Жақында Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің басшысы Ербол Қайыровтың рұқсатымен музей қорымен жұмыс істеуге мүмкіндік туды. Мәдени орында тарихты зерттеймін деген жандарға тұлғаларға қатысты дүниелер жетерлік екен.

Алдымен ақын Естай Беркім-байұлының жеке папкасын қарап шықтым. Ішіндегі құндысы Затаевичпен алмасқан хаттары һәм өзінің қолтаңбасы, түпнұсқа суреттері және қағазға түсірілген ноталары екен.

Одан басқа да тұлғаларға қатысты қорларды шолып шығуды ұйғардым. Қатарындағы ең қалыңы, көзге бірден басылғаны Шаймерден (Шаймардан) Торайғыровтың (Сұлтанмахмұттың немере інісі) жеке папкасы еді. Папканың бастапқы бетіндегі актіні қарап шықтым. Соңғы жолдарынан Е.Беркімбаев деген жазуды көре сала сол бетті іздеп тауып алдым. Қолжазбаның бір бетінде қыстырулы тұрған фотосурет екен. Естайды бірден таныдым. Менің болжамым бойынша, бұл сурет көп жерде жарияланбаған. Фотосуреттің артқы жағында Ш.Торайғыров, Қажымұқан Мұңайтпасұлы, Мәриям Жагорқызы, Естай Беркімбайұлы деген жазу бар.

Тосыннан табылған бұл суреттің тарихын білу үшін тереңнен қазбалай бастадым. Естайдың Қажымұқанмен қайда және қай кезде жолыққанын білу үшін барлық бұқаралық ақпарат көзін қарап шығып, еш дерек таба алмадым. Сұрастыра келе, алғашқы Естайтанушы, ақын Қимадиден Нығыманұлының жазбаларынан іздей бастадым. Ақыры таптым.

Қ.Нығыманұлы Естай туралы естеліктерді көз көргендердің айтуымен жазып алып, 1967 жылы 50 беттен тұратын қолжазбасын М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтына тапсырған. Сол қолжазбалардың бірінде Ермек Кәрімовтің айтуымен жазылған «Майраның жәрдемі» атты естелігі бар. (Бұл ақпарат өлкетанушы Б.Бөженнің Фейсбук парақшасында жарияланған)  Бұл естелікте әнші Майраның балуан Қажымұқан Мұңайтпасұлымен, ақын Естай Беркімбайұлымен бірнеше мәрте жолыққандығы һәм етене араласқандығы жазылған. Бұл кездесу 1924 жылдың күзінде болған делінген. Алайда табылған суреттегі Естай мен Қажымұқанның қартайған шағы екені көрініп тұр. Демек, бұл 1924 жылы түсірілген сурет деу қисынға келмейді.

Суреттің тарихын одан әрі қазбалауды жөн санап, түрлі ақпарат көздерін ашып көрдім. Қажымұқанның Ертіс-Баян өңіріне сан мәрте келгендігі, Естаймен кездескендігі, Майрамен жақын достығы туралы ел аузында түрлі әңгімелердің жүргені рас. Бірақ нақты көрсетерлік дерек болмағандықтан, баспа беттеріне енбей жүрді. Тосыннан табылған құнды сурет – сол бір әңгімелерге дәлел болмақ.

Осы тұста Қажымұқанның соңғы белдесулерінің бірі туралы жазылған естеліктер мен мақалаларды түбегейлі оқып шықтым. Әрі Қажымұқанның дәл осы кейпінде, осы киіммен Дәулен Әбікенов, Мариям Жагорқызы мен оның жұбайы Дүйсен қатарлы көп адам бірге түскен тағы бір суретін әлеуметтік желіден байқап қалдым. Бұл сурет 1945 жылы Семей қаласында қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 100 жылдық мерейтойында түсірілген болып шықты.

Алдын ала топшылаған болжамдарым дәлелденіп шыққанына бек қуаныштымын. Сондықтан тосыннан табылған тарихи құнды сурет 1945 жылы Семей қаласында Абайдың 100 жылдық мерейтойында түсірілді деп анық айта аламыз. Бір сурет – тарихтың бір бетін толықтырып жатса, біз де ізденуден тайынбаспыз.

 

Абзал РЫМБЕК, Торайғыров университетінің студенті.