Аймағымызға ҚР Парламенті Сенатының Қаржы және бюджет жөніндегі комитеттің төрағасы Сұлтанбек Мәкежанов бастаған комитет мүшелері арнайы келіп, өңірдің өзіндік тәжірибесімен танысты. Депутаттармен бірге Қаржы вице-министрі және Ұлттық экономика вице-министрі келді. Сенаторлар мен құзырлы министрлік өкілдері облыстың бюджет, экономика саласындағы озық тәжірибелерін тікелей көріп, ұсыныс-тілектерін тыңдады.

Бюджеттік дербестікке ден қойылады

Алдымен олар облыстық мәслихат депутаттарымен кездесті. Жиында облыстық мәслихат төрағасы Илья Теренченко мәслихатты жаңғырту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды. Сегізінші шақырылымның заманға қарай жаңаша іс-қимылға көшкенін жан-жақты түсіндірді. Комитет төрағасы Сұлтанбек Мәкежанов арнайы сапар үшін Павлодар облысы бекер таңдалмағанын атап өтті.

– Павлодар облысына өңірлердің бюджеттік дербестігі, осындағы ревизиялық комиссия, ішкі аудит жұмыстарымен танысуға келдік. Осы өңір негізінде мәселелерді зерделемекпіз. Мәслихат депутаттарымен ақылдасып, оң-солын анықтасақ деген ниет бар. Кейін бұл сұрақтарды комитетте арнайы дөңгелек үстел барысында өзге аймақтармен бірлесіп талқылау жоспарланып отыр. Одан бөлек, алдағы уақытта Астанада халықаралық конференция өтеді. Мұнда төрт секцияның біріне біз жетекшілік етеміз. Яғни, бұл секцияда жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару бюджетінің қаржылық мүмкіндіктерін күшейту шаралары сөз болмақ, – деді Сұлтанбек Алмасбекұлы.

Сенатор қазіргі таңда Мәжілісте жаңа бюджеттік кодекстің жобасы қаралып жатқанын атап өтті. Екі аптадан соң құжат Сенатқа түспек. Маңызды құжатқа өңірлерден ұсыныстар да жинастырылуда. Комитет төрағасы республикалық бюджетті нақтылау кезінде аймағымыз үшін маңызды екі жобаға қолдау жасалғанын айтты. Бірі – Шалдайда салынатын денешынықтыру-сауықтыру орталығы құрылысы, екіншісі Галицкое елді мекенінде инженерлік желілер тартуға бөлінбек. Алдағы нақтылау кезінде де өңірден түскен өтінімдердің өзектілері ескерілетінін мәлім етті.

Кездесуде министрлік өкілдері де саладағы соңғы өзгерістерге тоқталды. Мәселен, Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Амрин блоктық бюджет турасында мәлімдеді.

– Жаңа Бюджеттік кодекске қатысты талқылауда павлодарлықтар өте белсенді. Ұсыныстар да көптеп түсуде. Соның ішінде блоктық бюджетке тоқталсам, бұл – синга-пурлық тәжірибе. Бұл елдің жүйесін толық әкелген жоқпыз. Өзімізге бейімдеп алдық. Себебі, Сингапур – бір қала түріндегі ел, ал Қазақстанның аумағы да, әкімшілік бөліністер де көп, басқару жүйесі де бөлек. Сондықтан сингапурлық жүйенің элементтерін енгіздік. Блоктық бюджеттің ең басты ерекшелігі, қазына қаржысы бұдан былай нақты бір индикаторға байланады. Қаржы бөлінген соң оның түпкі мақсатқа, көрсеткіштерге қол жеткізілуіне маңыз беріледі. Мемлекеттік бағдарламалар ірілендіріледі. Ішінен маңызына қарай қаржыны жылжытуға рұқсат беріледі. Сәйкесінше, бюджеттік бағдарламалар әкімшілері қысқа-рады, – деді Азамат Кемеңгерұлы.

Кездесуде облыстық мәслихат депутаттары сұрақ қойып, құзырлы министрліктерден тұшымды жауап алды.

Талдау орталығына таңданды

Бұдан соң сенаторлар облыс әкімдігіндегі ахуалдық-талдау орталығының жұмысымен танысты. Аймағымыздағы әрбір ауылдағы нысанның ахуалы, бөлінген қаржы, оның жұмсалуы, жұмыстың аяқтал-ғаны сияқты шаралар толық көрініс тапқан автоматтандырылған жүйесі бар орталықтың тәжірибесі Сенат депутаттарының қызығушылығын тудырды. Олар мұндай жобаны әр өңірге енгізу қажет деген ой түйді.

Сенаторлар орталықта облыс әкімі Асайын Байхановпен кездесіп, ой бөлісті. Аймағымыздың артықшылықтарын таныстыра келе Асайын Қуандықұлы одан әрі даму жолында Парламент депутаттарының да қолдауы аса қажет екенін айтты. Яғни, жобаларды жүзеге асыруда қаржылай көмек керектігін жасырмады. Облыс бюджетінің 64 пайызы әлеуметтік салаға бағытталатынын жеткізді. Сонымен қатар, блоктық бюджетке қатысты орталықтандырылған талап шыққанға дейін облысымыз заң шеңберінде өз тәжірибесін бонустық трансферт түрінде бастап кеткенін мәлім етті.

– Аудандар бойынша бір тұрғынға 30 мың теңгеден есептедік. Ал қалалар үшін бұл көрсеткіш 5 мың теңге деп белгіленді. Демек, 20 мың тұрғыны бар ауданға облыс қазынасынан 600 млн теңге бонустық трансферт бөлінеді. Жергілікті мәслихатпен бірлесіп, қала-аудан әкімдіктері қаржыны тұрғындармен кездесу кезінде көтерілген мәсе-лелерді шешуге жұмсауы тиіс. Басты талап – осы. Ал нақты қай жобаға бағыттайтынын жергілікті билік шешеді. Биылғы жылға осы мақсатқа облыстық қазынадан 7,7 млрд теңге қарастырылып отыр. 10 аудан мен 3 қалаға бөлінді, – деді Асайын Байханов.

Президент жуырда Ұлттық құрылтайда еліміз үшін елеулі жобаларды қарастыруды ескерткенін айтқан аймақ басшысы осы ретте облыста бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобалар қарастырылғанын мәлімдеді. Сонымен қатар, республикалық бюджеттен қаржыландыруды қажет ететін 18 жоба барын айтты. Соған Сенат депутаттарынан қаржылай қолдау сұрады. Әсіресе, жылу желілерін жаңарту жұмысы аса маңызды, деді. Облыста жылу желілерінің 86 пайызы тозған. Бұл еліміз бойынша бірінші орында болып отыр.

Аймақ басшысы Мәжілісте қаралып жатқан Бюджеттік кодекс жобасына қатысты ұсыныстарын алға тартты. Нақтысы, жергілікті бюджеттердің дербестігін арттыруға байланысты ойын білдірді.

– Блоктық бюджет элементтерін енгізу аясында ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыру кезінде мердігермен шартты облыс әкімінің тікелей жасасуына рұқсат берілсе деймін. Әрине, бұл – үлкен жауапкершілік. Десе де, сингапурлық тәжірибеге сүйенсек, тиімді екені көрініп отыр. Тағы бір ұсынысым – жобалық-сметалық құжаттың жарамдылық мерзімін 2 жылға созу. Себебі, қазір бір жылда өтінім қабылданбаса, құжатты қайта түзетіп, қайта мемлекеттік сараптамадан өткізу қажет. Бұл – қосымша қаржы, бюджетке салмақ. Себебі, бір ғана жобалық-сметалық құжаттың сараптамасына 5-10 млн теңге жұмсалады, – дейді аймақ басшысы.

Сенат депутаттары ұсыныстарды жазып алды. Талқылау кезінде ескермек. Сұлтанбек Мәкежанов облыстың тың идеялары жайында сырттай БАҚ арқылы біліп-естіп жүрген соң тікелей танысуға келгенін, озық тәжірибелерді өзгелерге енгізуге тырысатындарын айтты. Әсіресе, ахуалдық-талдау орталығындағы жұмыс Мемлекет басшысының цифрландыру арқылы ашықтықты қамтамасыз ету тапсырмасына дөп түскенін айрықша атады.

 Қолдау күтеді

Сапардың екінші күні сенаторлар Ақсу қаласының ауылдық аймағы мен Екібастұз қаласына барды. Ақсуға қарасты Пограничник ауылында жергілікті жұртшылықпен кездесіп, талап-тілектерін тыңдады.

Жиында сөйлеген Ақсу қалалық мәслихатының төрағасы Мәдениет Омарханов мердігер-лерге конкурс өткізудің талаптарын күшейтуді, нысан санына шектеу қоюды сұрады. Себебі, еліміздің өзге өңірінде тіркеліп, аймағымызда 400-ге жуық нысан құрылысын, жөндеу жұмыстарын жеңіп алады да, қолдарында ешбір техника, мамансыз келетін мердігерлер мезі қылған. Пограничник елді мекеніне қарайтын Достық ауылдық округінің әкімі Айгүл Бекбергенова мемлекеттік сатып алуда мердігерлердің, тауар жеткізушілерге қадағалау заң тұрғысынан қатаңдатылса, деді.

– Соңғы кезде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының жемісін көріп жатырмыз. Жалғаса берсін деп тілейміз. Ауылдағы жолымыз тақтайдай бүгінде. Енді жоғары жақтан әр ауылдық округке ассенизатор, жүк тиейтін көлік қарастырылса. Мәселен, қыста қарды бір реттік шығару нәтиже бермейді. Өзімізде көлік болса, қар жинала бастағанда ақ ұлпаны ауылдан алыстатып отырар едік, – деді бұйымтайын білдірген А.Бекбергенов.

Сенат депутаты Бекболат Орынбеков «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының көп елді мекенге жан бітіріп, ажарын кіргізіп жатқа-нына куә болғанын айрықша атады.

Сонымен қатар, ауыл әкімі жеке аулалардың малына бруцеллезге қарсы екпені тегін үлестіруді қарастыру қажеттігін жеткізді. Қаңғыбас иттермен күрестің де қазіргі тәртібін өзгертуді сұрады. Сондай-ақ, иттің иесіне жауапкер-шілігі заң жүзінде арттырылуы қажет, деді. Сенат депутаттары ауылдықтардың ұсыныстарын ескеретіндерін мәлімдеді. Депутат-
тар ауылдық фельдшерлік-амбулаториялық пункттің де жұмысымен танысты.

Бұдан кейін Парламент өкілдері Екібастұз қаласына жол тартты. Кеншілер қаласын жылумен жабдықтау мәселесіне назар аударды. Қала әкімі Аян Бейсекин атқарылған жұмыстарды баяндай келе, биылға жоспарланған ауқымды жобаларды атап өтті. Айтуынша, жылу орталығындағы №15 қазандыққа және қосымша құрал-жабдықтарға күрделі жөндеу жүргізу, №1 және №3 жылу магистральдарын қайта жаңғырту қажет. Қазіргі таңда алғашқысының жобалық-сметалық құжаты дайындалып, бюджеттік өтінім салалық министрлікке жолданған. Ал жылу магистральдарының құжаты ағым-дағы аптада дайын болмақ.

– Жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеу жұмысының кешігуінің өзіндік себебі бар. Былтыр жылу магис-тральдарына үш кезеңнен тұратын техникалық аудит жүргізілді. Үшінші кезең өткен жылдың желтоқсанында аяқталды. Сол ғылыми негіздегі ұсыныстарға сүйене отырып, жылу желілерінің проблемалық тұстары назарға алынды. Бұл екі магистраль жылу энергиясының 60 пайызын қамтамасыз етеді. Құрылыс істері жөніндегі комитетпен бірлесе жұмыс жүргізілуде. Енді сіздерден осы маңызды жобаларға қолдау білдірулеріңізді сұраймыз, – деді Аян Бейсекин.

Сенаторлар жылу жүйесін реттеуде ауқымды жұмыстар атқарылғанын атап өтті.

– Біраз жұмыс жасалғанын көрдік. Әлі де шешімін күткен мәселелер бар. Мәселен, биылға 6,7 млрд теңгенің ірі жобалары жоспарланып отыр. Алдағы уақытта елімізде қазандықтарды жөндеуден гөрі жаңаларын салуға басымдық беру қажет деген ойдамын, – деді Б.Орынбеков.

Жалпы, сенаторлар аймағымызға сапары барысында Бюджеттік кодекске, төртінші деңгейлі бюджетке, мемлекеттік сатып алуға, өңірлердің бюджеттік дербестігіне қатысты аймағымызда мол ұсыныстар арқалап кетті.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ,

Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.