Осындай тақырыппен Павлодар қаласында трансшекаралық Ертіс өзенін дамыту мәселелері талқыланған II халықаралық форум өтті. Жиынға Қазақстан мен Ресей елінің делегациялары қатысты. Өңірімізден бөлек, қарт Ертіс ағып жатқан іргелес Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының өкілдері де ортақ мәселеге ой қосты. Форумның пленарлық отырысында Ертіс өзенінде кеме қатынасын дамыту, экологиялық қауіпсіздік, инвестициялық және өңіраралық ынтымақтастық мәселелері сөз болды.
Жүк тасымалын ілгерілету көзделді
Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, форум аясында ұйымдастырылған іс-шараларға 150-ден астам адам, оның ішінде Ресей Федерациясының Омбы және Түмен облыстарынан 65 адам қатысты.
Іскерлік бағдарлама басталар алдында форумға қатысушылар «Денсаулық» саябағындағы көрнекті ғалымдар Шоқан Уәлиханов пен Григорий Потаниннің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Сондай-ақ делегациялар «Павлодар облысы: жетістіктер, мүмкіндіктер, перспективалар» атты көрмені тамашалады. Онда өңірдің 40-тан астам ірі кәсіпорны мен 70 шағын және орта бизнес өкілі өз өнімдері мен жобаларын таныстырды. Көрмеде экономиканың негізгі салалары — энергетика, металлургия, машина жасау және IT, тау-кен өнеркәсібі, сондай-ақ «Павлодар» АЭА кәсіпорындары қамтылды.
Пленарлық отырыста Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов құттықтау сөзінде өңірдің шекара маңы ынтымақтастығындағы ерекше рөліне тоқталды. Павлодар облысының Ресеймен 700 шақырымнан астам ортақ шекарасы бар және Қазақстанды Ресеймен, Қытаймен және Орталық Азия елдерімен байланыстыратын көлік бағыттарының тоғысында орналасқанын атап өтті.
– Бүгінде алдымызда нақты міндет тұр. Бұл – өзен, теміржол, автокөлік және әуе тасымалдарын біріктіретін, Қазақстан мен Ресей арасындағы жүк қозғалысының тиімділігін арттыратын заманауи көлік-логистикалық жүйені қалыптастыру. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Омбыда жуырда өткен өңіраралық ынтымақтастық форумында атап өткендей: «Әлемдегі ең ұзын әрі үздіксіз құрлық шекарасы ортақ Қазақстан мен Ресейдің Еуразия құрлығының көлік-логистикалық архитектурасын дамытуда жетекші рөл атқаруы Жаратқанның жазуымен бұйырған». Бұл Павлодар облысы үшін айрықша өзекті, – деді облыс әкімі.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында Павлодар облысының сыртқы саудадағы негізгі серіктесі Ресеймен сауда-экономикалық ынтымақтастық нығайтылуда. 2025 жылы тауар айналымы 1,6 млрд АҚШ долларын құраса, биылғы алты айда бұл көрсеткіш 720 млн АҚШ долларына жетті.
Тұрақты жүк ағыны көлік инфра-құрылымын одан әрі дамытуды талап етеді. Негізгі бағыттардың қатарында Ертіс өзені арқылы жаңа көпір салу, әуе қатынасын дамыту және өзеннің көлік әлеуетін пайдалану бар.
Форумның маңызды тақырыптарының бірі Ертіске халықаралық көлік артериясы рөлін қайтару болды. Өңірде өзен арнасын тазарту және түбін тереңдету жұмыстары жүргізілуде. Облыс әкімі трансшекаралық учаскеде қажетті тереңдікті қамтамасыз ету үшін бұл жұмыстарды Ресей тарапымен үйлестіруді ұсынды.
– Ертіс өзені арқылы тасымалдау экономикалық тұрғыдан тиімді болатын жүктердің тізбесін бірлесіп айқындап, тұрақты жүк бағыттарын қалыптастыруға көшу қажет, – деді өңір басшысы.
Павлодар өзен порты ірі көлемдегі жүктермен жұмыс істеуге арналған қажетті инфрақұрылымға ие. Бұл мүмкіндіктерді талқылаудан нақты жүк жобаларын іске асыруға көшуге негіз қалыптастырды.
Өңір басшысы жүк тасымалдарын цифрландыруға да ерекше назар аударды. Атап айтқанда, жүктерді қадағалау, электрондық құжат айналымын енгізу, шекара және кеден рәсімдерін үйлестіру мәселелеріне тоқталды.
– Бүгінде бизнес үшін жеткізу жылдамдығы мен болжамдылығы тасымалдау құны сияқты маңызды. Сондықтан инфрақұрылымды дамыту цифрлық интеграциямен және келісілген шешімдермен қатар жүруі тиіс, – деп атап өтті Асайын Байханов.
Экологиясы – ерекше назарда
Тағы бір басым бағыт — Ертістің экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Қатысушылар су ресурстарын сақтау, оларды ұтымды пайдалану және трансшекаралық өзеннің экожүйесін қорғау қажеттігін атап өтті. Омбы облысының губернаторы Виталий Хоценко форумды ұйымдастырғаны үшін Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановқа және өңір әкімдігіне алғыс айтып, қол жеткізілген уағдаластықтардың тәжірибелік маңызын атап өтті.
– Бір жыл бұрын оны тұрақты түрде, Қазақстан мен Ресей өңірлерінде кезекпен өткізуге келіскен едік. Бүгін біз сіздермен бірге Павлодардамыз және бұл біздің сөзіміздің істен алшақ еместігін көрсетеді. Шілде айында Омбыда өткен Ресей мен Қазақстанның өңіраралық ынтымақтастығы форумында өз өңірімізде кедендік инфрақұрылымы бар мультимодальді көлік торабын құру жобасын талқылауды бастадық. Ол Ертіс өзені арқылы өтетін Қытай-
Қазақстан-Ресей көлік дәлізінің бір бөлігіне айналуы тиіс. Бұл жобаның іске асырылуы шекара маңындағы аумақтарымыздың дамуына жаңа серпін беріп, өңірлеріміз арасындағы көлік-логистикалық байланыстарды нығайтатынына сенімдімін, – деді Виталий Хоценко.
Талқылауға Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен Абай облысының әкімі Берік Уәли де қатысты. ШҚО басшысы Ертістің жоғарғы ағысының су ресурстарын қалыптастырудағы маңызын атап, оларды сақтау бағытында бірлескен жұмыстың қажеттігіне тоқталды. Абай облысының әкімі өзеннің экономика, көлік, сауда және туризм салаларындағы маңызын сөз етті.
Форумның маңызды бөлігі экологиялық ағарту жұмыстарына арналды. «Павлодар география үйі» ҚБ директоры Александр Вервекин өңірлердің ғылыми және қоғамдық әлеуетін біріктіруге бағытталған «Фарватер» Ертіс академиясы жобасын таныстырды.
Пленарлық отырысты қорытындылай келе, Асайын Байханов өңірлерді Ертісті экологиялық тұрғыдан орнықты трансшекаралық өзен ретінде бірлесіп сақтауға, оның көлік әлеуетін қалпына келтіруге және тиімді географиялық орналасуын бәсекелестік артықшылыққа айналдыруға шақырды. Пленарлық отырыстың қорытындысы бойынша іскерлік орта өкілдерінің B2B форматындағы кездесулері өтті.
Өзен бойындағы өркениет
Форумның пленарлық отырысынан кейін қатысушылар бағдарламаны өзен экспедициясы форматында жалғастырды. Делегациялар теплоходпен өзен вокзалынан Павлодар өзен портына дейін жүірп өтті. Бағыт бойында оларға орталық жағалау және жаңа көпірдің құрылысы таныстырылды.
Павлодардың орталық жағалауы 6 шақырымнан астам аумаққа созылып жатыр және ол Қазақстандағы ең ұзын әрі абаттандырылған жағалаулардың бірі саналатыны айтылды. Мұнда жағажайлар, айлақтар, бақылау алаңдары, демалыс орындары және балалар бассейні орналасқан.
2026 жылы Ertis Promenade қаланың негізгі концерттік алаңдарының біріне айналды. Жазғы маусымда мұнда 300-ден астам мәдени, музыкалық және ойын-сауық іс-шарасы өтті. Сахнада Қазақстанның және шетелдің танымал өнерпаздары – Роза Рымбаева, Raim, Sadraddin, «Ирина Кайратовна», JaySean, Burito, Fly Project, Светлана Лобода және басқа да өнер иелері өнер көрсетті.
Сондай-ақ форум қатысушыларына Ертіс өзені арқылы өтетін жаңа көпірдің құрылысы таныстырылды. 1962 жылы салынған қолданыстағы автокөлік көпірі «Қызылорда-Павлодар-Успен-РФ шекарасы» республикалық автокөлік жолының бойында орналасқан және жүк көтерімділігі мен өткізу қабілетіне қойылатын талаптарға сәйкес келмейді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасын орындау мақсатында 2024 жылдан бері Ертіс арқылы өтетін жаңа экстрадозды көпірдің құрылысы жүргізілуде. Бұл – Қазақстандағы осындай үлгідегі жалғыз нысан. Жобаның құны 71,4 млрд теңгені құрайды. Көпір төрт жолақты қозғалысқа есептелген. Нысан құрылысы 80 пайызға дайын. Құрылысты 2027 жылы аяқтау жоспарланған.
Форум аясында Ертіс өзенін балықтандыруға бағытталған экологиялық акция ұйымдастырылды. Оған форум делегаттары қатысып, өзенге 1000 бекіре шабағын жіберді. Павлодар облысында өзенге балық жіберу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіледі. 2025 жылы Ертіске 88 мың дана бір жылдық бекіре жіберілсе, 2026 жылы ірілеу салмақтағы тағы
5 мың балық жіберу жоспарланып отыр.
Өзен экспедициясы форумның тәжірибелік жалғасына айналып, Қазақстан мен Ресей өңірлерін байланыстыратын аса маңызды табиғи, көлік және экологиялық артерия ретінде Ертіс өзенінің маңызын көрсетті.
Өз тілшіміз.
Суреттерді түсірген – Валерий Бугаев.
