Күн жылына бастаған кезде түрлі жұқпалы ауруларды тарататын паразиттер де көбейеді. Әсіресе, сәуір-мамыр айларында қауіп тудыратын жәндік — кене. Өткен жылы облыста 81 адамды кене шаққан. Биыл сәуір айында кене шағуға байланысты 12 жағдай тіркелген.
Облыстық санитарлық-эпидемиоло-гиялық бақылау департаментінің басшысы Батырбек Әлиевтің айтуынша, кене адамдар мен жануарлардың денесіне жабысып, қанын сорып тіршілік етеді. Кененің ең көп тарайтын кезеңі – мамыр-маусым айлары. Күн ысығанда, топырақ ылғалды болғанда белсенділігі артады.
Кене энцефалиті – кене арқылы тарайтын, ми және жүйке қабынуын тудырып, орталық жүйке жүйесін зақымдайтын жұқпалы ауру. Кененiң шағуын дер кезінде байқау қиын. Себебі кене өз денесiнен арнайы ферменттер бөлiп, шаққан орнын бiлдiрмеуге тырысады. Тұмсығын терi қабатына енгiзу арқылы қан тамырларынан қоректене бастайды. Сол жерде тойған мезетте мыңдаған жұмыртқаны терi астына тастап, сол мезеттен бастап ауру белгiлерiн шақыра бастайды.
Кене шаққан адамда дене қызуы, бас ауруы, құсу, лоқсу, әлсіздік, буын ауруы, бет, арқа және көздің қызаруы сынды белгілер мазалайды. Кене шаққан жағдайда мүмкіндігінше емдеу мекемесіне қаралған жөн. Егер бару мүмкіндігі болмаса, кенені денеден алып тастау қажет. Оны алудың да өз тәртібі бар. Бірден жұлып алғанда теріде жәндіктің мұртшалары қалып қоюы ықтимал. Сондықтан бұл істе барынша абай болған абзал. Бұл ретте қан сорып жатқан кенені тұмсық астынан жіңішке жіппен байлап, асықпай, жұлқымай, кене мұртшаларын толық шығарғанша күтіп, ақырын тарту керек. Егер кененің басы толық шықпай теріде қара дақ түрінде қалып қойса, өздігінен шығуын бақылау керек. Егер шықпаса, дәрігерге қаралу керек. Кенені жұлған соң қолды мұқият жуып, йод немесе спиртпен өңдеу керек. Сонымен қатар, табылған кенені жағып немесе қайнаған суға салып көзін құртқан дұрыс.
— Кенеден сақтану үшін табиғат аясынан демалып келгенде киімдерді қағып, құлақ, шаш және саусақтардың арасын тексеріп шығу керек. Табиғат аясына шыққанда ашық түсті киім кию керек. Бұл арқылы киімге жабысқан кенені бірден көруге болады. Сондай-ақ, етек-жеңі ұзын, жабық киімді таңдаған жөн. Сақтық шаралары үшін кенелер мен шіркейлерге қарсы аэрозольдар мен жақпа майлар пайдалануға болады. Кенелер қалың шөптердің арасында жасырынатындықтан, көк шөпте отырмауға, ойнамауға кеңес беремін. Орманды жерлерде ағаштар мен шөптерді, тіпті, гүлдерді де жұлмаған абзал, — дейді Батырбек Төлеубекұлы.
Айдана ҚУАНЫШЕВА