Ақсу қаласы алдағы 20 жылда қай бағытта дамып, қалай қарай кеңи түсетіні белгілі болды. Металлургтер шаһарының жаңа бас жоспарының жобасы облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясында таныстырылды. Қала оңтүстікке қарай дамытылмақ. Мұнда бос жер телімдерін қосу көзделген. Сонымен қатар, солтүсті-гіндегі бос аумақтарды игеріп, құрылысты қарқындату жоспарланып отыр.
Облыстық мәслихаттың төрағасы Илья Теренченко төрағалық еткен сессия отырысына депутаттармен қатар аудан-қала мәслихаттарының төрағалары да қатысты. Биыл жыл басында мемлекеттік кешенді сараптамадан оң қорытынды алынған Ақсудың бас жоспарында ескерілген тұстарды облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Бақытжан Әлімғазинов айтып берді. Қаланың әкімшілік шекарасына төрт тұрғын құрылымы кіреді. Олар – Ақсу шағын ауданы, Ақсу қаласы, Черемушки шағын ауданы және Беловка. 2025 жылы шаһар халқының саны 51,7 мың адам болса, 2032 жылға дейін тұрғындар қатары 53,5 мың адамға жетеді деп болжанған. Ал 2045 жылы 57 мың адамды құрайды. Яғни, әр он жылда халық саны шамамен 4 мың адамға артпақ. Облыстық мәслихат депутаты Рустам Мазгутов «он жыл ішінде қала халқы небәрі 4 мың адамға ғана өседі деп болжау аздық етпей ме?» деп сұрады. Бұл ретте, басқарма басшысы оның мәнін түсіндірді.
– Мұндай есеп демографиялық өсім мен статистикалық деректерге қарай шығарылады. Есептеудің арнайы ғылыми әдістемесі бар. Өкінішке қарай, өсім көп емес. Қазіргі таңда құжатты сараптамаға тапсырарда үш түрлі есеп жүргізіледі. Пессимистік, реалистік және оптимистік тұрғыда жасалады. Біз азаматтардың көшіп кетуі, халық санының өсуі, бала туу, көші-қон көрсеткіштерін, қанша көпқабатты үй салынатынын ескере отырып, барынша оптимистік есеп жүргіздік. Бірақ, бас жоспар 20 жылға бекітілгенімен, оны кез келген уақытта түзетуге болады. Яғни, оған нақты негіз болса, мәселен, халық саны күрт өссе, қандай да бір үлкен өндіріс салынса, құжатты өзгертуге кедергі жоқ, – деді Б.Әлімғазинов.
Бас жоспарда Ақсу шағын ауданының солтүстік бөлігіндегі тұрмыстық қатты қалдықтар полигонын жабу және рекультивациялау қарастырылыпты. Бұл жұмыстар алдағы уақытта оның 1000 метрлік санитарлық-қорғау аймағын жоюға мүмкіндік бермек. Сонымен қатар, Ертіс өзенінің су қорғау аймақтары мен жағалау белдеулері назарға алынған.
Қалада 5–9 қабатты көппәтерлі тұрғын үйлер салу ұсынылып отыр. Селитебтік аумақты жоспарлы ұйымдастыру кезінде жеке тұрғын үй құрылысы үшін бұрын бөлінген жер учаскелері де, даму перспективалары да ескерілген. Жеке тұрғын үйлер түсетін аумақтар Черёмушка, Беловка және Ақсу шағын аудандарында орналасқан.
Құжатта негізгі өнеркәсіптік аймақтарының функционалдық мақсаты мен орналасуы сақталады. Оған қоса, қаланың солтүстік-батыс бөлігінде өңдеу және тамақ өнеркәсібі нысандарын орналасатын инвестициялық аймақ ұсынылуда. Бас жоспарға сәйкес қала шағын аудандарында жаңа әлеуметтік нысандар салу ұсынылады. Атап айтсақ, 6 мектеп және 8 балабақша бой көтереді. Жобада Черёмушка және Беловка шағын аудандарында медициналық нысандар орналастыру жоспарланған. Көгалдандыруды көбейту көзделген. Шағын қалалар үшін адам басына көгалды жер көлемі 8 шаршы метр нормативі болса, Ақсуда бұл көрсеткішті 2045 жылға дейін 12 шаршы метрге жеткізу межеленген. Шаһарда негізгі көшелерді кеңейту жобаланған. Электр желілерін жаңғырту қарастырылған. Сондай-ақ, қаланың өсіп жатқанын ескеріп, 10 кВт электр тарату пунктін салу жоспарланған. Қазіргі екі жылыту орталығынан бөлек, алдағы уақытта газдандыру жұмысы да жоспарға енгізілген. Себебі, бүгінде бас жоспар мемлекеттік сараптамадан өтуі кезінде міндетті түрде балама жылу көзін қарастыру талап етіледі екен. Облысымызға 2030 жылға қарай газ келеді деген болжам бар. Сәйкесінше, Ақсудың бас жоспарында да газ қазандығын орналастыруға арнайы аймақ қарастырылған. Сумен жабдықтау жүйесін жаңғырту да жалғасын таппақ. Қолданыстағы құбырлардың диаметрін ұлғайту, жаңасын салу көзделген. Облыстық мәслихат депутаттары метуллургтер шаһарының бас жоспары жобасын қолдады.
Бұдан бөлек, жиында 2026-2028 жылдарға арналған облыстық бюджет нақтыланды. Облыстық эко-номика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Ирина Назарчук нақтылау «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру шеңберінде ҚР Үкіметінің тапсырмасына сәйкес жүргізілетінін мәлімдеді. Яғни, Ұлттық экономика министрлігі осы ұлттық жобаға кіретін объектілерді іске асыруды облыстардың жергілікті атқарушы органдары нарықтық шарттарда мемлекеттік бағалы қағаздарды сатып алу тетігі арқылы жүзеге асыруы тиіс деген тоқтам жасаған. Сәйкесінше, Екібастұз қаласында жалпы сомасы 5,2 млрд теңге болатын жылумен қамту бағытындағы 3 жоба облыстың атқарушы органдарының облигациялық қарыз алуы арқылы іске асырылады. Сонымен қатар, республикалық трансферттер азайтылған. Нақтысы, Май ауданының жайылма суару жүйелерін қайта құруға 1,3 млрд теңге қысқартылып отыр. Міне, осы өзгерістерді ескере отырып, бюджет нақтыланды. Нәтижесінде нақтыланған бюджет көлемі – 554,9 млрд теңге. Соның ішінде 22,3 млрд теңге нысаналы трансферттер және республикалық бюджеттен алынатын несиелер болып отыр.
Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.
