Photo Valeriy BUGAYEV

Елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі (МӘМС) 2020 жылы енгізілді. Сол уақыттан бері медицина саласын қаржыландыру үш есеге өскен. 2019 жылы тегін медициналық қызмет көрсетудің кепілді көлемі 1 трлн теңге шамасында болса, 2023 жылы бұл сома 3 трлн теңгеден асып түскен. Бірақ халыққа көрсетіліп отырған медициналық қызмет көрсету сапасы жақсарды деп айту қиын. Керісінше, арыз-шағым көбейіп барады. Өйткені енгізіліп жатқан реформалар жұрттың көңілінен шығып жатқан жоқ. Осы орайда, аймағымыздағы МӘМС аясында атқарылып жатқан жұмысты білу үшін «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Павлодар облысы бойынша директоры Жангелді Шайымбетовпен тілдескен болатынбыз.

 

– Жангелді Мырзагелдіұлы, облыста қанша адам сақтандырылған? Сақтандырылмағандардың үлесі қандай?

– Ұлттық статистика бюросының мәліметі бойынша, аймағымызда 753,5 мың адам тұрады. Оның ішінде 639 мыңға жуық адам МӘМС аясында тегін ем қабылдайды. Яғни, облыс тұрғындарының 85 пайызы сақтандырылған. Ал 115 мыңға жуық адам әлі МӘМС қатарына енбеді. Бірақ жыл сайын сақтандырылған адамдардың саны артып,сақтандырылмағандардың қатары сиреп келе жатқанын атап өткім келеді. Болашақта қалған 15 пайыз МӘМС жүйесіне қосылады деген ойдамын.

– Жыл сайын сақтандыру қорына тұрғындардан қыруар қаражат аударылады. Бюджет қалай бақыланады?

– Қордағы қаражаттың кіріс, шығыс есебінің ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында жыл сайын қаржы-шаруашылық қызметіне тәуелсіз аудит жүргізіледі. Қаржы есебі ҚР Қаржы министрлігінің депозитарийінде (www.dfo.kz) орналастырылады және қордың корпоративтік сайтындағы «қаржылық есептілік» бөлімінде (https://fms.kz/o-fonde/finansovaya-otchetnost/) де көрсетілген. Қор қызметінің есебі ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми сайтында және медиа-ресурстарында жарияланады. Сондықтан МӘМС-ке түскен қаражат пен жұмсалған қаржы бақылауға алынған.

– Тұрғындар әлі күнге дейін МӘМС жүйесіне көңілі толмайтындарын айтады. Көпшілігі бір жыл ішінде жиналған қаражатты тек өздеріне ғана жұмсалғанын қалайды. Бұған не дейсіз?

– Бұл мәселені тек заң аясында ғана шешуге болады. Өз еркімізбен мұндай жаңашылдықты енгізе алмаймыз. Жалпы, тұрғындар тарапынан МӘМС төңірегінде шағымның көп екенін білеміз. Бұл ретте жұртшылықтың пікірі екіге бөлінген. Бірі сақтандыру жүйесі өзіне жүктелген міндетті толық атқара алмағандықтан жабыл-ғанын қаласа, тағы бірі МӘМС болмаса, денсаулық сақтау жүйесі тұрғындардың барлығына медициналық көмек көрсете алмайтынын айтады.

Жалпы, қор жинақтаушы болып есептелмейтінін ескеру қажет. Сондықтан ондағы қаражатты әр адам жеке өзіне ғана жұмсай алмайды. Мәселе МӘМС-те емес. Өкінішке қарай, өңір тұрғындарының барлығы МӘМС аясында көрсетілетін тегін көмектің тізімін толық біле бермейді. Салдарынан қалталарынан қаражат шығарып, жекеменшік зертханалар мен емдеу мекемелеріне жүгінгенді тәуір көреді. Жолдама алу арқылы қалаған емдеу шарасынан тегін өтуге болады. МӘМС аясында көрсетілетін қызмет түрі жыл сайын артып келеді. Шағымның басым бөлігі түсініспеушілік салдарынан туындайды. Мысалы, қант диабетімен ауыратындарды бақылау, емдеу, диагностикалық зерттеу жүргізу, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тегін медициналық көмектің кепілді көлеміне енгізілген.  Алайда аталған сырқат бойынша есепке алу үшін қажетті сараптамаларды тапсыру қажет. Яғни, адам сақтандырылған болуы шарт. Көп жағдайда диспансерлік есепке алынған адамдар МӘМС-ке жарна төлеуден толық босатылады деп ойлайды. Бұл – қате пікір. Әлеуметтік және созылмалы аурулар тегін емделетіні рас. Мәселен, қант диабетімен ауыратын науқас сырқаттың басқа түріне шалдығатын болса, сақтандырылғаны маңызды.

МӘМС арқылы магниттік-резонанстық томография мен компьютерлік томографиядан тегін өтетіндердің саны көп. Бұл құрылғылардан ақылы өту үшін 19-25 мың теңге көлемінде ақша жұмсау қажет. Бұдан бөлек, «жасанды бүйрек», яғни MARS құрылғысында диализ жасату құны – 2,4 млн теңге. Құны 1 млн теңгеден асатын емдеу шаралары да көп. Бұдан да қымбат медициналық қызмет түрлері бар. Мәселен, кардиохирургиялық, неврологиялық бағыт-тағы оталардың бағасы 18 млн теңгеге дейін барады. Ал ешкім жарна аударуы арқылы бір жыл ішінде мұндай қаражатты жинай алмайтыны – ақиқат. Сондықтан МӘМС-тің маңызын түсіну қажет деп ойлаймын.

– Демек, тұрғындарға МӘМС-тің тиімділігі зор деп санайсыз ғой?

– Әрине. МӘМС жүйесі халықтың медициналық шараларға жұмсайтын қаржысын үнемдеу үшін енгізілген. Сол үшін де тұрғындар қажетті тексеруге қомақты ақша жұмсамас үшін ай сайын жарна төлейді. Халық мемлекеттік және жеке-
меншік емханаларға да қарала алады. Биыл қор филиалы 75 медициналық мекемемен келісімшарт жасады. Оның ішінде 32-сі – мемлекеттік, 43-і – жекеменшік ұйым. МӘМС-тің тиімділігі адамдардың қажетті сараптаманы тапсырып, қажетті тексерулерден тегін өтуінде.

Сонымен қатар, ультрадыбыстық зерттеулер мен бағалы құрыл-ғылардан тексерістен өтеді, ақысыз негізде ауруханаға жата алады. Мысалы, ай сайын жарна аударатын адам жылына кем дегенде 51 мың теңге қаражат жинайды екен. Ал алатын емдеу шарасының бағасының қасында бұл сома түк емес. Сақтандырылған адамдар құны 1 млн теңгеден бастап
40 млн теңгеге дейінгі оталарды тегін алады. Мысалы, аортокоронарлы шунттаудың бағасы 2,9 млн теңгеден басталса, жамбас және тізе буындарын ауыстыру – 1,5 млн теңге. Бұдан бөлек, белгілі бір санатқа стоматология-
лық қызметтер де тегін көрсетіледі.

Қуантарлығы, сәби үнін аңсап жүрген жұптарға арналған экстракорпоралды ұрықтандыру шарасын жүргізу қызметі де МӘМС жүйесіне енгізілген. Елімізде әрбір 6-ншы отбасы бала сүйе алмайды. Бірақ тегін ЭКҰ шарасынан өту үшін жұптардың сақтандырылғаны маңызды. «Аңсаған сәби» бағдарламасы басталғалы елімізде 20 мың ЭКҰ шарасынан өткен. Өткен жылы Павлодар облысында квота аясында 44 отбасы сәби сүйді. Оның ішінде екі жанұяда егіздер дүниеге келді. Бағалы бағдарламаның құнын ескерсек, МӘМС-тің тиімді екенін білуге болады.

– МӘМС аясында тегін көмек ала алмаған адамдардың шағымы қалай қаралады? Сақтандырылған тұрғындарға көрсетілетін медицицналық қызметтің сапасын қалай бақылайсыздар?

– Тұрғындардың құқығын қорғау, олармен кері байланыс орнату – негізгі міндеттің бірі. Бұл ретте қорда бірнеше желі жұмыс істейді. Сақтандыру жүйесі негізінде қажетті ем-шараны дұрыс ала алмаған жандар 1414 бірыңғай ақпараттық байланыс орталығына, «Qoldau 24/7» мобильді қосымшасына, «SaqtandyryBot», «fms.kz» сайттарына, msqory_pvl сынды әлеуметтік желілердегі парақшаларға жаза алады. Сонымен қатар, 8 (718 2)70-41-23, 70-41-24 және 8707 5994650 WhatsApp желісіне қоңырау шала алады. Бұдан бөлек, әр медициналық мекемеде емделушілерді қолдау орталығы жұмыс істейді. Мекеме басшылығы емделушілердің талап-арыздарын қарайды. Егер жұртшылық қажетті сараптамаға жолдама берілмесе, учаскелік дәрігер немесе медбике емделушінің үйіне келмесе, тексеруге жазыларда кезек саны көп болса, салалық мамандардың қабылдауына жазыла алмаса, осы орталықтың көмегін пайдалануы керек.

– Қор мамандары МӘМС аясында жұмыс істейтін медициналық мекемелердің жұмысын қаншалықты
назарда ұстайды?

– Медициналық сақтандыру қорында медициналық көмектің сапасын бағалау және шарттық міндеттемелер мониторингі бөлімі жұмыс істейді. Бөлім жұмысы пациенттердің құқықтарын қорғауға бағытталған.

Ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанында МӘМС аясында орын алған мәселенің дені сақтандырылмағандардың салдарынан орын алды. Сонымен қатар, салалалық мамандарға кезектің көп екендігіне арызданғандар болды.
Бұл мәселе бойынша денсаулық сақтау басқармасымен арнайы жиын да өткізілді. Өтініштердің басым бөлігі алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ісіне байланысты түседі. Шағымдардың 16,2 пайызы стационардың жұмысына тікелей қатысты. Барлық мәселе денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп назарға алынып, шешіледі.

– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рақмет!

Сұхбаттасқан –  Айдана ҚУАНЫШЕВА.