Осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын қазақ халқының басына түскен қасіретті сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. XX ғасырдың басында ел тарихында қанмен жазылған солақай саясаттың салдарынан көптеген жазықсыз жандар жапа шекті.

 Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай: «Тоталитаризмнің бұл қырғыны халқымызға орасан зор қасірет әкелді. Тарихымыздың қайғылы кезеңдерін терең зерделеп, жазықсыз жапа шеккен боздақтарды ақтау ісін жалғастыру – өте маңызды мәселе. Азалы күндерден сабақ алып, мұндай нәубеттің келешекте қайталануына жол бермеу – баршамызға ортақ парыз. Біз ауыр сынаққа төтеп берген, ұлт бірлігін сақтап қалған және асыл қасиеттерін жоғалтпаған ата-бабамыз-
дың үмітін ақтауымыз қажет», – деді. Жыл сайын қасіретті нәубет жылдардың құрбандарына арналған ескерткіштерге гүл шоқтарын қою дәстүрге айналған. Кеше – саяси қуғын-сүргін және жаппай ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай облыс орталығында қаралы жиын болды. Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған ескерткіш жанына жиналған қауымды азалы әуен тербеді. Еске алу шарасына зиялы қауым өкілдері, қала жұртшылығы қатысты. Зобалаң жылдары репрессияға ұшырағандардың ұрпақтары ата-баба рухына тағзым етті. Облыс әкімі Асайын Байханов көпшілікпен бірге ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

Торғын ОРАЗАЛЫ.

Суреттерді түсірген – Валерий Бугаев.