«Байлық пен мансап – қолға ұстаған мұз, ериді де кетеді. Ал елге жасаған қызмет – артта қалған із, ол ұрпақтан ұрпаққа жетеді». Халық даналығын сәл түрлендірген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметшілерді адал жұмыс істеуге шақырған болатын. Халықтың билікке деген сенімі нық болса, дамудың даңғыл жолында кедергілер жолыға қоймайтыны анық. Осы ретте, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментінің басшысы, әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Ержан Қарымсақовпен сұхбаттасып, салаға қатысты сауалдарға жауап алған едік.

– Ержан Нағызханұлы, аймағымызда қанша мемлекеттік қызметші бар? Оның ішінде жастар мен әйелдердің үлесі қандай?

– Облыс аумағында 397 мемлекеттік орган жұмыс істейді. Биыл 1 сәуірге дейінгі мәлімет бойынша, 4205 мемлекеттік қызметші еңбек етіп жүр. Оның ішінде жергілікті атқарушы органдарда 2 652 адам, аумақтық мемлекеттік органдарда 1 553 адам тіркелген. Жастардың үлесі – 33 пайыз. Ал мемлекеттік органдарда 2 675 (68%) әйел жұмыс атқаруда. Оның 529-ы – басшылық лауазымда. Көбіне ауылдық жерде кадр тапшылығы байқалатынын атап өткен жөн.

– Қателеспесек, бұған дейін Павлодар облысында пилоттық жоба ретінде мемлекеттік қызметшілердің жалақысы басқа тәсілмен есептелген болатын. Қазіргі уақытта бұл жаңашылдық жалғасып жатыр ма?

– Иә, бұған дейін мемлекеттік қызметшілердің жалақысы ҚР Үкіметінің 2017 жылғы 29 желтоқсандағы №939 қаулысымен есептеліп келді. Яғни, жалақы орындалатын жұмыстың қиындығы мен лауазымның деңгейіне байланысты шамамен екі есе көбейді. Бұл жаңашылдық кадрлар тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік берді.

Бүгінде мемлекеттік қызметшілердің жалақысы ҚР Үкіметінің 2001 жылғы 29 тамыз №1127 қаулысымен есептеледі. Орталық мемлекеттік органдардың қызметкерлердің жалақысы 2024 жылға дейін жыл сайын 30 пайызға көтерілетінін атап өткен жөн. Былтырғымен салыстырғанда мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге ниеттенген адамдардың қатары артып келеді. Бұл жақсы көрсеткіш деп ойлаймын. Жалақының көтерілгені жақсы, десе де міндетіңді мінсіз орындап, халықтың батасын алғанға не жетсін?!

– Жергілікті мемлекеттік қызметшілердің білімін арттыру мақсатында қандай жұмыстар атқарылуда?

– Мемлекеттік қызметшілерді оқыту және тағылымдамадан өткізу – мемлекеттік қызметшілердің және жалпы мемлекеттік аппараттың кәсіби біліктілігін арттырудың негізгі институттары. Мемлекеттік қызмет туралы Заңға сәйкес, мемлекеттік қызметші кемінде 3 жылда бір рет міндетті түрде оқудан өтуі тиіс. ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Павлодар облысы филиалында мемлекеттік қызметшілер біліктілікті арттыру және және қайта даярлау бойынша кестеге сәйкес оқытылады. Мысалы, 2023 жылғы 1 тоқсанда біліктілікті арттыру бойынша 160 адам және қайта даярлау бойынша 36 адам білімін жетілдірді. Сонымен қатар, біз оқытудың уақытылы өтуін, сондай-ақ, олардың функционалдық бағыттары бойынша оқытуға бағытталуын бақылаймыз.

– Жыл сайын мемлекеттік қызметшілердің арасында түрлі конкурстар ұйымдастырылып жатады. Респуб-ликалық деңгейде жетістіктер бар ма?

– Иә, жыл сайын мемлекеттік қызметшілер арасында республи-калық деңгейде түрлі конкурстар ұйымдастырылады. Соның бірі – «Жылдың үздік мемлекеттік қызметшісі» конкурсы. «Жылдың үздік мемлекеттік қызметшісі» атағына 2018 жылы Самал Құдайберген мен Виктор Фельдман ие болды. 2020 жылы Дидар Ибраев, 2022 жылы Мирас Жұмаділов топ жарса, биыл Асхат Кенжебаев үздік атанды. Жалпы, республикада павлодарлық мемлекеттік қызметшілердің әлеуеті жоғары деп есептеймін. Себебі, жылда жүлделі орынға ие боламыз.

– Кейде әлеуметтік желілерде мемлекеттік қызмет-шінің тойда жүргені, өзге де әрекеттері «ерекше құбылыс» ретінде тарап жатады. Жалпы, мемлекеттік қызметшінің имиджі жайлы айтып өтсеңіз…

– ҚР Мемлекеттік қызметі қоғам өмірінде ерекше рөл атқарады. Ол қоғамның тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуді және қоғамдық мүдделерді ең үздік және тиімді тәсілмен қанағаттандыруды білдіреді. Мемлекеттік қызмет атқару қоғам мен мемлекет тарапынан ерекше сенім білдіру болып табылады және мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдебіне жоғары талаптар қояды.

Бұл ретте, ҚР мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексіне сәйкес, мемлекеттік қызметшілер қызметтен тыс уақытта жалпыға бірдей қабылданған моральдік-әдептілік нормаларын ұстануы, кішіпейілділік танытуы тиіс.

– Қай кезде болмасын тұрғындармен баянды байланыс орнату маңызды. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?

– Біз үнемі облыстың және ауылдың тұрғындарымен жеке қабылдау арқылы кездесу өткізіп тұрамыз. Олар жұмысқа тұру, мемлекеттік қызметке кіру, мемлекеттік тұрғын үй бөлу, жер мәселесі бойынша, т.б. сұрақтар бойынша жүгінеді. Біз уәкілетті органдармен бірлесіп, олардың мәселелерін жедел шешуге тырысамыз.

– Кез келген адам мемлекеттік қызметші бола ала ма? Жас шектеуі бар ма, қызмет өтілі есепке алына ма? Қандай талаптар бар?

– Мемлекеттік қызметке кемінде он сегіз жастағы ҚР азаматтары қабылданады. Сонымен қатар, «Мемлекеттік қызмет туралы» ҚР Заңында мемлекеттік қызметте болуға байланысты шектеулер мен мемлекеттік қызметке кіру шарттары бар, сондай-ақ мемлекеттік әкімшілік лауазымдарға орналасуға үміткер азаматтар белгіленген біліктілік талаптарына сай жұмыс тәжірибесі мен білімі сәйкес келуі тиіс. Әр мемлекеттік қызметші антына адал, жауапкершілігі мол, тиянақты, өз ісінің майталманы болуы маңызды.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан – Оралхан ҚОЖАНОВ.