Жейдесіне галстукты жабыстырып, «әкімдікте істеймін» деп мұрнын шүйіретін жас мамандар бар. Олар жұмысқа тұра сала мансап қуып, бастық болуға құмар. Ал кейбір мемлекеттік қызметшінің өзін-өзі ұстауы, жұртшылықпен байланыс орнатуы, өз міндетін уақытылы әрі сапалы орындауы сүйсінтіп, «көз тимесе екен» деп тілекші боласың. Сондай іскер маманның бірі – Медет Шоқанов.

Жас қызметкер деген соң, туған жылын атап өткен дұрыс шығар. Медет Серікбайұлы 1992 жылы Успен ауданы Ковалев ауылында дүниеге келген. Ауылдық мектепті тәмамдап, Алматы экономика және статистика академиясында қаржыгер мамандығы бойынша жоғары білім алған.

2011 жылы оқуын үздік дипломға бітіргеніне қарамастан, жұмыс табу қиынға соғыпты. Себебі, қайда барса да жұмыс берушілер көбіне жұмыс тәжірибесінің болуын талап еткен. Медет ойлана келе, Успен аудандық жұмыспен қамту орталығында жастар тәжірибесінен өтуге шешім қабылдаған. Кейін мемлекеттік қызмет саласында еңбек етуге бел буып, 2014 жылы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы болып жұмысқа кірісті. Бұл оның мемлекеттік қызмет саласындағы алғашқы қадамы еді.

– Менің міндетіме жұмыспен қамту бағдарламасын іске асыруды үйлестіру, атап айтсақ, тұрақты және уақытша жұмыс орындарын құру, сондай-ақ жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған халыққа шағын несие беру кірді. Кейін облыстық кәсіпкерлік, туризм және сауда басқармасында бөлім басшысы қызметін атқардым, – дейді М.Серікбайұлы.

Іскер маман қай кезде болмасын бағалы. Әр шаруаны тиянақты атқарып, басшы болмаған жағдайда жауапкершілікті өз қолына алып, жұмысты жандандыра түсетін қызметкердің мансабы өсуі – заңдылық. Медеттің кейінгі жыл-дары басшылық қызметке тағайындалуы да оның іскерлігін аңғартқандай. Мәселен, ол біраз уақыт Екібастұз қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы болып еңбек етіп, кейін облыстық кәсіпкерлік, туризм және сауда басқармасы басшысының орынбасары ретінде қызметін жалғастырды. Бүгінде ол – Май ауданы әкімінің орынбасары.

– Өткен жылдың қыркүйек айынан бастап ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында магистратура бағдарламасы бойынша білім алып жатырмын. Академия – ерекше мәртебесі бар елдің жалғыз жоғары оқу орны. Негізгі міндеті – мемлекетті жоғары кәсіби мемлекеттік қызметшілермен қамтамасыз ету. Сондай-ақ, Академияда оқу өзіңді дамытуға, басқа аймақтардың ерекшеліктерімен танысуға, жаңа кәсіби байланыстар құруға, шетелдік тәжірибені зерттеуге мүмкіндік береді. Мәселен, жақында Литва елінде болып, шетелдік тағылымдамадан өтіп келдім. Биыл «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес, Академияда оқуынды аяқтасаң, сондай-ақ үлгерімің жақсы болса, «Б» корпусының әкімшілік лауазымдарын конкурссыз бір жыл атқаруға мүмкіндік беретінін атап өткен жөн, – дейді М.Шоқанов.

Иә, Академияда білім алу – «мемлекеттік қызмет саласында еңбек етемін, тұрғындардың мәселесін шешуге барымды саламын» деген қызметкердің санасына сәуле шашып, тәжірибесін арттыра түседі. Медет Серікбайұлы Академиядағы оқуын аяқтағаннан кейін Май ауданы әкімінің орынбасары қызметіне қайта оралады.

– Май ауданының ауыл шаруа-шылығы бағытын ескере отырып, Академияда оқу барысында ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді тиімді бөлу мәселесін зерттеумен айналыстым. Бұл – бүгінгі таңда өзекті мәселе. Ауыл тұрғындары жайылымдар мен шабындықтардың тапшылығы жайлы жиі айтады. Бірақ мемлекет қабылдаған шараларға қарамастан тиімсіз пайдалану фактілері әлі де туындап жатқаны өкінішті. Қазіргі уақытта мен ауыл шаруашылығын дамытуға және ауыл тұрғындарының әл-ауқатын арттыруға ықпал ететін жерді бөлу рәсімдерін жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныс әзірледім. Болашақта оны уәкілетті органға ұсынуды жоспарлап отырмын, – дейді ол.

Жоғарыда кейбір жастардың жылы креслоға отырып, университет бітіре сала бастық болғысы келетінін жаздық. Медеттің қатарластарына айтары бар.

– Мемлекеттік қызметтің негізгі қағидаттарының бірі – меритократия. Яғни, ең үздік әрі дарынды қызметкерлерге мансабын жоғары-латуға жол ашық. Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметте сапалы сипаттағы үлкен эволюциялық өзгерістер жүргізілуде. Мұндай факторлар мемлекеттік аппараттың кәсібиленуі мен бәсекелестіктің өсуіне ықпал етеді. Сондықтан жас мемлекеттік қызметшілерге білімді үнемі арттырып, кәсіби тәжірибе мен дағдыларды барынша жинақтауға кеңес беремін. Бұл бәсекеге қабілетті болуға мүмкіндік береді.

Мемлекеттік қызметші ретінде өмірлік ұстанымым – қоғам мен мемлекеттің игілігі үшін қызмет ету. Менің өмірім адалдық, ашықтық және әдептілік қағидаттарына негіз-делген. Бос уақытымда кітап оқумен қатар, спортпен шұғылданғанды жөн көремін. Олар менің көкжиегімді кеңейтеді, сонымен қатар жаңа ойлар мен сезімдерді шабыттандырады, – дейді әңгімеміздің кейіпкері.

Медет Серікбайұлымен сұхбаттасу кезінде оның жас болса да үлкен шаруаларды атқара алатынына көз жеткіздік. Білімді екені өз алдына, әр сөзі нық, болашаққа деген сенімі жоғары. Мемлекеттік қызметте осындай жалынды мамандар көп болса, мемлекет пен халық арасындағы байланыс баянды бола түспек.

Оралхан ҚОЖАНОВ.