жабдықтарды жаңартумен қатар станция нысандары да жөнделуде. Екібастұз жылу-электр орталығы бас ғимаратының жылу контурын қалпына келтіру үшін құрылымға техникалық тексеру жүргізілген. Оған сәйкес, жөндеу жұмыстары жүргізілуі тиіс құрылғылардың картасы әзірленген. Тиісті жұмыстарды жаздың соңына дейін аяқтау жоспарлануда.

     

Жылу магистралін қайта құру жұмыстары кестеге сәйкес жалғасып жатқанын атап өткен жөн. Бүгінде мұнда 2400 метрден астам құбыр салынған. Аймақ басшысы Асайын Байханов жүргізіліп жатқан жұмыстардың қарқыны мен сапасын төмендетуге болмайтынын атап өтті. Алдағы жылу беру маусымының сәтті өтуі барлық бағыттағы үйлесімді жұмысқа байланысты екенін айтты.

Бұдан кейін Асайын Байханов ата-аналардың өтініші бойынша ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған №6 мамандандырылған мектепке барды. Мұнда 130-дан астам оқушы білім алады.

– Өкінішке қарай, балалармен кездесе алмадым. Ол уақытта сабақтар аяқталған екен. Бірақ мектеп ұжымымен, оқушылардың жетістіктерімен, ғимараттың жай-күйімен егжей-тегжейлі таныстым. Маған баяндалған ең негізгі мәселе – шатыр. Ағымдағы жөндеу жұмыстары бірнеше рет жүргізілгенмен, төбеден су ағу тоқтамаған. Күрделі жөндеуді қажет етеді. Мен білім басқармасына жобалық-сметалық құжаттаманы дайындауды тапсырдым. Кейін жұмсақ шатырды қатты шатырға ауыстыру үшін қаражат бөлеміз.

Сондай-ақ, мектептің аумағына асфальт төсеу қажет. Біз бұл мәселемен де айналысамыз. Екібастұз қаласының әкімі менің нұсқауым бойынша қаланың балабақшалары мен мектептерінде асфальтты жаңарту қажеттілігін талдап, қарастыратын болады. Содан кейін осы аумақтарды кезең-кезеңімен абаттандыруды бастаймыз. Мәселен, биыл облыс орталығындағы 40-қа жуық балабақшада жаңа асфальт пайда болады, – деді аймақ басшысы.

Өз тілшіміз, Екібастұз қаласы.