Photo Valeriy BUGAYEV

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес облысымызда «Таза Қазақстан. Көркем қала мен аудан» экологиялық айлығын өткізудің өңірлік жоспары әзірленіп, 13 сәуір күні жұмыстар басталып кетті. Қазіргі таңда барлық ауыл-аймақта тазалық шаралары қауырт жүруде. Бұл мәселе бұрнағы күні аппараттық жиында талқыланды.

 

Облыс әкімі Асайын Байхановтың төрағалық етуімен өткен алқалы жиында аумақтарды абаттандыру айлығы аясында атқарылатын іс-шаралар барысы баяндалды. Бұл жөнінде мәлімдеген облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы Ержан Иманзайыпов экологиялық акцияның әр аптасы белгілі бір тақырыпқа негізделіп, соған сай жұмыс жүргізілетінін айтты.

— Мәселен, 13-20 сәуір аралығы «Берекелі өлке» деп аталып, коммуналдық қызметтер мен ұйымдар елді мекендердің аумағын жинайды. 20-27 сәуірге белгіленген «Менің аулам — менің бағым» апталығында аулаішілік аумақтар ретке келтіріліп, балалардың ойын алаңдары жөнделеді. 27 сәуір — 3 мамыр күндері «Жасыл аймақ» деп аталып, жасыл желектерді санитарлық тазалау және кесу, ағаш отырғызу ісі қолға алынады. Ал төртінші апта, яғни 4-11 мамыр аралығы «Табиғатты қорғау — адамның борышы» деп аталып, рұқсат етілмеген полигондар мен ластанған учаскелерді жоюға, өзен-көлдердің жағалауын тазартуға көңіл бөлінеді. Жалпы облыстық «Тазалық марафоны» сенбілігі 27 сәуірде өтеді. Бұл күні қалалар мен аудандарда ағаш отырғызу науқаны ұйымдастырылады, — деді Ержан Иманзайыпов. Оның айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстарға 2,4 мыңға жуық шаруашылық жүргізуші субъектілері, кәсіпорындар, мемлекеттік мекемелер мен пәтер иелері кооперативтерінен 65 мыңнан астам адам қатысады деп күтілуде. Қоқыстарды шығару үшін шамамен 350 бірлік техника мен автокөлік жұмылдырылмақ.

Аталмыш акция басталғалы 202 автобус және трамвай павильондары, 2 535 жол белгісі мен бағдаршамдар тазартылып, қалпына келтірілген. Сонымен қатар, қалаларда аумағы 14 мың шаршы метрді құрайтын көшелердегі шұңқырлар жөнделген. Ал айлық қорытындысы бойынша елді мекендерде 669 аялдама павильоны, 198 бағдаршам, 1 жерасты және 1 жерүсті өткелі, 2 963 қоқыс алаңы, 1 118 орындық, 105 ескерткіш жуылып, ретке келтіріледі деп жоспарлануда. Қаланың коммуналдық қызметтері 78 саябақ пен скверді, 510 шақырым көше мен тротуарды, 350 жол люктерін жинайтын болады. Сонымен қатар, акция аясында аймақ бойынша 30 мыңнан астам көшет отырғызылып, 28 субұрқақ іске қосылмақ. Бұл бағыттағы жұмыстар өңірдегі үш қалада да қолға алынбақ. Павлодар қаласының әкімі Хасар Қабылбековтің айтуынша, бүгінде шаһарда ағаштарды пішінге келтіру жұмыстары аяқталды. Қурап қалған және апаттық жағдайдағы ағаштарды кесу жалғасуда. Қоқыстарды шығару үшін 100-ден астам арнайы техника жұмылдырылған. Ал Екібастұз қаласының әкімі Аян Бейсекиннің сөзіне қарағанда, қазіргі уақытта қала көшелеріндегі шұңқырларды жамау жалғасуда. Бұдан бөлек, шаһардағы мердігерлік ұйымдар 1100 жол белгісін, 9 бағдаршам нысанын, 123 аялдама павильонын жөндеу, 14 саябақ пен скверді жинау, көпірлер, қоршаулар, 20-дан астам балаларға арналған ойын алаңдарын қалпына келтіру жұмыстарымен айналысуда. Ақсу қаласында да абаттандыру науқаны ойдағыдай іске асуда.

— Бес аптаның ішінде қоқыстардың барлық түрін жинау және шығару бойынша жұмыстар жүргізіліп, ескерткіштер мен саябақтар ретке келтіріледі. Еріктілер мен жастарды дамыту орталығының өкілдері Ұлы Отан соғысының ардагерлері және тыл еңбеккерлері тұратын үйлерге барып көмектесуді жоспарлап отыр. Абаттандыру шарасына 15 мыңнан астам адам қатысып, 20 шақты техника тартылатын болады, — деді Ақсу қаласының әкімі Нұрлан Дүйсембинов.

Аймақ басшысы аудан, қала әкімдеріне тұрғындардан шағым жиі түсетін аумақтарды жаяу аралап өтуді тапсырып, тазалық айлығына жауапкершілікпен қарау керектігін ескертті.

— Мемлекет басшысы айтып кеткендей, қала мен аудан әкім-дерінің жұмысы сол өңірдегі елді мекендердің тазалығымен, көріктігімен бағаланатын болады. Сондықтан бұл іске белсенді кірісіп, қарқынды жұмыс жүргізу керек. Қыстан кейін қоқыс көбейді, қираған жерлер де көп. Соның бәрін реттеу керек. Сонымен қатар, көгалдандыру ісі де қолға алынуы қажет, — деді Асайын Байханов. Ол сондай-ақ, бұл акцияға өңір тұрғындарын да белсенді қатысуға шақырды.

Нұржайна ШОДЫР.

Суреттерді түсірген — Есенжол Исабек.