Журналист ретінде маған көп жылдар бойы қазіргі Май ауданы Қызыл еңбек ауылының маңындағы көне  ғимараттың қалдықтары туралы көбірек білу туралы ойлар талай жылдар бойы қызықтырған еді. Жергілікті ақсақалдар бұл имандылық ордасы Ертіс өңіріндегі алғашқы ағаш мешіттердің бірі екенін айтқан болатын. Содан бері талай уақыт өтіп, бұл тақырыпқа енді ғана қайтып оралудың сәті туды. Осы бағытта көп жылдар бойы жұмыс істейтін, тарихшы және өлкетанушы маман Виталий Сирик менің осы қызықты саяхаттағы серігім болды.

Бүгінде біз тәжірибелі маманмен бірігіп атқарған істердің нәтижесінде көне карталар мен басқа да маңызды құжаттарға қол жеткіздік. Тек аймақтың ең көне мешіті туралы ғана емес, оның негізін салушы – 18-19 ғасырларда Ертіс өңірінің билеушісі болған Сұлтанмұхамед (Сұлтанбет) баһадүр сұлтанның ұлдарының бірі, мұрагері – Шаншар сұлтан туралы мәліметтерді де таптық. Ғасырлар бойы жоғалған, жасырын құпиялардың мұрағаты өткеннің ұлылығын ашты.

Тарихты зерттеуде тек бұрын өмір сүрген адамдардан ауызша мәліметтер жинақтап, географиялық атаулар мен ежелгі жер-су атауларына сүйене отырып, нақты бірдеңе айту өте қиын. Ғылым үшін қолыңда ресми құжаттар, карталар, сызбалар немесе хаттар болуға тиіс.

Біршама уақыт мұрағаттарды ақтарудың нәтижесінде мыңға жуық мұрағаттық деректер жиналды. Шаншар сұлтанның Екатерина II патшайыммен жазысқан дипломатиялық хат-хабарлары, сұлтанның жеке мөрінің бейнесі, сол кездегі Ұлы дала жерімен өткен дипломаттар мен ғалымдардың жол жазбалары, сондай-ақ Омбы генерал-губернаторының хаттары мен бұйрықтарының түпнұсқасы және т.б. дүниелер сақталған. Бәріне белгілі, Павлодар қаласының орталығында педагогикалық университеттің археологиялық Margulan-орталығы орналасқан жерінде, 2017 жылы Сұлтанбет үйінің кішірейтірілген көшірмесі қайта салынып, Сұлтанбет өмірі туралы кітаптар мен бірнеше деректі фильмдер жарық көрді.

«Шаншар – кейінгі Қазақ хандығының саяси элитасының жарқын өкілі, Сұлтанбет сұлтанның ең танымал ұлдарының бірі. Тіпті, Шаншар өзінің ықпалды әкесінің әртүрлі ауқымды және маңызды дипломатиялық тапсырмаларын орындаудағы ең белсенді көмекшісі болған тәрізді. Сұлтанбет қайтыс болғаннан кейін, қазақтардың Ертістің оң жағалауына көшу құқығын қорғағанның бірі Шаншардың өзі болды. Шаншар өзі Санкт-Петербургке барып, император I Александрдың жеке қабылда-уында болып, одан қазақтардың құқықтарын растайтын құжат алған», – дейді Омбы, Орынбор және Санкт-Петербург мұрағаттарынан сенсациялық ақпараттар тапқан маман Виталий Сирик таба алды. Қазіргі таңда Виталий Сириктің қолында әлі де талай көптеген құжаттар бар, оның ішінде аударуға тиіс көне араб жазулары да бар. Сонымен қатар, біз Алматыдағы Орталық мемлекеттік мұрағатта жұмыс атқаратын әріптестерімізге де сұраныс жолдадық.

Орталық мұрағаттың қызмет-керлерімен ұзақ мерзімді тығыз ынтымақтастықтың нәтижесінде біз 40 жаңа құжатқа қол жеткіздік. Уақыт өте сарғайған қағаздар Шаншар сұлтан мен оның ұрпақтарының өмірі туралы бұрын белгісіз болған көптеген жайттарды бізге айқын көрсетіп отыр.

«Бұл құжаттарға қызығушылық танытқандарыңызға алғыс білді-реміз. Бұған дейін олар туралы ешкім сұрастырған емес. Біздің қорда 1,5 миллионнан астам құжат бар. Олардың ішінде сирек кездесетін жәдігерлер көп. Оларды пайдалана отырып, өңіріңіздің маңызды оқиғаларын үндестіріп, бір қалыпқа келтіре алғандарыңызға қуаныштымыз», – деді Қазақстан Орталық мемлекеттік мұрағаты директорының орынбасары Мәрзия Жылысбаева.

Сондай-ақ, біз облыстық мемлекеттік мұрағаттау карталары мен жоспарларының жинағымен жұмыс істей отырып, қызықты мәліметтерге кездескенімізді айтып өтелік. Ол құжаттарда сұлтанның тұрақты мекендейтін және қыстайтын жерлері  нақты белгіленген. Би-сұлтандармен, Ресей императорымен үнемі байланыста болғаны, олардың арасында да беделі жоғары болғаны белгілі болды. Тіпті Шаншар сұлтанның Азия жеріне көп саяхаттағаны да мәлім.

Павлодар облысы мемлекеттік мұрағатының қызметшісі Күләш Есімханова мен қор сақтаушысы Ольга Бурмистрова бізге осы аймақты түпкілікті зерттеу үшін өте маңызды, ескі әскери және шаруашылық-экономикалық карталарды табуға көмектесті. Соңғы табылған үш құжат, 19-ыншы ғасырдың басы мен аяғында жазылған. Ертеректе тек қазақ жер атаулары ғана белгіленген болса, кейінірек бұған орыс атаулары пайда болады.

«Ресми тұжырым айтпас бұрын фактілерді басшылыққа алу керек. Қазір біздің алдымызда, мысалы, 1861 жылы жасалған Сібір казак әскері полкінің 7-інші жерінің негізгі бас картасы бар. Мұнда Ертіс жағалауы бойындағы елді мекендер, оның ішінде Подпускная және Кривинская биіктіктері белгіленген. Міне, біз «Собор мешіті» жазбасын көреміз. Ол Ертістің жағасында тұр. Бұл біз үшін де үлкен жаңалық. Бізде Шаншар сұлтан туралы естіген адам өте аз. Енді оның есімін қайта жаңғыртуға мүмкіндік бар. Елі үшін атқарған еңбегі елеулі тұлға, ұлттық мүдделердің дамуына қосқан елеулі үлесі зор. Павлодар облысы мен Қазақстан тарихы мен мәдениеті үшін әрине, бұл құжаттар терең маңызға ие. Олар өткенді жақсы түсінуге және ата-бабалардың дәстүрлері мен жетістіктерін саралауға мүмкіндік береді. Осындай бірегей материалдарды сақтау және зерделеу қазақ халқының мәдени мұрасын сақтау және тарихи мұрасын жалғастыру үшін маңызды болып табылады», – деп өз ойларымен бөлісті облыс мемлекеттік мұрағатының ғылыми-ақпараттық қызмет бөлімінің маманы, «Қазақстан мұрағат ісінің үздігі» Күләш Оразымбетқызы.

Архивтен кездескен құжаттар бізге Шаншар Сұлтан-Мұхамедтің өмірінің нақты жылдарын анықтауға көмектесті. Ол 1758 жылы туып, 1819 жылы қайтыс болған. Оның қоныс тепкен жерлері Подписное ауылына қарама-қарсы орналасқан. Жуырда Қызыл еңбек ауылының тумасы – Айтуар Айдарханов бастаған бір топ адамдар осы тарихи мекенге ат басын тіреді. Олардың қатарында зерттеуші маман Виталий Сирик, Сұлтанбет сұлтанның ұрпағы болып табылатын қоғам қайраткері Жұмабек Қамзатөре, Орыс сұлтанның ұрпағы Серік Момышев және Екібастұз қаласынан Шаншар ұрпақтары – ағайынды Рақымжановтар болды. Олар ата-бабалары жерленген Май ауданы Қызыл еңбек деген мекенде жұртшылықпен әңгіме-лесті. Жергілікті ақсақалдардың айтуынша, мазар сол жерде болған, бірақ Кеңес өкіметі жылдарында ғимарат бұзылған. Алайда, қазір қолда бар мәліметерге сүйене отырып мешіттің орнын анықтау қиын емес. Сонымен қатар, ежелгі карталарда әйгілі адамдардың, соның ішінде билер, батырлар, сол кездегі діни қызметкерлер мен зиялы қауым өкілдерінің барлық мазарлары нақты белгіленген. Адамдар бұл жерлерді ғасырлар бойы құрметтеп, олардың сақталуын қадағалады.

«Ресейлік саяхатшылар Шаншар сұлтан туралы көптеген деректер қалдырды. Мысалы, тарихшы Андреев оны «қырғыз-қайсақтардың орта ордасының сипаттамасы» атты еңбегінде атап өтті. Әйгілі саяхатшы, грек көпесінің ұлы Христофер Барданес өзінің «Христофер Барданестің 1771 жылғы қырғыз даласына саяхатының [журналынан]» атты еңбегінде ол туралы атап өтеді деген болжам да бар. Яғни, ол Сұлтанбет ауылында үш ұлды кездестіргенін, олардың бірі 14 жаста екенін хабарлайды», – дейді жинақталған ақпаратқа талдау жүргізіп, ой қорытқан Виталий Сирик.

Сонымен қатар, мұрағаттық мәліметтер бойынша, Шаншар әкесінің тапсырмаларын тиянақты орындайды, әкесі оны Ресей әскери бекіністеріне (Омбы, Ямышев, Коряковка, Железинка) әртүрлі сипаттағы келіссөздер үшін жібереді. Ал 1788 жылдан бастап Шаншар Әйтей-Бәсентиін болысының тәуелсіз билеушісі болды. 1790 жылдан 1791 жылға дейінгі қыста Шаншар сұлтан ведомствосының бәсентиін-дері Ертіс арқылы Лебяжье заставасы мен Черное ауылы аумағына қоныс аударады. Құжаттардан белгілі болғандай, Шаншар сұлтанның 8000 бас жылқысы сол жерден өткен екен. Бұл шараны асыл тұқымды жылқы өсірушілер Делеубарди мен Саумурзе басқарды, деген мәліметтер бар.

Түптеп келгенде, бүгінде тарихи деректердің негізінде бұған дейін белгісіздеу болған оқиғалар мен Шаншар сұлтанның өмірбаяны туралы нақты айту мүмкін болып отыр.

«1798 жылы сұлтан Ертістің оң жағалауына тұрақты жайлау үшін қоныс аударды. Төрт жылдан кейін Шаншар Санкт-Петербургте I Александр патшаның жеке қабылдауында болады. Онда Ямышев бекінісі мен Семиярский форпосты аралығында мәңгілікке көшу құқығы және шамамен 1811 жылы бой көтерген мешіт салуға көмек ретінде ақшалай қаражат берілді. Бұл құрылымның қирандылары әлі күнге дейін сақтаулы. Сол кезден бастап қазақтардың Ертістен сол кездегі Томск губерниясының құрамына кірген Алтай өлкесінің шекарасына дейінгі аумақты қоныстануы басталады», – дейді тарихшы Виталий Сирик.

Жаңадан анықталған мұрағат құжаттарына сәйкес, 1811 жылы 17 шілдеде Сібір инспекциясының қолбасшысы, генерал-майор Глазенаптың ұсынысы бойынша, Шаншарға император I Александрдың жарлығымен майор шені берілді. Атаулы құжат соғыс хатшысы Барклай-де-Толлидің қолымен расталған.

Әлихан Бөкейханов Шаншардың Ертістің сол жағалауында жерленгенін жеткізген. Қазіргі Қызыл еңбек ауылына қарама-қарсы Ағашы мекені орналасқан. Тағы бір қызықтысы, сол жердің қасында археологтар әйгілі Калбасун мұнарасының қалдықтарын тапқан. Бұл ауылдың оңтүстігінде, жергілікті тұрғындар «Шаншар бұлақ» деп атаған мекеннің жанында ежелгі зират орналасқан. Жергілікті тұрғындардың ауыздан-ауызға айтылатын әңгімелері бойынша дәл осы жерде атақты сұлтан жерленген. Ауыл ақсақалдары нақты орынды да көрсетті. Мазардың қалдық-тары шаршы тәрізді болып келеді. Көбінесе жер төбесі кірпіштен жасалған. Бөкейхановтың айтуынша, сұлтанның жерленген жері халық арасында «Шаншар тамы» деп аталған. Қазір зерттеушілер сұлтанның жерленген жеріне ескерткіш тас орнату жұмыстарын бастауға ниетті.

Шаншар сұлтанның жерленген орнына ескерткіш тас орнату оның мұрасы мен тарихқа қосқан үлесін құрметтеудің нышаны болады. Жалпы, мұрағаттық құжаттарды табу, зерделеу арқылы бүгінде Шаншар сұлтанның есімін тарихқа қайтару мүмкін болып отыр. Шаншар сұлтанның есімі мен өмірбаянын сенімді тарихи құжаттармен қалпына келтіру осы уақыттың тарихы мен мәдениетін зерттеуге қосқан құнды үлесі болатыны сөзсіз.

Қазіргі кезде сұлтанның ұрпақтары да ата-бабаларының рухани жолын қайталап келеді. Айта кетсек, Тәуелсіздік алғалы бері Сұлтанбеттің ұрпақтары ағайынды Атимовтар Ертіс ауданының Ленин ауылында мешіт салса, Ақтоғай ауданында ағайынды Қамзиндер Ақтоғай ауданының орталығы мен Қожамжар ауылында екі мешіттің бой көтеруіне атсалысты. 2023 жылдың жазында Сұлтанбеттің тағы бір ұрпағы – Әділ Бексұлтанов Ертіс ауданы Үлгілі ауылында жерлестеріне мешіт салып, жергілікті халыққа қуаныш сыйлады. Ақтоғай ауданы Ақжол ауылында (Коминтерн) Әбілқайыр қажы Қылышев мешіті құрылысын аяқтауда.

Ата-бабалардың аманаты ретінде және рухани құндылы-тарды ұрпақтан-ұрпаққа беру өте маңызды.

Салауат Темірболатұлы,  өлкетанушы, журналист.