Кеше Астанада Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімі Асайын Байханов аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін баяндады. Өңірдің өзекті мәселелерін де қозғады. Журналистердің қойған сұрақтарына
жауап қатып, шешілген және шешімін күткен түйткілдердің әрқайсысын жан-жақты түсіндіріп берді. Екібастұздың жағдайына ел болып елеңдейтінін брифингте қойылған сауалдардың санынан аңғаруға болады.

Екпінді жел есеңгіретті

Баяндамасын бастамас бұрын аймақ басшысы Асайын Қуандықұлы, алдымен, жуырда ғана тұтқиылдан соққан қатты желден келген залалға тоқталды. Секундына 37 метр жылдамдықпен соққан желдің салдарынан облыстың 3 қаласы мен 6 ауданында – 83 әлеуметтік нысан, 63 көппәтерлі және 84 жеке тұрғын үй зардап шеккеннін айтты.

– Осыған сәйкес, табиғи сипаттағы жергілікті ауқымдағы «Төтенше жағдай» жариялау туралы шешім қабылданды. Келтірілген зақымға баға берілді, зардап шеккен нысандарды қалпына келтіру жұмыстарын 10 желтоқсанға дейін аяқтау жоспарланып отыр. Электрмен жабдықтау желілерінде 246 апаттық ажырату мен 100-ден астам зақымдану салдарынан
117 ауылдық елді мекен жарықсыз қалды. Алғашқы тәулікте жарық 99 ауылға берілді. 22 қарашада электрмен жабдықтау толығымен қалпына келтірілді, – деді облыс әкімі А.Байханов. Журналистер қауымы дәл осы қатты желден кейін облыстың энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысын қызметінен алу себебін сұрады. Яғни, «ауа райының тосын сыйына басқарма басшысының қандай қатысы бар?» деген сұрақ қойылды. Облыс әкімі А.Байханов басқарма басшысын қызметінен босату ауа райына байланысты еместігін кесіп айтты. Бұл жерде білдей бір мекеменің жетекшісі сол уақытта орын алған ахуалдан толық хабарсыз болуы, желдің салдарын жоюда жұмыстарды дер кезінде ұйымдастыра алмауы себеп болғанын алға тартты. Екпінді жел электр желілерінің ескіргенін көрсеткенін жасырмады аймақ басшысы. Облыста 400 мың шақырымдық электр желісі бар. Жылына 20-30 мың шақырымы ғана жаңартылады. Бұл – аздық етеді, деді облыс әкімі. Себебі, бүгінде желілердің 77 пайызы тозған көрінеді. Осы ретте, аймақ басшысы апталап жылусыз қалу қаупі болмайтынын кесіп айтты. Желілер тозғандықтан, аракідік қысқа уақытқа үзілістер болуы ықтимал, деді. Мәселені шешу үшін бүгінде монополист компаниялар тарифті инвестицияға айырбастау бойынша жұмыс істеуде. Яғни, бұл бағдарламаларда шығындарының басым бөлігін  жөндеу, жаңартуға бағыттау көзделмек.

Екі күннің бірінде – Екібастұзда!

Брифингте Екібастұз қаласындағы жылыту маусымына даярлық жұмыстары кең талқыға түсті. Өңір басшысы былтырдан бері көпшіліктің назарынан түспей келе жатқан кеншілер шаһарына жеке тоқталып, атқарылған жұмыстарды тізбектеп берді. Биыл Екібастұз жылу-электр орталығындағы 10 қазандық агрегатының алтауына күрделі жөндеу және екеуіне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Орталық штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Тағы екі қазандықты жөндеу де аяқталған. Жуырда іске қосып, реттеу көзделген. Тозған ЖЭО-ны жөндеуге биыл жалпы 17 млрд теңге бөлінген. Оның тең жартысы акционерден, жартысы бюджеттен жұмсалған. Одан бөлек, жылумен қамту кәсіпорнының қаражаты есебінен 70 шақырым жылу желісі жөнделген. Жылу желілерін жөндеуге барлығы 5,1 млрд теңге бөлінген, оның 2,1 млрд теңгесі – облыстық бюджет қаражаты, қалғанын «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС меншік иелері бөлген. Облыс әкімі қазіргі таңда жылу орталығынан жылу 75 градуспен беріліп тұрғанын атап өтті. Облыс орталығында да, Ақсуда да – осындай көрсеткіш, деді. Журналистер екібастұздықтардан биыл пәтерлеріндегі жылуға қатысты шағымдардың бар-жоғын сұрады. Асайын Байханов жылыту маусымы басталған уақытта болғанын, әрбір тұрғынның жағдайы жіті қадағаланғанын атап өтті.

– Екі күннің бірінде – Екібастұздамын. Кеншілер қаласында кейбір көп қабатты үйлердің жылыту маусымына жауапты ұйымдары жоқ. Оларды реттеу үшін өнеркәсіптік кәсіпорындармен бірлесіп жұмыс атқардық. Кейбір шағын аудандардағы пәтерлер он жылдан бері жылуға толық жарымай келген. Сондықтан оны шешу үшін қосымша магистральдар қарастыру, гидравликалық көрсеткіштерді реттеу сияқты шаралар қолға алынды. Әрбір мекенжайдағы ахуалмен етене таныспын, – деді аймақ басшысы. Жиында екібастұздық жылу-электр орталығының өзін-өзі электрмен қамту мүмкіндігінің жоқтығы да айтылды. Бүкіл жабдықтары электрмен жұмыс істейтін орталықта қуат көзінің қосымша және негізгісі бар. Соңғы қатты жел кезінде екеуі де істен шығыпты. Сондықтан «Шығыс» кеніші арқылы үшінші торапты қосуға тура келген. Үш сағаттан соң жылу да, электр энергиясы да қалпына келтірілген. Орталықтағы турбинаның қуаты 12 мегаватт, ал өзінің қажеттілігі – 30 мегаватт. Облыс әкімі қосымша қуат алу үшін тағы бір қазандық және турбина орнату қажет, деді. Техникалық-экономикалық негіздемесі бар, шамамен 100 млрд теңге инвестиция керек. Мұндай жоба орталық иесінде болғанымен, оны іске асырудың нақты жоспары, әзірше, жоқ. Облыс әкімі Павлодар мен Ақсу қаласын жылумен қамту мәселесі де назарда екенін атап өтті. Мәселен, Ақсудағы жаңа қазандықтың жобалық құжаттамасына түзету енгізіліп, мемлекеттік сараптамадан да өткен. Енді алдағы көктемде іске қосу-реттеу жұмыстары қолға алынбақ. Тағы айта кететіні, Екібастұз жылу-электр орталығы биыл тарифті 149 пайызға қымбаттатуға облыстық табиғи монополияларды реттеу департаментіне өтінім білдіргенін білесіздер. Облыс әкімі А.Байханов мұндай көлемде қымбаттауға жол берілмейтінін атап өтті. Департамент қазіргі таңда 25-тен 40 пайызға дейін арттыруды қарастыруда. Десе де, әлі де тариф талқылануда, шешім шыққан жоқ, деді аймақ басшысы.

Бестікке ендік

Өңірімізді елеңдеткен елеулі мәселелерден кейін енді аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне ойыссақ, биыл өңірге 730,1 млрд теңге инвестиция тартылған. Бұл өткен жылғыдан 28,2 пайызға жоғары. Осылайша, облыс республикада инвестицияның өсу қарқыны жағынан 4-орынға ие. Инвестициялар нәтижесінде 32 жоба іске асып, 1500-ге жуық жұмыс орны ашылды. Жыл соңына дейін тағы 20 жоба іске асып, 800-ге жуық жаңа жұмыс орны құрылады деп күтілуде. Аймақ басшысы келесі жылдың бірінші жартысында іске қосылатын Екібастұз маңындағы ферроқорытпа зауытының құрылысы маңызды жобалардың бірі екенін атады. Өңірде биліктің қарауында құны 2 млрд теңгеден астам инвестицияның 127 жобасы бар. Олар іске асса, 9,7 мың жаңа жұмыс орны ашылады. Жалпы, облыста барлық негізгі экономикалық-әлеуметтік көрсеткіштер оң қарқынға ие.

Қорғау мен қолдау

Ауыл шаруашылығының биылғы ахуалына аймақ басшысы кеңінен тоқталды. Бұл салаға ерекше көңіл бөлініп жатқанын айтты. Егістік алқабы 5 пайызға артқан.

– Облыс фермерлері үшін ағым-дағы маусым оңай болған жоқ. Ауа райының қолайсыздығы өз әсерін тигізбей қоймады. Осыған байланысты біз фермерлерді қолдау және құрғақшылықтың салдарын азайту үшін барлық қажетті шараларды қабылдадық. Біріншіден, жергілікті бюджеттен фермерлердің жем-шөп дайындауға жұмсаған шығындарының құнын арзандату үшін 3 млрд теңге бөлінді, мемлекеттік көмекті 1,5 мыңнан астам фермер алды, – деді облыс әкімі. Екіншіден, шөп шабу үшін арзандатылған дизель отынының көлемі 4 мыңнан 10 мың тоннаға дейін ұлғайтылды. Үшіншіден, шөп дайындау үшін мемлекеттік орман қоры жерлерінен ауданы 25 мың гектардан асатын қосымша шабындық алқаптар бөлінді. Төртіншіден, Үкіметтің қолдауымен республикалық бюджеттен субсидиялауға 6,8 млрд теңге қарастырылған. Бесіншіден, «Павлодар» ӘКК жанынан 5 мың тонна көлемінде жемдік астықты тұрақтандыру қоры құрылды. Алтыншыдан, құрғақшылыққа байланысты облыстың 38 шаруашылығына 1,3 млрд теңге сомаға сақтандыру төлемдері берілді. Жетіншіден, қаржы институттарымен 95 қарызды қайта құрылымдау және ұзарту мәселелері пысықталды. Осы орайда, облыста төтенше жағдай жарияламауға қатысты сауалға облыс әкімі былай деп жауап берді:

– Аймақ шаруаларымен бірнеше рет кездестім. Төтенше жағдай жариялау қандай мақсатта қажет болып тұрғанын өздерінен сұрадым. Сонда олар несиелерді қайта құрылымдау және мерзімін ұзарту мүмкіндігі үшін қажеттігін алға тартты. Ал мұндай қолдауды төтенше жағдай жарияламай да жүзеге асыруға болатынын ескердік. Осы бағытта бүгінде жұмыстар жүргізілуде. Алдағы қысқы кезеңге облыс аудандарында 1,2 млн тонна шөп дайындалған. Бұл ретте, жеке қосалқы шаруашылықтардың ахуалы да сөз болды. Облыста 27 мың жеке қосалқы шаруашылығы бар. Аймақ басшысы жеке аулалардың арнайы кәсіптік мәртебесі болмаған соң олардың қандай да бір мемлекеттік қолдау алу мүмкіндігі қарастырылмағанын айтты. Сондықтан аймағымызда әрбір ауылдық округтегі ірі қожалықтармен меморандум жасалған. Кейбір ірі қожалықтарда мал азығының үш жылдық қоры бар көрінеді.  Жалпы, қолдағы малды қыстан аман шығаруға жағдай бар, деді. Облыс әкімі қуаңшылық алдағы уақытта суармалы алқапқа басымдық беру қажеттігін аңғартқанын да атап өтті.

Шағын мектеп салынады

Естеріңізде болар, Павлодар қаласының Усолка шағын ауданында су кемелерін жөндеу зауытының орнына 1200 орындық мектеп салу мәселесі қарастырылған еді. Алайда, билік бұл шешімнен бас тартты. Енді алып мектептің орнына шағын мектеп салу жайын ойластырмақ.

– Усолка шағын ауданында 2 мектеп бар. Бүгінде орын тапшылығынан оқушылар үш мезгілмен оқуға мәжбүр. Кейбір сабақтар тіпті сыныптан тыс жерде өткізіледі. Аталмыш шағын ауданда бір мыңға жуық орын тапшы. Біз жаңа мектеп салуға бірнеше жер телімінің нұсқасын қарастырдық. Мектеп құрылысы үшін 3 гектардан астам аумақ қажет. Тығыз орналасқан бұл ауданда мұндай жер телімі жоқ. Сондықтан, енді шағын аумақта шағын мектеп салуды ойластырамыз, – деді облыс әкімі. Жалпы, оқушы орындарының тапшылығын азайту үшін «Жайлы мектеп» жобасы бойынша Павлодарда 1200 және 600 орындық екі мектептің құрылысы басталғанын білесіздер. 2024 жылы әрқайсысы 1200 орындық тағы 3 мектептің құрылысы басталмақ. Өңірдің ірі өнеркәсіптік компанияларының қаражаты есебінен апатты мектептердің де мәселесі шешімін табуда. Биыл Железин ауданының Моисеевка және Баянауыл ауданының Қаражар ауылдарында 2 жаңа заманауи мектеп салынып, пайдалануға берілді. Аталмыш мектептер жыл соңына дейін мемлекеттің меншігіне өтеді. Үшінші жаңа мектеп осы жылдың соңына қарай Павлодар ауданының Сычевка ауылында ашылады. Одан бөлек, өңірде жалпы сомасы 6,5 млрд теңгеге 54 мектепті жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Алдағы екі жылда қалған 162 мектепті жаңарту жоспарланған. Шағын ауылдардың балаларын тасымалдау үшін 46 мектеп автобусы сатып алынды.

Әлеуметтің әр мәселесі – назарда

Әлеуметтік саладағы мәселелер әрдайым назарда екенін атап өтті аймақ басшысы. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру аясында тұрғындармен тығыз байланыс орнатылған. Жыл басынан бері 50 мыңға жуық өтініш келіп түскен, оның 52 пайызы оң шешімін тапқан. 27 пайызына тиісті түсініктемелер берілген. Қалған-дарымен жұмыстар жүргізілуде. Облыс әкімі халықты жұмыспен қамту бағытында жұмыстар қолға алынғанын айтты. Мемлекет басшысы әр 10 мың тұрғынға жыл сайын 100 жұмыс орнын ашу міндетін қойған. Осы жылдың 10 айы ішінде 26 533 жұмыс орны құрылды. Жыл басынан бері өңірдегі 63 кәсіпорын өздерінің 57 мың қызметкерінің жалақысын орта есеппен 16 пайызға өсірген.

– Қазіргі таңда облыста орташа жалақы – 315 мың теңге. Кез келген еңбек лайықты бағалануы тиіс.  Инвестициялар тарту арқылы жаңа жұмыс орындарын ашып, тұрғындардың жұмыс таңдауына мүмкіндік туғызуға әрекеттер жасалуда. Одан бөлек, білімі болмаса да, кәсіп ашып жатқан жастар баршылық. Шағын және орта бизнес дамуда. Бүгінде облыста 36 мың кәсіпкер бар, – деді облыс әкімі. Денсаулық сақтау және мәдениет салаларының мұң-мұқтажы ескерілуде. Биыл 20 денсаулық сақтау нысанына күрделі жөндеу жүргізіліп, 400 медициналық техника мен жабдық сатып алынды. 37 санитарлық көлік жаңартылды. Осылайша, биыл көлікпен қамтуды 51%-дан 68 пайызға дейін ұлғайту мүмкін болды. 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 100 пайызға дейін жеткізілмек. 2024 жылы 2 млрд теңгеге 17 денсаулық сақтау нысанына күрделі жөндеу жүргізу, 4,3 млрд теңгеге 398 медициналық жабдық сатып алу жоспарлануда. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» аясында 2 жыл ішінде облыс аудандарында 15 мың адамды қамти отырып, 30 медициналық нысан салу жоспарланған. Мәдениет саласында биыл өңіріміз үшін тарихи-мәдени маңызы зор мерейтойлық іс-шаралар өткізілді. Атап өтсек, ақын Мұзафар Әлімбаевтың
100 жылдығы, Қазақ КСР Халық әртісі Шахан Мусиннің 110 жылдығы, ақын, әнші, композитор Естай Беркімбаевтың 155 жылдығы, ақын, ойшыл, тарихшы, этнограф Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің 165 жылдығы, рухани ағартушы Ғабдул-Уахит хазіреттің 170 жылдығы, ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың 130 жылдығы тойланды. Алдағы жылы театр және кино режиссері, КСРО Халық әртісі Шәкен Аймановтың 110 жылдығы, көпжанрлы жазушы, қазақ тіліндегі драма мен романның негізін қалаушы, ғалым және ағартушы Жүсіпбек Аймауытовтың 135 жылдығы, археология ғылымының негізін қалаушылардың бірі Әлкей Марғұланның 120 жылдығы, ғалым, геолог, Қазақстан Ғылым академиясының негізін қалаушы Қаныш Сәтбаевтың 125 жылдығы аталады.

Басты түйткілдер

Аймақ басшысы БАҚ өкілдерінің сауалына жауап бере отырып, өңірдегі өзекті мәселелерді атап өтті. Олардың қатарына денсаулық сақтау, экология және климат мәселелерін жатқызды. Білім беру саласында оқушы орындарының тапшылығын өзекті десе, медицинада онкологиялық сырқаттар көрсеткішінің әлі де көп екенін алға тартты. Қуантарлығы, биыл қатерлі ісік ауруы және осы сырқаттан өлім көрсеткіші 56 пайыздан 51 пайызға төмендеген. Экологияның да өңір тұрғындары үшін маңызды екенін атады. Себебі, өңіріміз атмосфераны ластау жағынан елде көшбасшы аймақтар қатарында қалып отыр. Бүгінде қоршаған ортаға шығатын заттар көлемі 13,2 мың тоннаға кеміген. Дегенмен, осы бағытта әлі де жұмыстарды жалғастыру қажеттігін атады. Әсіресе, барынша экологиялық технологияларға басымдық беру көзделген. Соңғы жылдардағы климаттық жағдайлар ауыл шаруашылығы саласында басқаруды түбегейлі өзгертуді талап ететінін көрсетті, деді облыс әкімі.

Улау аумағы ұлғаяды

Аймағымызда тұрғындарды шыбын-шіркейге талатпаудың айла-тәсілі алдағы жылы да жалғасын таппақ. Бұл мақсатқа үш жылға 8 млрд теңге бөлінбек. Қаражаттың еселену себебі де сұралды.

– Бұл мәселе бүкіл тұрғындарды мазалайды. Аймағымыз арқылы 720 шақырымдық Ертіс өзені өтіп жатыр. Сәйкесінше, шыбын-шіркей көп. 2016 жылы, тіпті, тұрғындар далаға шығудан қалып, төтенше жағдай жарияланған еді. Павлодар мен Ақсу қалаларында бұл мәселе сәл де болсын реттелді. Алайда, аудандық елді мекендерде жағдайды жақсарту қажет. Сондықтан, алдағы жылы улау жұмыстары жүргізілетін алқап 2 есеге ұлғайтылды. Яғни, бұрын 72,1 мың гектарда улау жұмыстары жүргізілсе, енді 127 мың гектар қамтылады. Ал өзендегі улау шаралары қамтылатын ұзындық 1,6 есеге артады. Демек, алқап ауқымы артқанына байланысты қаржы да көбейтілді, – деді аймақ басшысы.

«Ертіс» қашан қатарға қосылады?

Аты әйгілі павлодарлық «Ертіс» футбол клубының тағдыры ала допқа аңсары ауған ағайынды әлі алаңдатып келе жатқаны рас. Жанкүйерлердің көкейіндегі сауалға облыс әкімі брифинг барысында жауап берді. Қазіргі таңда клубтың жылдар бойы жиналған қарызын өтеу бағытындағы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Аймақ басшысының айтуынша, клубтың 3,1 млрд теңге берешегі бар. Оның 1 млрд теңгеден астамы бапкерлер мен шетелдік ойыншылардың айлығы бойынша қарыз. Облыс әкімі павлодарлық клубта өнер көрсеткен еуропалық ойыншылармен, бапкерлермен қарыздың біраз бөлігін жеңілдетуге, яғни, дисконттауға қатысты келіссөздер жүргізілуде, деді. Бірақ, келіссөздер олармен тікелей емес, заңгерлері арқылы болғандықтан өте ауыр өтіп жатқанын жасырмады. Егер шетелдіктер тарапынан жеңіл-дікке қол жеткізілген жағдайда, халықаралық футбол федерациясы «Ертіс» клубын бүкіл жеңістерімен, медальдарымен сақтап қалуға мүмкіндік беретін көрінеді.

– Команданың қай дивизионда өнер көрсететінін сөз ету әлі ерте. Бұл мәселені еліміздің футбол федерациясымен әлі талқылаймыз. Егер бәрі сәтімен іске асса, барлық ережелер бойынша біз Екінші лигада ойнауымыз керек. Бірақ, кейбір атақты клубтарға одан да жоғарысында өнер көрсетуге мүмкіндіктер берген кездер болды. Қарызды өтеу бойынша бір  келісімге келген соң бұл мәселені де біржақты қылуға кірісеміз, – деді Асайын Қуандықұлы. Сондай-ақ, облыс әкімі «Ақсу» футбол клубы металлургтер шаһарының командасы болып, ойынын жалғастыра береді, деді. Аймақ басшысы өңірімізде спорттың өркендеуіне жасалып жатқан жағдайларға да тоқталды. Биыл 6 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, жекпе-жек орталығы салынды. 198 спорт алаңы орнатылды. 14 нысанда ағымдық және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген. Ал 2024 жылы 13 спорт нысанын салу жоспарланып отыр. Атап өтер болсақ, 10 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Ақсуда 1 мұз айдыны, ипподром салынбақ. Екі сағатқа созылған брифинг барысында өңірдің барлық саласы қамтылды. Әлеуметтік-экономикалық даму барысынан бөлек соңғы уақытта ел аузында жүрген әрбір мәселе бойынша тұшымды жауап берілді. Он айда атқарылған жұмыс та, оң өзгеріс те аз еместігі аңғарылды. Енді көрсеткіштерді одан сайын еселеу, елдің әл-ауқатын арттыру бағытында жұмыстар жалғасын таппақ.

Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ,

Суреттерді түсірген – Валерий Бугаев, Есенжол Исабек.