Облыс аумағында бірнеше жыл бұрын қабырғасы қаланғанымен, құрылысы жарты жолда қалған нысандар бар. Қараусыз тұрған мұндай «жарымжан» ғимараттар есірткі мен ащы суға жақын адамдардың панасына айналып, тұрғындарға қауіп пен қолайсыздық тудыруда. Таяуда сондай нысандардың бірі сот шешімі бойынша толығымен сүрілді.

 

Осыдан бірнеше жыл бұрын жергілікті кәсіпкерлердің бірі облыс орталығындағы Жамбыл көшесі, 15 мекенжайында шағын дүкен ашуды ойластырып, құрылысын бастаған-ды. Алайда түрлі себепке байланысты бұл жұмысы аяқсыз қалды. Бұған сол маңдағы үйлер тұрғындарының көңілі толмады. Сондықтан олар құзырлы мекемеге бірнеше рет шағым түсіріп, аталған құрылыс нысанына қатысты шешім қабылдауды сұрады. 2018 жылы өткен сот отырысы барысында кәсіпкер жағдайды уақыт оздырмай реттеуге уәде беріп, тіпті дүкенді жуық арада ашуға қатысты жоспарымен бөлісті. Алайда бұл да іске аспаған құрғақ сөз болып шықты. Соттан соң да сең қозғалмағандықтан, тұрғындардың шағымы да көбейе түсті. Бұл жайтқа жергілікті әкімдік те бейжай қарай алмады. Сөйтіп, 2020 жылы Павлодар қаласының әкімдігі сотқа арыз түсірді. Оның 5 қарашадағы шешіміне сәйкес, нысан бұзылуы тиіс еді. Арада үш жыл өтсе де, соттың бұл шешімі де іске асқан жоқ. Бұл іске таяуда жасақталған Павлодар қалалық мәслихатының депутаты Нұргүл Айғожина кірісті. Депутат, жергілікті билік пен басқа да құзырлы органдардың бірлескен күшімен сот шешімін іске асыратын мүмкіндік туды.

– Қалалық сәулет және қала құрылысы бөліміне ресми сұраухат жіберу мен ғимараттың сүрілуі арасында тура 45 күн өтті. Бұл мәселе бойынша мемлекеттік органдарға бірнеше хат жолданып, кездестік. Осылайша, тұрғындар жылдар бойы күрескен түйткілдің түйіні тарқады. Осы орайда табанды жұмыс істеген сот орындаушыларға да алғыс айтқым келеді, – деді депутат. Жалпы, бүгінде Павлодар облысының аумағында «сақалды» құрылыстың 26 нысаны бар. Оның 15-і облыс орталығында, бесеуі – Екібастұзда және алтауы Ақсу қаласында орналасқан. Жергілікті билік пен облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасы олардың санын азайту үшін жүйелі түрде жұмыс істеуде.

Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.