Облыс орталығындағы «Баянтау» спорт кешенінде Ұлы Отан соғысының ардагері, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Рымтай Ізбастинді еске алуға арналған қазақ күресінен республикалық турнир өтіп жатыр. Боз кілемдегі бәсекеге еліміздің әр өңірінен 200-ден астам спортшы қатысты.

Жарысқа Ақмола, Абай, Алматы, Шығыс Қазақстан, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан облыстарынан, сондай-ақ, Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан спортшылар қатысты.

Мықты балуандардың басын қосқан жарысты тамашалауға облыс әкімі Асайын Байханов та қатысты.

– Сіздермен Ұлы Отан соғысының ардагері, Баянауыл ауданының Құрметті азаматы Ізбастин Рымтай Ізбастыұлын еске алуға арналған дәстүрлі республикалық турнирде жүздескеніме қуаныштымын. Бұл залда еліміздің түкпір-түкпірінен келген ең үздік балуандар жиналды. Әлсіз қарсыластар болмайды, әрбіріңізге жеңіс тілеймін, – деді аймақ басшысы.

Екі күнге созылған бәсекенің алғашқы күні 250 жасөспірімнің арасында, келесі күні 23 ересектің қатарында мықтылар анықталды. Турнирдің абсолютті чемпионы атағын Тараз қаласынан келген Ғалымжан Қырықпаев иеленді. Екінші орын маңғыстаулық Нұрдәулет Жарылғаповқа бұйырса, үшінші орынды Қызылорда облысының намысын қорғаған Еламан Ерғалиев иеленді.

Жүлдегерлер сапында павлодарлықтар да бар. Айталық, 2007-2008 жылы туған жасөспірімдер арасында 82 келі салмақ дәрежесінде күрескен балуан Теміртас Файзулла үздік атанса, 46 келі салмақ дәрежесінде Аңсат Коховай алтын медаль иегері атанды.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге медальдар және ақшалай сыйлық табысталды.

 

Өз тілшіміз.