Елімізде халықты жұмыспен қамтуға бағытталған іс-шаралар үздіксіз қолға алынғанымен, жұмыссыздар қатары әлі де азаймай тұр. Статистика агенттігінің мәліметінше, осы жылдың 1 тоқсанында облыстағы жұмыссыздар саны 19 315 адамды құраған. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 1,5 пайызға жоғары.

 

Аталмыш мәселе жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Альмира Дисюпова мәлім етті. Оның айтуынша, жұмыссыздық көрсеткішінің өсуіне саладағы соңғы өзгерістер әсерін тигізуде.

– Бұған себеп – елімізде «Отбасының цифрлық картасы» ақпараттық жүйесінің деректерін өзектендіру шеңберінде жұмысқа мұқтаж адамдарды анықтау бойынша кешенді жұмыстардың тыңғылықты жүргізілуі. Соның нәтижесінде, отбасының цифрлық картасына сәйкес NEET жастар санатында 9,0 мың адам анықталды. Оның ішінде 2049 жас жұмыспен қамту шаралары туралы СМС хабарлама алды. Халықты жұмыспен қамту орталықтары тұрғындарды еңбекке тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Бүгінгі таңда 600 адам қамтылды. Жалпы, статистика агенттігі өңірде 19 315 адамның жұмыссыз екенін анықтағанымен, нақты жұмыссыз ретінде тіркеуде тұрған 8 мыңнан астам тұрғын бар, – дейді Альмира Дисюпова. Сондай-ақ, ол халықты жұмыспен қамту деңгейін арттыру үшін өңірлік жұмыспен қамту картасы бекітілгенін атап өтті. Сол бойынша 25,2 мың азаматты еңбекке тарту жоспарлануда. Ал қазіргі уақытта 10,8 мың адам жұмысқа орналастырылған. Сонымен қатар, өз кәсібін ашқысы келетін тұрғындарға да мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілуде.

– Бүгінгі таңда кәсіпкерлік негіздеріне оқытудан 2276 адам өтіп, 129 тұрғын грант алды. Биыл жастарға жеңілдетілген пайызбен шағын несие беру де қарастырылған. Аграрлық несие корпорациясының облыстық филиалына 106 өтінім келіп түсіп, конкурстық комиссияның шешімімен 251 млн теңгенің 59 өтінімі мақұлданды. «Субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру арқылы кәсіпкерлерді қолдау» бағыты бойынша 5459 адамды жұмысқа орналастыру көзделген. Қазіргі уақытта 3847 адам қамтылды, – дейді Альмира Аманқызы. Алдағы уақытта мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамтуға айрықша назар аударылмақ. Бүгінде өңірде 15 мыңнан астам еңбекке қабілетті жарымжан жан болса, оның 31 пайызы ғана жұмысқа тартылған. Болашақта олардың үлесін 40 пайызға дейін ұлғайтуды мақсат етіп отырмыз, дейді басқарма басшысы.

Нұржайна ШОДЫР.