Облыс орталығындағы Шахмат үйінде тоғызқұмалақтан ҚР чемпионаты өтті. Бұл — әлем чемпионатына және Көшпен-ділер ойындарына іріктеу сайысы. Жарыс жүлдегерлері халықаралық бәсекелерге жолдама алды.
Павлодар қаласында өткен тартысқа Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен еліміздің 14 облысынан 150 тоғызқұмалақшы жиналды. 14 жасқан ерлер мен әйелдер арасындағы турнир рапид және блиц түрлері бойынша ұйымдастырылды. Сайысқа қатысушылардың бір бөлігі әлемдік додаларға жолдама алу үшін келсе, енді бірі алдымен тәжірибе жинауды көздейді. Мәселен, Қостанай облысынан келген Қуаныш Қалелов тоғызқұмалақты тоғыз жасынан бастап ойнайды. Бұған дейін айтарлықтай жоғары жетістіктерге жете қойған жоқ. Бірақ бұл жолғы чемпионаттан олжалы оралсам екен дейді.
Ақтөбеден келген Гүлжанат Алдабергенова үшін Түркияның Стамбул қаласында өтетін әлем чемпионатына бару маңызды. Бұған дейін халықаралық чемпионаттарды екі жүлде еншілеген ол әлемдік сайыстарда тағы бақ сынауды қалайды.
Жалпы, Павлодарда ұйымдастырылған Қазақстан чемпионатына барлығы бес еңбек сіңірген спорт шебері, 23 спорт шебері мен спорт шеберлігіне үміткер 74 тоғызқұмалақшы бақ сынады.
Рапид турнирі бойынша ерлер арасында павлодарлық Ерасыл Әутәліпов топ жарды. Шымкенттен келген Ғалымжан Темірболатов екінші орын иеленді. Тағы бір жерлесіміз Жанат Қоймолдин мен Батыс Қазақстан облысының спортшысы Дархан Әнуарбеков үшінші орынды өзара бөлісті. Әйелдер арасындағы бәсекеге Түркістан облысының намысын қорғаған Әсел Далиева үздік болды. Абай облысының тоғызқұмалақшысы Аяна Исахан екінші орынды еншіледі. Ақтөбелік Гүлжанат Алдабергенова мен Түркістаннан келген Аружан Салман үшінші орынды місе тұтты.
Блиц-турнирде әйелдер арасында бірінші орынды Аружан Салман (Түркістан облысы), екінші орынды Ақбота Намаз (Абай облысы) иеленді. Үшінші орынды ақтөбелік Гүлжанат Алдабергенова мен астаналық Гүлнар Базаралиева өзара бөлісті. Ал ерлер арасында Батыс Қазақстан облысынан келген Әсет Қайыржановқа қарсылас шақ келмеді. Оның жерлесі Жарасхан Сағынбаев екінші орынды олжалады. Үшінші орын Ақтөбе облысының тоғызқұмалақшысы Азамат Қайдаров пен алматылық спортшы Рахат Айтбаевқа бұйырды.
Құндыз ҚАБЫЛДЕНОВА.
Суреттерді түсірген – Есенжол Исабек.