Инфрақұрылымды жаңарту – басты міндет

Қыр 10, 2026

Ақсу қаласында әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған кешенді жұмыстар жүргізілуде. Қалада жылу желілерін қысқы маусымға дайындау, тозған су және кәріз құбырларын жаңарту, тұрғын үй құрылысын аяқтау, сондай-ақ жағалау аумағын заманауи қоғамдық кеңістікке айналдыру бойынша бірқатар жоба жүзеге асырылуда.

Жылу маусымына дайын

Таяуда аймақ басшысы Асайын Байханов Ақсу қаласына жұмыс сапарымен барды. Алдымен облыс әкімі шаһардың алдағы жылу беру маусымына дайындығын тексерді. Сапар барысында жылу магистральдарының жағдайына және гидравликалық сынақ кезінде анықталған ақауларды жою мәселесіне ерекше назар аударылды.

Ақсу қаласының әкімі Әнуарбек Амановтың айтуынша, Астана көшесіндегі жылу магистралін жаңарту жұмыстары жүргізіліп, гидравликалық сынақтан кейін анықталған кемшіліктерді жою шаралары қолға алынған.

– Шілде айында негізгі жұмыстар толық аяқталды. Осы кезеңде 91 көпқабатты тұрғын үй мен 287 жеке үй жылудан ажыратылды. Ал 30 тамызда қаладағы ірі жобалардың бірі аясында диаметрі 700 миллиметр болатын магист-ральдік жылу құбыры ауыстырылды. Бұл желіге 28 көпқабатты және 34 жеке тұрғын үй, сондай-ақ 8 әлеуметтік нысан қосылған.
15 қыркүйекке дейін аумақтарды абаттандыруды аяқтаймыз. Қазір тек қиыршықтас төсеу, жылу камераларын жабу және оқшаулау жұмыстарын тәмамдау қалды, – деді шаһар басшысы.

«Теплосервис Ақсу» компаниясының директоры Вадим Ковальчуктың мәліметінше, гидравликалық сынақ 3-4 тамыз күндері жүргізілген. Нәтижесінде магистральдік желілерден бастапқы кезеңде 6 ақау анықталған. Оның негізгі бөлігі Әуезов көшесіндегі жылу желілеріне тиесілі.

– Бұл магистраль 2014 жылы тартылған. Құбырдың өзі бүтін, алайда дәнекерленген тұстары мен муфталарда коррозия пайда болған. Бұған дәнекерлеу жұмыстарының сапасыз орындалуы себеп болған. Негізгі мәселе шамамен 800 метрлік учаскеде анықталды. Бұдан бөлек, Әуезов көшесінің әр бөлігінде тағы 600 метрге жуық аумақта осындай жағдай бар, – деді В.Ковальчук.

Асайын Байханов жылу желісін күшейту шараларын алдын ала жоспарлап, дәнекерленген жіктерді қайта тексеру және қажет болған жағдайда қайта дәнекерлеу мүм-кіндігін қарастыруды тапсырды.

– Бұл жұмысты келесі жылғы ағымдағы жөндеу жоспарына енгізіңіздер. Қала бюджетінен қажетті қаражат қарастыру керек. Арнайы зертхана мамандарын тартып, барлық дәнекерленген жікті тексеріп, қажет болса, қайта дәнекерлеу қажет. Себебі, 2014 жылы бұл жұмыстар тиісті деңгейде орындалмаған. Енді жіберілген кемшілікті түзету керек. Магистральдің осы бөлігін мұқият қарап, алдағы уақытта қауіп төндіретін осал учаскелер қалмауын қамтамасыз ету қажет, – деді облыс әкімі.

Мамандардың айтуынша, дәнекерленген жіктерді қайта қалпына келтіру жұмыстары қажетті ажырату шараларын қоса есептегенде шамамен 20-30 күнге созылуы мүмкін. Ал ыстық сумен қамту жүйесі бойынша жылу желілерінің дайындығы 100 пайызға жетті. Қазіргі уақытта 5 көпқабатты тұрғын үйде су жылытқыштарын жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Бұл нысандардағы жұмыстарды 15 қыркүйекке дейін аяқтау жоспарланған. Қазірдің өзінде 261 көпқабатты үй жылу қабылдауға дайын.

Жағалау аумағы абаттандырылуда

Ақсу қаласында жағажай аумағы мен жағалаудағы қоғамдық кеңістікті абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Жоба тұрғындар мен қала қонақтарына қолайлы демалыс ортасын қалыптастыруға, жағалау аумағын заманауи әрі функционалды қоғамдық кеңістікке айналдыруға бағытталған.

Сала мамандарының сөзінше, жоба аясында жағажай мен жағалау аумағы кешенді түрде жаңғыртылып, қосымша инфрақұрылым нысандарын орналастыру қарастырылған. Бас жоспарға сәйкес, аумақта демалыс орындары, серуендеуге арналған кеңістіктер, жағажай инфрақұрылымы және абаттандыру элементтері қарастырылған. Сондай-ақ, қосымша асфальт жабынын төсеу және жағалау аумағын көріктендіру жұмыстары көзделген.

Сапар барысында жаяу жүргін-шілер қозғалысын ұйымдастыру мәселесіне де ерекше көңіл бөлінді. Осыған байланысты абаттандыру және көгалдандыру элементтерінің орналасуын қайта қарау ұсынылды.

— Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін аумақтың қолжетімділігіне ерекше мән беруіміз керек. Көлікпен немесе таксимен келген адам көліктен түсіп, қажетті нүктеге дейін кедергісіз жетіп, жағажайға түсіп, санитарлық нысандарды еркін пайдалана алуы тиіс. Негізгі бағыттардың барлығы барынша ыңғайлы әрі мүмкіндігінше бір деңгейде ұйымдастырылуы қажет. Электрлі көтергіштердің орнына рұқсат етілген еңіс талаптарына сай келетін толыққанды пандус қарастыруды ұсынамын. Біздің міндетіміз – аумақтағы барлық инфрақұрылымның барша тұрғын үшін қолжетімді болуын қамтамасыз ету, — деді А.Байханов.

Сондай-ақ, жағажай аумағында көлеңкелі қалқалар, демалысқа арналған шағын сәулеттік нысандар және өзге де инфрақұрылым элементтерін орналастыру көзделген. Бұл нысандар жағажайдағы демалысты барынша жайлы етуге мүмкіндік береді.

Тұрғын үй құрылысы бақылауда

Асайын Қуандықұлы Ақсу қаласына жұмыс сапары барысында құрылысы ұзақ уақыттан бері аяқталмай тұрған көпқабатты тұрғын үйге де барды. Аймақ бас-шысы нысанның қазіргі жағдайын көріп, мұндағы құрылыс барысына қатысты жауапты мамандармен пікір алмасты.

Нысанның құрылысын жүргізіп жатқан – «GSU Құрылыс» компаниясы. Төрт қабатты тұрғын үйде барлығы 81 пәтер қарастырылған. Оның 54-і үш бөлмелі болса, қалған 27-сі — төрт бөлмелі баспана. Бүгінде тұрғын үйдің ішінде әрлеу жұмыстары жалғасып, электр желілері мен сантехникалық жүйелер орнатылуда. Сонымен қатар, пәтерлерге қажетті инженерлік коммуникацияларды жеткізу және ішкі жүйелерді құрастыру жұмыстары қолға алынған.

Нысанды аралау барысында облыс әкімі құрылыстың аяқталу мерзіміне ерекше мән берді. Әсіресе, жақындап қалған жылыту кезеңіне дейін ғимаратты жылумен қамтамасыз ету мәселесін шешу қажеттігін атап өтті.

– Жұмысты созбау керек. Жылу берілсе, қыс мезгілінде де ішкі әрлеу жұмыстарын жалғастыруға мүмкіндік болады. Сондықтан барлық мүмкіндікті пайдаланып, жұмысты уақытылы аяқтау қажет, – деді аймақ басшысы.

Аталмыш мердігерлік компанияның басшысы Руслан Жұматаевтың мәліметінше, келісімшарт талаптарына сәйкес тұрғын үйдің құрылысына 10 ай мерзім белгіленген. Қазіргі уақытта мердігер ұйым қалған міндеттерді белгіленген уақыт аралығында орындау үшін жұмысты жеделдетіп жатыр.

Облыс әкімі, сондай-ақ инженерлік коммуникациялардың әзірлік деңгейін және ішкі әрлеудің сапасын бақылауда ұстауды тапсырды.

Кәріз желілері жаңарады

Аталмыш шаһарда инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды жаңарту бағытында да бірнеше жоба жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, өткен жылы қолға алынған жобалардың бірі — ФНС-5 нысанынан бас кәріз-сорғы станциясына дейінгі желіні жаңғырту. Жоба аясында теміржол астынан өтетін құбыр бөлігі толық санациядан өткізілген. Сонымен қатар, ашық әдіспен жүргізілген жұмыстар да толығымен аяқталып, барлық желі өзара қосылған.

Мамандардың айтуынша, құбырлардың тұтастығы қамтамасыз етіліп, жоба бойынша негізгі құрылыс жұмыстары толық орындалған. Қазіргі уақытта тек 2 құдықты қалпына келтіру және аумақты ретке келтіру жұмыстары қалған. Құдықтардың айналасындағы жер деңгейі көтеріліп, алдымен ірі және ұсақ фракциялы қиыршық тас төселмек. Бұдан кейін аумақты абаттандыру мәселесі қарастырылады. Алайда аталған учаскеге асфальт төсеу бастапқы жобаға енгізілмеген.

Қаладағы екінші ірі жоба аясында диаметрі 500 миллиметр болатын кәріз коллекторын қайта жаңарту көзделген. Желі Астана және Әуезов көшелерінің маңынан басталып, бірнеше көше бойымен теміржолдың арғы бетіне дейін жалғасады. Бұл учаскелердегі жұмыстар қаланың кәріз жүйесіне түсетін жүктемені азайтып, апат қаупінің алдын алуға мүмкіндік береді.

Айта кетейік, Әуезов көшесіндегі жаңа кәріз желісінің құрылысы осы жылдың тамыз айында басталған. Құдықтар дайындалып, тұрғын үйлер мен басқа да тұтынушылар жаңа желіге қосылған. Құрылыс кезінде кәріз суын уақытша бұрып тұру үшін арнайы сорғы қондырғысы орнатылған.

Жаңа желінің жалпы ұзындығы шамамен 1,1 шақырымды құрайды. Қазіргі уақытта жұмыстың негізгі бөлігі орындалып, шамамен 300 метр учаске қалған. Мердігер ұйым бұл бөлікті бір ай көлемінде аяқтап, нысанды жыл соңына дейін пайдалануға беруді жоспарлап отыр.

Облыс әкімі инженерлік желілерді жаңарту жұмыстарын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтаудың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, алдымен барлық коммуникациялық мәселе толық шешіліп, содан кейін ғана аумақты абаттандыруға кірісу қажет.

– Инженерлік желілердің барлығы толық жаңартылып, қажетті жұмыстар аяқталмайынша, абаттандыруға асықпау керек. Алдымен коммуникацияларды ретке келтіріп алайық. Одан кейін қазылған аумақтарды қалпына келтіріп, жол жабынын жөндеу және абаттандыру жұмыстарын жүргізу қажет, – деді А.Байханов.

Жалпы, Ақсуда қолға алынған жобалардың барлығы шаһардың инфрақұрылымын жақсартып, тұр-ғындарға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған. Басты міндет – жоспарланған жұмыстарды сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтап, олардың нәтижесін тұрғындар игілігіне ұсыну.

Айдана БОРАНБАЕВА,

Ақсу қаласы.

Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.