Павлодар қаласының аумағында бұқаралық һәм балалар спортын дамытудың дара даңғылы қалыптасып келеді. Мәселен, күні кеше қалада «AULAFIT» жобасы қолға алынды. Өңіріміздегі мұндай спорттық жобаларға кімдер қатыса алады? Жаттығулар тегін бе? Осы және өзге де сұрақтарға Павлодар қаласы дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Әсет Әбілтаев жауап берді. 

— «AULAFIT» жобасы туралы толығырақ тарқата кетсеңіз. Мақсат-міндеті қандай?

— Жобаның мақсаты – тұрғындарды спортқа тарту ғана емес, таланттарды анықтау. Яғни әр алаңның өз командасы құрылып, сайыстар  ұйым-дастырылмақ. Үздік топтар өзара іріктеліп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашылады. Сондай-ақ, жобаның тағы бір тиімділігі — үй ауласындағы спорт алаңына жаттықтырушылар тартылады. Енді тұрғындар үйінен алыстамай-ақ, кәсіби спортпен тегін айналыса алады. Бұрын әр шағын ауданда футбол мен волейбол алаңдары бос тұратын еді. Бұқаралық спортты дамытуға жаңаша бағыт керек болды. Жоба ұйымдастырушылары осылайша кез келген тұрғынға кәсіби жаттықтырушының көмегін пайдаланып, тұрақты түрде спортпен шұғылдануына жағдай жасауды көздеді. Әзірге жоба тек Павлодар қаласында жүзеге асырылып жатыр. Егер де халықтың қызығушылығын арттырып, өз тиімділігін көрсетсе, облыс аумағын да қамтитын болады.

— Жоба аясында спорттық жаттығулар қайда, қашан өтеді? 

— Спорттық жаттығулар барлық жастағы адамдарға арналған! Жаттығу аптасына 3 рет тегін өтеді. Атап айтсақ, дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күндері таңертең сағат 10.00-ден 12.00-ге дейін және кешке 19.00-ден 21.00-ге дейін жалғасады. Ағымдағы жылы жоба Н.Назарбаев көшесі, 204, Қамзин көшесі, 68, Ткачев көшесі, 15, Сибирская көшесі, 87/2, Комсомольская көшесі, 1/1, Қамзин көшесі, 350, Горький көшесі, 31, М.Жүсіп көшесі, 40, 288, Айманов көшесі, 50, Малайсары батыр көшесі, 8, Аймауытов көшесі, 2, Бектұров көшесі, 5 және Гагарин паркі мен Г.Дүйсенов көшесі 105 мекенжайында орналасқан қалалық орталық саябақта өтеді. Егер жоба аясында жаттығуларға тұрғындар аз қамтылған жағдайда, аталған орындар басқа мекенжайларға ауыстырылуы мүмкін. Біз балалар мен ересек азаматтарды спортпен максималды қамтуды көздейміз. Сондай-ақ, жаз бойы барлық қала тұрғындарын жобаға белсенді қатысуға және қаламыздағы спорттың дамуына өз үлесіңізді қосуға шақырамыз!

— Спорттық жоба қандай жаттығуларды қамтиды?

— Ең бастысы, жаттығу сабақтарын білікті жаттықтырушылар тегін өткізеді. Осылайша, мұндай ашық жаттығулар қала тұрғындары арасында бірден танымал бола бастады. Балалардан бастап, қарт адамдарға дейін жаттығу жасауға құмартып келеді. Жоба жоспары бойынша жаз айларында жүгіру, йога, зумба, воркаут, скандинавиялық жүріс, тыныс алу гимнастикасы бойынша тегін жаттығулар мен сабақтар ұйымдастырылады. Сондай-ақ, арнайы мамандар күнделікті әр аулаға барып, футбол, баскетбол, волейбол сияқты командалық ойындар бойынша және жалпы физикалық дайындық бойынша жаттығулар жүргізеді. Қатысам деушілердің жасына шектеу жоқ.

— Ақпаратыңызға рақмет.

 

Сұхбаттасқан — Алтынбек МҰҚЫШЕВ.