Қазіргі таңда белең алып тұрған қызылша індеті – Қазақстандағы соңғы он жылдағы ең кең көлемде таралған ауру. Өткен жылдың соңына қарай республикамызда 30 мыңға жуық адам осы дертке шалдыққаны расталды. Бұл ретте пациенттердің 80 пайызы екпе алмаған. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында
мәлімделді.
— Облыста қызылша ауруының көбеюі 2023 жылдың шілде айында белең алып, қазан айында айтарлықтай өсу байқалды. Павлодар облысында өткен жылы 793 адам, биыл жыл басынан 189 науқас тіркелді. Ауру жұқтырғандардың көпшілігі – 14 жасқа дейінгі балалар. Олардың 38 пайызы бес жасқа дейінгі, ал 14 пайызы бір жасқа толмаған балалар.
Сондай-ақ, 2024 жылдың басынан бастап облыста 14 жасқа дейінгі балалар арасында көкжөтелдің (коклюш) 9 жағдайы және тұмаудың 58 жағдайы расталды, —
деді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Батырбек Әлиев.
Эпидемиолог мамандардың айтуынша, қызылшаға қарсы нақты емдеу әдісі жоқ. Тек симптоматикалық терапия, яғни антибиотиктер мен вирусқа қарсы препараттар қолданылады. Жұқпалы дерттен қорғанудың жалғыз жолы – екпе алу. Қызылшаға қарсы вакцинаның жанама әсерлері жоқ. Осыған қарамастан облысымыздың кейбір тұрғындары қызылшаға қарсы екпе алудан бас тартып отыр. Соның салдарынан аймақтың 700-ден астам тұрғыны қауіпті ауруға шалдыққан. Сондықтан емханаларда иммунологиялық комиссиялары, педиатрлар, инфекционистер мен эпидемиологтар, мектептер мен балабақшаларда медбикелер ата-аналармен әңгімелеседі.
– Бүкіл әлем бойынша, оның ішінде Қазақстанда қырық жылдан астам уақыт бойы қызылшаға қарсы вакцинация жүргізілді. Препарат Үндістанда жасалған. Қазақстанда үнді вакцинасы он жылдан астам уақыт бойы қолданылып келеді. Алайда, адамдар сенімсіздік танытып, вакцинациядан бас тартуда, — деді жұқпалы және паразиттік ауруларды эпидемиологиялық бақылау бөлімінің басшысы Гүлмира
Құлмағамбетова.
Жыл басынан бері өңірде үш науқас жан сақтау бөліміне жіберілген. 23 қаңтардағы жағдай бойынша облыстың жұқпалы аурулар стационарларында 93 пациент бар, оның 72-сі балалар. Қазіргі таңда үш айлық бала жансақтау бөлімінде жатыр. Павлодар өңірінде өлім-жітім тіркелмегенімен, республика бойынша екі жағдай тіркелген.
Қызылша – жұқпалы, адам ағзасының барлық мүшелері мен жүйелеріне әсер ететін вирустық инфекция. Қызылшаның асқынуы көмей стенозы, пневмония, менингит және қызылша энцефалиті, соқырлық секілді ауыр асқынуларға алып келуі ықтимал. Сондықтан жұқпалы дерттен сақтанып, оған жол бермеуге баса назар аудару қажет. Сол секілді, көкжөтелдің кенеттен күрт көбеюі соңы өлімге дейін апаратын қауіпті ауру екенін ескеріп, екпе алып, балаларды қорғау керек екенін ата-аналар ескеруі керек.
Т.ӘБІЛДА.