Сары белеңде жібектей желбіреп, баяу желмен жүгіріп жатқан құм көшкініне  таңдана бір қарамаса болмас. Бар қыры мен сыры осы бір құмдауытта жатқаны анық. Өркеш-өркеш Алтай таулары мен Алатау сынды ақ ұлпа қарға оранып жатқан шыңды өлкеде өскен қазақ баласының қыран бүркіттей шегір көзіне мүлде бөлекше табиғатымен көсілген  өлкенің тым бөтен еместігін жүрегіңнің лүпілімен сезінерің анық екен. Бүгінгі заманда «Көгілдір көктемде құлпырып жатқан Жерге» бауырлас дөңгелеген айдың өзі сыбырласса, сөздің өзі күмбірлеп жететінін сезінер шағымызда алысты іздемекке қол создық.

Қай шығандағының өзіне тым-тым алыстан ақ қанат,  күміс құс – ұшақпен ғана жетеріңді сезінер қазіргі кезеңімізде анау алыс, мынау таяу деп талқылап жатпай, қай әлемді де өгейсімес қазіргі ой желісінде тез қабылдар дәуірге жеттік. Түйсігімізде бар бағытты шындық кейпінде алақанда ұстағандай болып қай бағытқа да қол жеткізгендер қатарынан табылып жатырмыз. Космостың өзі бар қыр-сырын ұсынып жатыр ғой. Сол алыс әлем деген түсінікті тежеп, жер шарының  қай бағытында да  ұшатын болдық. Дәл сондай ұшқыр ұшақты ерттеп мініп, құздан мұзға, мұздан  төбесінен күн сүйген жазы ерекше  жылы аймақтарға да бағыт алдық.

Өз ретімен ұшақты таңдап мініп қалықтап келе жатып «Армысың, алыстан аңсап күткен, ертедегі заманда беймәлім болған, қазір   аспан әлемінің бар жамылғысын серпіп тастаған жарық күнінде айшықты келбетімен баршаға  әйгілі болып жатқан бабамыз Бейбарыс жері көңілге жақын ел. Иә, шырқай жөнелсек, таусылмас жыр. Таусылмас ертегінің отаны. Иә өткенімен де, қазіргісімен де Мысыр билеушісі – сұлтан Бейбарыстың аңызы болып жеткен жылы аймақ. Ал енді тарихымызға да тереңдеп бойласақ,  жалпы әдебиетімізде де, ертегілерімізде де айтары да ағыл-тегіл. Египеттің даласы мен таулары таусылмас тау-тау, өркеш-өркеш аңыздарға толы. Ортақ дүние мол. Сан ғасырда әдебиеттің алтын қоры болып келген жырларымыз да бөлек қазына екенін ежелден білеміз. Солай-солай, бүгінгінің талабымен әлемді де жан-жақты зерделей бастадық.

Ұшақтың жұмсақ креслосында шалқайып жатып «Қазақ халық әдебиеті» жинағынан «Батырлар жырларын» оқитын болдық. Оның ішінде «Алпамыс батыр қиссасы» Осы жырдың тереңдігінің белгісі араб, бәдәуилер сынды көптеген халықтар өкілімен байланысы барлығын тани бастадық.  Ортақ әдебиетіміздің жағымды кейіпкері бар, жағымсыз кейіпкері бар. Қайсысы болса да шығарманың өзектілігін жетілдіре білген. Мәселен, Алпамыс батырмен айтысқа шығатын Бадамша қатынның да шығармада өз орны бар.

Бадамша сақау: –

Бисмийдә деп өйеңди

Көп айттыңыз, жай-жай.

Асықпасаң тойыңда,

Кең айттыңыз, жай-жай.

Тоқай бойған Гүйбайшын,

Білмеймісің, шикін-ау,

Құтты болсын тоқайың, – деп Бадамшаның жырдың белді кейіпкері ретінде танылғаны белгілі. Ертегілерде арабтардың ортақтығы осылай сезінер. Осылай желпіндеп жазылған шығармаларды бала кезімізде оқыдық. Жалпы, әдеби шығарманың ел мәдениетіндегі орнын ерекше тану парыз. Сондықтан да болар, әдебиет пен мәдениеттің жұптасып келетінін көне тарихтан таныдық. Халық аузында кең тараған «Алладиннің сиқырлы шамы», «Әли баба мен қырық қарақшы» дегендей, араб оқырманы кең тараған ертегілердің біздің әдебиетімізде де алар орны  бөлек. Осындай халыққа кең тараған дүниелермен кең танысып оқыған балаларымыздың білетіні көп болары даусыз. Біздің туризммен елден-
елге шығып сапарлауымыздың жолы-жөні бөлек. Дегенмен, елді-елге танытудың ақиқатты  жолы осы бірді-бірге жалғаған байланыстар.

Қызыл теңіз жылымығында

Ақшулаң бұлттарды тіліп өтіп Шарм-Эль-Шейх қаласының әуежайына келіп қондық. Тарихы бай елдің көрсетері мол болатынына еш күмән жоқ. Астанадан артта қалған ақ түтек боранды ендігі жерде көзге елестеткендей болып қана отырмыз. Ақпан айында  еркелегендей ұйтқып соғатын боранның барлығын іштей сезініп отырмыз.Көп ұзамай  Қызыл теңіздің көк айдынының аспанынан көз тіктік. Айдынның аты – айдын. Тым төменнен көрінгенімен о шеті мен бұл шеті шексізденіп жатыр. Ұшақтың дөңгелегі жерге тиген соң кәдімгі жаздың лебін сезіндік. Біраздан соң үстіміздегі қысқы киімімізді серпіп тастап, теңіз тереңінде  шортанда малтимыз деп отырмыз. Шынында да,  Арқаның төрінде қыстың қақаған суығы қысқан  мұздақ ауадан мыңдаған шақырым қашықтықта теңіз жағасында отырарымызды ұшақтың иллюминаторына тесіле қарап, алыстан көріп сезіне бастадық.

Адамның күрт өзгеріске таңданбастан көнетінін қойсаңшы. Бүгінгі заманның талабы  арқасында  суықтан жылымыққа әп-сәтте жете қоярымызды оп-оңай сезіне қойғанымызды айтсаңызшы. Табиғаттың жылылығына қоса бізді қарсы алған азаматтардың бойын-дағы жылылықтың ерекшелігін айтсаңызшы. Қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі, еврей тілі мен араб  тілі сапырысып жатқан жерде қазағымызды ұғынып жатқан жұртшылықтан айналдым. Бұл да – біздің еліміздің аттанып шығар  әлемінің кеңігендігінің, таныстық ауқымының ұлғая бастағанының белгісі. Бізге жолсерік болған – қонақжай халықтың өкілдері. «Менің атымды дөп айта алмасаңдар Махмед болмаса, Ахмет деп атаған-дарыңның бәрін түсінем»  деп  риза  көңілмен бір күлдіріп алған. Ол  біраз уақыт сапарымызда гид болғандардың бірі еді.

Көңілден шыққан бір-екі жылы сөз бойымызды жылытып жатыр. Сол жылылықтың екпінімен Қызыл теңіздің суына да түсіп кеттік. Теңіз суының  шипалылығы жайлы да көп түсініктемелер айтылып жатыр.  Көк айдында жүзгендер баршылық. Теңізде – о жақ, бұ жаққа  қалқи жүзген кемелер. Мөлдіреген ауа, мөлдіреген су. Туристік сапарда елден ел асып көрмеген жеріңді көріп, білмегеніңді таңдай қаға тамашалаудың жолы тым бөлек екен. Осылай сапарымыз Павлодар қысынан  жылы жазға ауысты.

 

Мысық жорығы

Шарм-Эль-Шейх қаласынан жоғары комфортабельді автобуспен шығып, шыныдай тас төселген жолмен құстай ұшып келе жатырмыз. Египет еліне кең қолтық сапарымыз осылай  басталды. Барар жеріміз – Египеттің астанасы Каир қаласы. Алдымызда үлкен тарихи оқиғалы Суэц каналы. Жерорта теңізі мен Қызыл теңізін жалғастыратын халықаралық маңызы бар жасанды су жолы. Ұзындығы 161 км, ені 120 м-ден (Суэц – Исмаилия порттары аралығында) 318 метрге (Исмаилиядан  жақын тұс Порт-Саид  аралығында) дейін, тереңдігі фарватерінде 18 м-ге жетеді. 1859–1869 жылдары салынып (1967–1976 жылдары Египет-Израиль қақтығысына байланысты жабылды), 1980–1982 жылдары қайта жөндеу жұмыстары жүргізілді. Төменгі Египеттің су жолдары жүйелерімен (Исмаилия каналы – КАИР- Нил 145 км) байланысқан; ауыл шаруашылдығы жерлерін суландыру желісі (Аббасияда) тартылған. Канал арқылы жылына 80 млн тонна жүк (негізінен мұнай мен мұнай өнімдері, қара және түсті металл кентастары) тасымалданады. Суэц каналы Азия мен Африка арасындағы географиялық шартты шекара болып саналады. (Африка мен Азияның Синей арқылы бөліп жатыр. Жалпы жолдың саяхатшыларға ұсынары мол. Жолаушылар ғана емес, жолды тамашалап жүретін жануарлар да аз емес екен. Ә дегенде үлкен автожолды мысықтар еркін билеп алғанын айтпай болмайды. Мысық тектестер Африкада көп қой. Ал енді қаладан қалаға қарапайым мысықтардың үдере көшіп жүре-тіні назар аударарлық. Бір қаланың автовокзалына титтей ғана тоқтасаң болды, бір-бірімен жарыса жүгірген мысықтар алдыңнан жүгіріп шығады. Ә дегенде тамақ іздеген жануарлар-ау деп ойлайсың. Бұл жолкезбе мысықтар ауа райының мәңгі жылылығына әбден бойын үйретіп алған секілді. Тоқтай қалған кезде жолаушылар қолын-дағы тағамдарынан, нандарын үзіп беріп жатады. Оған тіміскіленіп тамаққа ерекше ұмтылып жатқан мысықтар жоқ. Қолдан тамақтанып үйренген мысықтар секілденіп бірінен соң бірі жүгіре ұмтылып талпынбайды. «Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа дегендей, қора-қора болып жүгіріскен мысықтар тамақ іздеп мияулап жүгірмейді екен. Бірі ала, өзгесі қара дегендей, бәрі жолаушыларға  таңдана қарап, әрбірі өзінше сынай қарайтын да секілді. Жолаушының бірі мысықтардың қылығына  таңданғанын жасыра алмай қарап отырып: «Дәл осы патшағарларыңның өзі бөтен жерге келгенімізді байқап, сынға алып отыр», – деді. Қарсыласқан жоқпыз. Мұндай қызықтар әлі талай кездесер деп қаз-қатар автобус- тар легіне қосылып, белгіленген маршрут бойынша ілгері жылжыдық. Қонақты сыйлай білетін жануарларға да іштей ризамыз.

 

Таңдай қақтырған Египет пирамидалары

Жалпы, сапарымызда ерекше назар аудартар тұстың бірі пирамидалар боларын ойлап келеміз. Бәрі де жазарлық, бәрі де ерекше әңгімелеуге тұрарлық. Сонымен Хеопс пирамидасы — дүние жүзіндегі аса ірі пирамидалардың бірі. Бұл пирамиданы перғауын Хеопс (Хуфу) көзі тірісінде өзіне арнап б.з.б. 3-мыңжылдықтың 1-жартысында Гиза қаласы маңындағы Ливия шөлінде салғызған. Кезінде ежелгі мысырлықтар осынау алып кесене-пирамиданы «Хуфу көкжиегі» деп атаған. Хеопс пирамидасының табаны төрт бұрышты болып басталады да, жоғары қарай басқыш тәрізді көтеріліп, көп сатылы құрылыс түрінде тұрғызылған. Ұшар басы сүйірленіп бітетін Хеопс пирамидасының архитекту-ралық құрылысына сәулетші Хемиун басшылық жасаған.

Алғашында пирамида биіктігі 146,6 м болған еді. Алайда, қазіргі кезде оның биіктігі 138,8 метр болып тұр. Ежелгі грек тарихшысы Геродоттың жазбасында пирамиданы 100 мың адам 20 жыл бойы салғандығы айтылады. Пирамидалардың салынуы, құрылысы жөнінде айтылған пікірлер сан алуан. Дегенмен аптапты Египет аспаны астында мыңдаған құл тас қарумен дәу тастарды бөліп алып, оны құрылыс орнына арқанмен сүйретіп жеткізген, пирамида биіктеген сайын тас блоктарды қолмен жоғары көтерген деген пікірлер басым. Хеопс пирамидасы салынғалы бергі 4 мың жыл бойы осы сұрақтар кімді де болсын мазалауын қояр емес. Ол туралы аңыз да көп. Осыншалық алып пирамиданы адамның салуы мүмкін емес, деп күмәнданғандар да бар. Біреулері жындар салған болуы ықтимал десе, енді бірі Жер бетінде болған басқа өркениеттің белгісі дейді. Ал бәзбіреулер мұндай кереметті өзге ғаламшардан келгендер салған деген болжамдарын ұсынуда. Өйткені бүгінге дейін және технология дамыған қазіргі заманда да дәл осындай теңдессіз құрылысты адамдар әлі де салған жоқ. Мысалы, 1989 жылы Париж қаласындағы Лувр мұражайының жанына салынған суретші Пейдің шыны пирамидасының биіктігі 22 метрден аспайды. 1972 жылы АҚШ-тың Сан-Франциско қаласында пирамидаға еліктеп салынған халықаралық штаб-пәтердің алып құрылысы бар. 48 қабаттан тұратын ғимараттың биіктігі 260 метр болғанымен, көлемі Хеопс пирамидасының жартысына да жетпейді. Сондықтан да, Хеопс пирамидасы – адамзат тарихындағы жеті кереметтің бірі. Үлкен пирамида мен жердің центрі арасындағы қашықтық, Солтүстік полюс арасындағы қашықтықпен бірдей. Биіктігін миллиардқа көбейткенде күнге дейінгі ара-қашықтықты береді. Яғни ол кездегі адамдар астрономияны, жағрафияны жақсы білген. Сәулет өнерінде де маман болған, пирамиданың биіктігі – 210 қабат. Тарихшы Геродоттың айтуы бойынша, құрылыс материалдарын жоғарыға шығару үшін 925 метр ұзындықта ені 19 метр болатын бір кран тәріздес сырық жасалған. Бұл сырықтың да соғылуы ең аз дегенде 10 жылға созылады. Хеопс пирамидасы ауырлықтары 60 тонна мен 3 тонна арасында болатын 2 300 000 дана блок тастан жасалған. Ені 227 метр болатын шаршы негізінде құрылған. Ал оның алып жатқан алаңы 55 мың м2. Пирамиданың ортасында, жоғарыдан шамамен 100 метр төменде перғауын бөлмесі бар және тек төрт қабырға ғана. Хеопс пирамидасының тастары
3 метр биіктігіндегі бір қабырға халіне келтірілсе, бұл қабырғамен бүкіл Францияны қоршауға болады екен. (Наполеон есептетуге бұйрық берген екен). Құрылысқа пайдаланған тас «асуаннан» 2,5 тонна текше тас түрінде дайындалған. Хеопс пирамидасына осындай текше тастың
2 млн 2300-і қолданылған екен.

Пирамиданың 20 жылда біткені айтылуда. Ол үшін, Нілдің суы көтерілген маусымда, күніне 4000 блок тасылуы керек. 60 миллион тонна тастың тасымалдануы үшін 1000 қайық қажет. Қолмен тегістеліп, жылтыратылған 460 000 таспен қапталған. Бұлар ұқыпты орналастырылғаны соншалық, тіпті араларына қағаз да сыймайды екен. Пирамидаларға біреулер әуе жолдары үшін бір белгі деп, біреулер геологиялық тербелістермен резонансқа кіре алатын бір энергия орталығы деп, ал ендігі біреулер тарихқа бағыт беретін бір архив деп сенеді.

1953 жылы араб ғалымдары осы пирамида маңынан 17 метр тереңдікте, мүлде бекітіліп тасталған үлкен зал тапты. Залдан қару-жарақ, асыл бұйымдар және ұзындығы 35 метр желкенді қайық шықты. Ежелгі мысырлықтар тұрғызған пирамидалардың ішіндегі ең үлкені болып табылатын Хеопс пирамидасы адам еңбегінің ғажайып туындысы саналады.

Бүгінге дейін және технология дамыған қазіргі заманда да дәл осындай теңдессіз құрылысты адамдар әлі өз қолымен сала алған жоқ.

Мысырдың Гиза жазығында тұрған Хеопс пирамидасын «Ұлы пирамида» деп те атайды. Себебі, 4 мың жылдан аман жеткен жалғыз жәдігер – биіктігі 147 метрге жететін әлемдегі ең алып ғимарат. Әрі өте дәл құрастырылған, ең ірі тастан жасалынған бірден-бір құрылыс. Хеопс пирамидасының жалпы салмағы 5 млн. тоннаға жетеді. Бүкіл құрылысты салуға 2 млн. куб тасблок жұмсалған. Пирамиданың ірге көлемі 5,15 гектар жерді алып жатыр. Оған 200 теннис алаңын, Римдегі Әулие Петрдің екі шіркеуін орналастыруға болар еді. Кезінде Наполеон Гизадағы басты үш пирамиданың тас блоктарымен Францияның барлық шекарасын 3 метр биік, 30 см қалың қорғанмен қоршауға жетеді деген қызық есеп шығарған екен. Осындай ақылға сыя бермейтін алып дүниені IV әулеттің екінші басқарушысы перғауын Хуфу б.э.д 2551-2528 жылдары Ніл өзенінің батыс жағалауына өзінің болашақ моласы етіп салғызған. Пирамидадан бүгінге жетпей жоғалғаны – құрылыстың ұшар басынан көз шағылыстырып тұратын үшбұрышты сом алтын, пирамиданың сыртын түгелдей қаптап, алыстан аппақ қардай етіп көрсететін әктас тақталар.Ең әуелі пирамидалардың өте дәлдікпен салынғаны таңғалдырады. Соншама көп тастардың қандай жолмен өңделіп, қалай жеткізіліп, қалайша қаланғаны да жұмбақ. Геометриялық орналасуы да ғажап: оның төрт жағы дүниенің төрт бұрышына бағытталған, бар-жоғы 8 минуттық ауытқу байқалады. (20 см). Ал, Хеопске көрші 143,5 метрлік биік Хафр пирамидасы, келесі 65 метрлік Менкаур пирамидасы үшеуі биіктен қарағанда, батысқа қарай дәл өлшеммен шұбырта бағытталып салынған. Хеопс пен Менкаур пирамидаларына қатарласа қаз-қатар үш-үш кіші пирамидалар орналасқан. Ол перғауындардың әйелдері мен апа-қарындастарына арналған
молалар болған. Олардың да өзара өлшем ұқсастықтары егіз
тамшыдай.

Хафрдың тұсына таман салынған адам басты, арыстан денелі 20 метрлік әйгілі алып Сфинкс тұтас жартастан қашалып жасалынған. Қарапайым құрал-саймандармен мұншама сұсты дүниелерді қалай салғаны туралы дәлелді болжамдар ғана айтылады. Әйтпесе, сырлы жұмбақтар сол алып тастармен бірге қаланып, уақыт қойнауына мәңгі жұтылып кеткенге ұқсайды. Пирамидаларды салмас бұрын оның тұратын орны тегістелген. Мінсіз тегістеу үшін құрылыс алаңына су жіберілген. Құрылыс алаңы дымқылданып, жібіген соң торкөз жыралар қазылған. Жыралардың тереңдігі бірдей болу үшін арнайы таяқтармен өлшеп теңестіріп отырған. Су тартылған кезде жыраларда шамалы су қалдырылған. Осылайша судың көмегімен жібітілген тасты қыртыстарды түгел тегістеген.

Әрі жырадағы қалдырылған судың деңгейін бір тегіс өлшем үшін құрал ретінде қолданған. Осылайша тегістелгендіктен пирамида бір сызат түсіп жарылмай, сәл қисайып ауытқымастан мызғымай тұр. Хеопс пирамидасын салуға пайдаланылатын тастар Гизадан оңтүстікке қарай 300 метр қашықтықта болған. Жұмысшылар жартастарды бөліп алу үшін оның жарықтарына ағаш қазықтар қағып, су құйған. Ісінген қазықтар жартастарды оңай бөліп жіберетін. Бөлінген тас блоктарды құлату үшін ағаш иінтіректер мен берік арқандар пайдаланылған. Алып тас блоктар аунап түскен кезде, жылжытып әкету үшін астына тізілген жұмыр ағаштар қойылған. Тасты өндіруге 1200 жұмысшы қатысқан. Тастар Ніл өзені және арна арқылы құрылыс алаңына жеткізіліп отырған. Бұл тастар жағада өңдеуден өткізіліп ағаш шаналарға тиелетін.

Пирамиданың биіктеуіне сәйкес-тіре отырып, балшық кірпіштерден көлбеу саты жолдар жасалған. Оған жұмыр ағаштар төселіп, тас тиелген шаналардың әрбірін екі қатар тұрған 24 жұмысшы арқанмен тартып биікке шығарған. . Қалайтын алаңға жеткізген соң ағаш иінтірек, арқан, төселген жұмыр ағаштар арқылы керек жерге тасты орналастыратын. Мұндай құрылысқа бір кезекте 20 мыңдай адам жұмылдырылған. Пирамиданы салуға Хеопстың ұлы Хафр өзі басшылық етті, ал сәулетшілер, ерекше талантты өнертапқыштар таңдалып отырған.

 

Сфинкс құдіреті

Египеттің таңдай қақтырған пирамидалар жайлы жеке-жеке тоқтала айтар сыр өте мол. Бәрі жайлы айтқың келеді. Көргеніңді жеткізгің келеді. Каир қаласын аралауға жолымыз түсіп, музейлер мен мұражайларға да бардық. Ол да – бір бөлек әңгіме. Бірақ туристік сапардың жөні басқа. Бәрін асықпай аралап шығу үшін көп уақыт керек. Ал енді пирамидалар
ішіндегі Сфинкстің болмысы ерекше.

Оның құрылысында да бөлекше сыр мол. Байырғы замандарда оны  «Құдіреттің құдіреттісі» атаған екен. Кезінде ол пенделерді, адамдарды өлтіріп көму үшін жасалған деседі. Дегенмен ол туралы қорқыныштар бүгінгі күндерге дейін айтылады екен. Қалай айтылса да, пирамиданың қасына келген адам  ерекше бір қасиетін сезініп, тізесі дірілдеп тұрады. Ал енді ол туралы оқыс оқиғалы әңгімелер де аз емес. Мүсіннің  мұрны шабылып қалғаны да – сан түрлі айтылар аңыз. Дегенмен, бұл мүсін жеке тастан салынған деген әңгімелер де жиірек айтылады. Жеке болғанмен алып тас мүсіннің  үлкендігі жайлы  шындықты әрбір турист көре алады. Әрбір турист мүсінді  ашық далада тұрғанын көруге болатынына еш қарсылық жоқ. Оған алып барар жолдың да еш құпиясы жоқ. Жер асты салынған жолдармен де баруға болады. Дегенмен бұл мүсін миллиондаған жыл тұрса да өз таңдандырар келбетін еш жоғалтқан жоқ. Ал енді жеке тастан құйылған деген әңгімеге ойлана қарайтын аз емес. Осылай тұтас құрылған мүсін қалай бүлдіруге ұшыраған. Пирамидалар дүниеге келгенінің өзі – жұмбақ, айтылар жұмбақтар да әлі мол. Сфинкстің қасына жақындаған кезде мың мәртебелі ойға қаларың анық. Осы ғажайыптарды тамашалауға келгендер жыл сайын миллиондап ағылып жатады. Шынында да, мыңдаған жылдар бойы ғажаптығын дәлелдеп тұрған мүсіндер жайында соны сырларды білгісі келетіндер қай елде де таусылмас. Біз космос әлеміндегі ақиқатты білуге тырысамыз. Дегенмен, жердегі пирамидалар әлі құпия күйде жатыр. Дегенмен, осы алып жұмбақты сақтай білген египеттіктерге мың рахмет. Жолымыз түссе, пирамидалар елі, қайдасың? деп тағы да барармыз.

 

Ғалымбек Жұматов, Каир, Шарм-Эль-Шейх, Астана, Павлодар.