Биыл Ұлы Отан соғысы кезеңінде сонау Молдова жерінде мәңгілік тыным тапқан батыр Қанаш Қамзиннің туғанына 105 жыл. Туған елі, жұрты Қанаштай батырын әркез ұлықтап, ерлігін отансүйгіштік жолында насихаттап жүретіні анық. Осы орайда, Павлодар облыстық «Saryarqa samaly» газеті ұдайы батырдың есімін ұлықтауды мақсат етеді.

Бастау

2015 жылы облыстық газетте «Ертіс бойының Ерлері» атты жобаны іске асырып, оның аясында Павлодар өңірінен түлеп ұшқан Кеңес Одағының батырлары мен барлық дәрежелі «Даңқ» орденінің иегерлері туралы кеңінен жазған болатын. Солардың қатарында соғысқа Алматыдан аттанған есіл ер – Қанаш Қамзин де болатын. Бұдан кейін де облыстық басылым Қанаш Қамзиннің Мәскеуде қалған «Алтын жұлдыз» медалін іздестіруге РФ Қорғаныс министрлігі Орталық архивіне сұрау салды (Кеңес Одағының батырына Грамота, «Алтын жұлдыз» медалі және «Ленин» ордені қоса беріледі).

Басылым 2023 жылы 9 қыркүйекте Қанаш Қамзиннің ұрпақтарын іздеп табу мақсатында Абай облысы Бесқарағай ауданына экспедициялық сапармен барып қайтқан болатын. Бұл туралы сол кезде жеке оқиға ретінде хабарлағанбыз. Десе де, осы жолы Қанаш Қамзиннің мерейтойына орай батырды ұлықтау жолындағы атқарылған істердің басын бір қайырып шығуды жөн көрдік. Небары 24 жасында мерт болған жерлесіміздің ерлігін қанша дәріптесек те біздің парызымыз таусылмақ емес.

Ертістің ұланы

Қанаш Қамзиннің ерлік жолын Ұлы Отан соғысы тарихынан хабары бар адам тегіс біледі десек, артық айтқандық емес. Өзі жастайынан әке-шешеден айырылып, бауырларымен Павлодар қаласындағы қазақ-орыс коммуна мектебінде, өкіметтің қолында өседі. Кейін Алматыға аттанып, 1942 жылы педагогика институтын тәмамдаған. Бірақ дипломымен мектепке мұғалім болуға емес, шақыртумен сарбаз болып соғысқа аттанады. Батырымыз небары 24 жасында Днестр үшін шайқаста, қазіргі Молдовия жерінде қаза табады.

Қанаш Қамзин 1919 жылдың 29 қарашасында қазіргі Ақсу қаласы Жолқұдық ауылында (бұрын Каганович, кейін Ермак ауданы болып аталған) дүние есігін ашты. Әкесі Қамза мен анасы Сағила қарапайым адамдар болған. Отбасында 4 ұл, 4 қыз болған. Қанаш — үйдің ортаншысы, Мағау, Мұқан (екеуі де кейін соғысқа қатысқан) ағаларының ізін басып, ер жеткен. Інісінің есімі — Шора. Төрт қыздың үлкені жастай дүние салған. Олардың әке-шешесінің де ғұмыры ұзақ болмады.

Атап өтерлігі, Қанаш Қамзин институтты бітіргенде «Отличник-стрелок» деген значоктың иегері болған екен. Сондықтан оны майданға жібермес бұрын арнайы шеберлік оқуынан өткізіп, шайқасқа офицер шенінде қатысуына мүмкін-
дік жасалған.

Молдовада мәңгіге қалды

Тарихи деректерге сүйенсек, батыр 3-інші Украин майданы 52-нші атқыштар дивизиясының 429-ыншы атқыштар полкінің 3-інші рота командирі болып лейтенант шенінде майданға араласқан. Оның ерлікпен көзге түсіп, жан қиятын жері — Молдавияны азат ету шайқасы. Днестр өзенінің жағалауында болған «Яссы-Кишинев операциясы» — Кеңес армиясы үшін жауға есеңгірете соққы беру жолында арнайы ойластырылған ірі жоба болатын. Алайда қалың әскердің алдында ұлы Днестр өзені жатты. Оны жау әскері күндіз-түні бақылайтын. Судың бетіне кім түссе, сол сәтте артиллериямен тып-типыл етіп салатын. Қалың әскерді ондай қауіпке ешкім жібермейді, яғни алдын ала жол ашатын, жаудың оғын бірінші болып қабылдайтын шағын топ керек.

Қанаш бастаған батырларға түнде өзенді қолдан жасалған сал-қайықтармен кешіп өтіп, жауды бір мезет шегіндіріп, жол ашу міндеті тапсырылады. Жаңбырша жауған оқтың ортасынан аман өтіп арғы бетке жеткен Қанаш бастаған ерлер жауға тойтарыс беріп, таң атқанша арттан жетуге тиіс зор күшті күтеді. Алайда соңын ала жетуге тиісті көмек болмайды, қайта шапқан фашистердің екпініне шыдай алмаған Қанаш Қамзин мен оның жауынгерлері сол шайқас өткен Гура-Быкулай жерінде қаза табады. Бұл алапат ұрыс Яссы-Кишинев операциясы атауымен тарихқа жазылды. Бір ғана селоның маңындағы шайқастарда 18 Кеңес Одағының Батырының шығуы жайдан-жай болмаса керек. Жалпы, Молдавия жерін жаудан азат ету ұрыстарында 130 кеңес жауынгері Батыр атағын иеленді. Солардың бірі — Ертіс бойының Ері Қанаш Қамзин. Қ.Қамзиннің денесі өзінің сарбаздарымен Гура-Быкулай ауылында жерленген. Селоның орталық көшесі Қанаш Қамзиннің есімімен аталған. Ұлы Жеңістің 63 жылдығына орай Батырға құрмет ретінде лицейдің ғимаратында мемориалдық тақта орнатылған. Кеңес Одағының Батыры Қ.Қамзиннің есімі Молдавияның астанасы Кишинев қала-сындағы Жеңіс аркасына қашалып жазылған.

«Алтын жұлдызды» Мәскеуден әкелу керек

Қазақтың батыр ұлына Молда-вияның топырағы бұйырды. Оның ерлігін Днестр өзені мәңгі ұмытпасы хақ. 1944 жылы Кеңес Одағының батыры атағы берілсе де, Грамотасы елге 1964 жылы келеді. Онда да ата-анасы, жұбайы немесе балалары болмаған себепті, наградалары туыстарына берілмеген екен. Грамотасының өзі арада 20 жыл өткенде батырдың есімін алғаннан кейін ғана Ақсу қаласы Жолқұдық ауылындағы мектепке табыс етіледі.

Оны бізге 2015 жылы батырдың келіні Биғайша Қамзина апайымыз айтқан болатын. Өкінішке қарай, ол кезде туған інісі Шора Қамзин ағамыз дүниеден өткен. Негізі, сонау Молдова жеріне дейін барып, ағасының зиратына туған елден топырақ апарып, Қамзин ауылындағы мектепке есімін бергізіп, өмірден озғанша ағасының ерлігін насихаттап өткен азамат болған екен.  Бүгінде шаңырақтың барлық құнды суреттерін көзінің қарашығындай сақтаған Биғайша жеңгеміз де бұл дүниеде жоқ.

«Saryarqa samaly» газеті Қ.Қамзин туралы жазу барысында батырдың «Алтын жұлдызы» Мәскеуде қалғанын анықтаған болатын. Біз 2015 жылы Қанаш Қамзин туралы арнайы мақалалар дайындағанда, әскери комиссариат арқылы Мәскеуге, Подольск Орталық Федералдық архивіне «Алтын жұлдызды» Павлодардың Әскери даңқ музейіне беруді сұрап, хат жіберіп едік. Ондағы жауапта: «Медаль мен орден тек ата-анасына, баласына, немесе жұбайына беріледі, РФ шекарасынан тыс музейлерге берілмейді» делінген. Батырдың өзі үйленбеген, соңынан ұрпақ қалмаған. Ендігі жерде жоғары мемлекеттік деңгейдегі лауазым иелері кіріспесе, Батырдың жұлдызын елге алып қайту қиын екенін ұқтық. Өкінішке қарай, осы уақытқа дейін қаншама облыстық жиындарда айтып көтергенімізбен бұл мәселе жауапсыз қалып келеді.

Павлодар өңірінен шыққан Кеңес Одағының батыры Қанаш Қамзиннің «Алтын жұлдызы» елге әкелінсе, оны салтанатты жағдайда қарсы алып музейге қойсақ, патриоттық тәрбиенің бір құралы болар еді.

Газет экспедициясы

Қанаш Қамзиннің ерлік жолын насихаттау мәселесі біздің әрдайым жадымызда болды. Сол себепті, 2023 жылы оның ұрпақтарын, немере ағасынан туған інілерін іздеп табуды мақсат тұттық. Арнайы экспедиция аясында Абай облысы Бесқарағай ауданында батырдың ұрпақтарымен кездесу өткізді. Осы орайда бізге Абай облыстық «Семей таңы» газетінің бас редакторы Риза Молдашева, жергілікті «Біздің Бесқарағай» газетінің басшысы Ербол Еренұлы Рахметуллин ағамыз қол ұшын бергенін атап өтуіміз керек.

Бұл ретте де біздің жолымыз болып, Бесқарағай ауданында Қанаш Қамзиннің ағасы Мұқаннан тараған Қанат, Қайрат, қызы Гүлжанат, Мұқан атаның ортаншы келіні Бақжамалмен кездесудің сәті түсті. Мұқан атаның тағы да Қуат, Нұржанат, Айжанат есімді ұл-қыздары бар екен, Астанада тұрады. Қасиет есімді 1949 жылғы үлкен баласы өмірден өткен. Мұқан Қамзиннен барлығы 7 бала тараған екен.

Көп әңгімені бізге шаңырақтың келіні Бақжамал Беглербекқызы айтып берді. Мұқан атамыз ұзақ жылдар қаржы саласында еңбек еткен, балалары да әртүрлі бағытта қызмет етуде. Кездесу барысында мақалалар жарияланған газетті, архивтен, өзге де мектеп-мекемелерден табылған суреттерді туыстарына табыс еттік. Батырға деген туған жерінің құрметін сезінген ұрпақтары көздеріне жас алып, басылымның бастамасына алғыс білдірді.

— Сіздерге осындай еңбектеріңіз үшін Алла Тағала разы болсын. Биғайша енеміз дүниеден өткен соң енді кім Қанаш атамыздың ерлік тарихын насихаттап жалғастырады деп қобалжитын едім. Сіздердің іздеп келгендеріңіз Қанаш атамның атын жалғастырғанмен тең. Қайда жүрсеңіздер де ақ жол тілеймін, — деп толғанысын жеткізді Бақжамал жеңгеміз.

Жалпы байқағанымыз, ұрпақтарының кескін-келбеті аталарының түр-әлпетіне келіңкірейді. Бұны оқырман қауым Қанаш батырдың 24 жастағы суретіне қарап салыс-тырып та көре алады.

Шынымен, Қ.Қамзиннің туыстарын көріп, іштей бір тебіреніп алдық. Отанды сүюді, оны қорғау жолында жанын пида етудің нағыз көрінісін әйгілеген батырымызды неге құрмет етіп әр уақыт айтып жүрмеске?! Бір қызығы, дәл сол күні Қанаш Қамзиннің есімі бір кездері өзінің атымен аталған елді мекен – Ақсу қаласы Қызылжар ауылына қайта берілгені туралы естіп, ерекше қуандық!

Бұл кездесудің маңызы туралы «Абай Аймақ медиа холдингінің» басшысы, «Семей таңы» газетінің бас редакторы, Абай облыстық мәслихатының депутаты Риза Асанқызы Молдашева да жақсы айтып өтті. «Осындай батырымызды ұмытпай, насихаттауымыз – Тәуелсіздіктің жемісі. Осы майдан даласында аты аталмай, ұмыт қалған батырларымыз қаншама. Солардың жанында Қанаш Қамзиннің есімі жаңғырып тұру – батырдың үлесіне тиген бір бақыт болса керек» деген ойын білдірді.

Шынымен де, Қанаш Қамзиндей батырымызды ұлықтау – тарихқа деген құрмет қана емес, жастарға деген өнеге. Облыстық «Saryarqa samaly» газеті алдағы уақытта да Қ.Қамзин туралы деректер іздестіріп, ерлігін насихаттауды жалғастыра бермек.

Нұрбол ЖАЙЫҚБАЕВ.