Closeup of businesswoman hands, working in office room

Ақсу қаласында тұрғындар серуендеп, бос уақытын өткізетін жалғыз саябақ бар. Мәңгілік алау да осында орналасқан. Алайда таяуда жергілікті билік бұл саябақтың бір бөлігін электронды саудаға шығарып, сатпақ болды. Мәселе аймақ басшысы Асайын Байханов пен облыстық мәслихат депутаттары араласқан соң ғана шешімін тапты.

Қалалық саябақтың жекенің қолына өтуі мүмкін екенін алғашқылардың бірі болып «Respublica» партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Маханбет Амангелді байқап, дабыл қақты.

— Жасыл желегі жайқалған, 120 ағаш өсіп тұрған саябақтың бөлігін электронды саудаға шығарған дұрыс емес деп ойлаймыз. Алдымен тұрғындардың пікірі ескеріліп, қоғамдық тыңдау өтуі керек еді. Бұл шаралар атқарылды ма? Осыған қатысты депутаттық сауал жолдап, мәселені назарымызда ұстаймыз, — деді ол.

Аталған жайт әлеуметтік желі қолданушылары арасында да наразылық тудырды. Көпшіліктің көңілін аудартқан жағдайға аймақ басшысы Асайын Байханов та бірден назар бөлді. Сөйтіп, аукционның болмайтынын мәлім-деді.

— Әлеуметтік желілерде Ақсу билігі ойын-сауық аттракциондарын орнату мақсатында қалалық саябаққа тиісті жер учаскесінің бір бөлігін жалға алу құқығын аукционға қойғаны туралы ақпарат наразылық тудырды. Ақсу қаласы тұрғындарының өтініші бойынша мен облыстың жер қатынастары басқармасына осы мәселені зерделеп, қарастыруды тапсырдым. Бүгінгі күні аукционның күшін жою туралы шешім қабылданды, — деп хабарлады аймақ басшысы.

Айта кетейік, осы жылдың көктемінде облыс әкімінің Ақсу қаласына жұмыс сапары барысында қалалық саябақты қайта құру мен абаттандыруға қатысты тапсырма берілген болатын. Бүгінде қалалық әкімдік тиісті жобалық-сметалық құжаттаманы дайындауда. Жобаны келесі жылы жүзеге асыру жоспарланып отыр.

Қ.ТІЛЕКТЕСҚЫЗЫ.