Тамыз айының соңында ауа райы күрт құбылып, күн суытты. Бұл жағдай тұрғындар арасында тұмауды тудыратын жіті респираторлық инфекциялардың таралуына әкелуде. Емханада ем қабылдап жатқандардың дені — балалар. Жалпы, күз мезгілінде маусымдық вирус өршитіні белгілі. Әсіресе, тұмау, ЖРВИ-дан бөлек, адам ағзасына ауыр тиетін коронавирус, пневмония сынды індеттер асқынады. Сондықтан ересектер мен балалардың аурудан барынша сақтанғаны абзал. Осы орайда, күн тәртібінде тұрған өзекті тақырып төңірегінде «Тікелей желі» шарасы ұйымдастырылды. Тұмаудан сақтанудың жолы қайсы? Ағзада ауру асқынбас үшін қайтпек керек? Оқырмандардың сұрағына Павлодар қалалық санитарлық-эпидемиологиялқ бақылау басқармасының бас маманы Әдемі Аубашева жауап берді.

Тілші:

— Күз мезгілінде маусымдық вирустар өршитіні белгілі. Тұмау, ЖРВИ, коронавирус инфекция-сынан қалай сақтану керек?

Әдемі ҚАНАТҚЫЗЫ:

— Иә, күн суытқанда тұмау эпидемиясы басталады. Жалпы, маусымдық вирустан ең бірінші кезкте вакцина қорғайтынын айтқым келеді. Сондықтан күзде тұрғындар тұмауға қарсы екпе алулары керек. Жалпы, маусымдық вирустардан сақтану үшін қарапаым ережелерді орындаудың маңызы зор. Әсіресе, адамдар көп жиналатын орындарға бармаған дұрыс. Таза ауада серуендеу, сырттан үйге келгенде қолды сабынмен жуу әрекеттері де вирустан қорғайды. Күз мезгілінде барынша салауатты өмір салтын ұстанып, иммундық жүйені көтеруге мән беру қажет. Ол үшін күніне 35-40 минут дене жаттығуын жасап, құрамында С, А және Е дәрумендері бар тағамдарды жиі тұтыну керек. Көкөністерді молынан тұтыну ЖРВИ-ды жұқтыру қаупін 30 пайызға төмендетеді.

Тілші:

— Тұмау мен ЖРВИ-дің айыр-машылығы қандай? Тұрғындар екеуін қалай ажырата алады?

— Тұмау мен ЖРВИ-дің симптомдары ұқсас. Бірақ тұмау ЖРВИ-ға қарағанда ауыр өтеді. ЖРВИ екі күннен кейін тұмауға ұласуы мүмкін. Адамның басы, бұлшық еті ауырып, бойында әлсіздік пайда болады. Мұрын қуысынан су ағып, жөтел мазалайды. Ал тұмау кезінде адамның дене қызуы 39-40 градусқа дейін көтеріледі. Ұйқы бұзылып, асқа деген тәбет жоғалады. Құрғақ жөтел 3-4 күннен кейін ылғалды жөтелге айналады. Тұмаудың алғашқы кезеңінде дене қызуы 3-4 күн сақталады. Ал бұл уақыттан асып кетсе, асқынады. Тіпті, пневмонияға ұласуы мүмкін.

Айша, Павлодар қаласы:

— Адам ағзасында әлсіздік, түшкіру, мұрыннан су ағу сынды белгілер байқалғанда қалай әрекет ету керек? Бірден дәрігердің көмегіне жүгіну керек пе?

— Әрине. Адам бойында тұмауға ұқсас белгілер пайда болған сәтте бірден дәрігердің қабылауына барған дұрыс. Емханаларда дәрі-герге дейінгі кабинеттерде кезекші мамандар жұмыс істейді. Олар да жағдайы-ңызды тексеріп, тағайындама жасай алады. Үй жағдайында өздігінен ем қабылдау дұрыс емес. Себебі, үйде сіз жөтелді басатын, мұрынға себетін дәрілерді аласыз. Мұндай ем арқылы аурудың симптомдарын ғана жоясыз. Бірақ ағзадағы вирус-пен күреспейсіз. Сондықтан да дәрігерге қаранып, вирус түрін нақты анықтап қана ем алу керек.

Егер ЖРВИ симптомдары мазалап, өзіңізді жайсыз сезінсеңіз, жұмысқа бармай, үйде болғаныңыз дұрыс. Бұл әрекетіңіз өзгелерді аурудан қорғайды. Тіпті, емханаға бармай, дәрігерді үйге шақырыңыз. Көшеге шыққанда медициналық маска тағуыңыз керек.

Жансая, Екібастұз қаласы:

— Балалардың иммунитетін көтеру үшін қандай дәрумен, қандай тағам берген дұрыс?

— Дәруменге, ақуызға бай тағамдар бала иммунитетін жақсартады. Бұл ретте ет, балық тағамдары мен көкөніс, жемістерді жиі тұтыну керек. Жаз мезгілінде жиі суға шомылып, күнге қыздырынған баланың да иммунитеті мықты болады. Сонымен қатар, спортпен айналысудың да маңызы зор. Тұмау мен ЖРВИ-дің алдын алу үшін балаңыздың мұрнына 0,25 пайыздық оксолин майын қолдануға болады. Ол күніне бірнеше рет мұрын қуысының шырышты қабығын майлайды. Бұл аурудың ықтималдығын 2 есе азайтады.

Дәулет, Павлодар қаласы:

— Ұлымды балабақшаға апар-ғанда топта мұрнынан су аққан балалардың жүргенін көрдім. Мұндай симптом кезінде баланы балабақшаға апаруға бола ма?

— Дұрыс айтасыз. Баланың мұрнынан су ақса, ЖРВИ-дің алғашқы белгісін білдіреді. Мұндай сипмтом кезінде ата-аналар балаларын балабақшаға апармауы керек. Себебі, балалар арасында вирус өте тез тарайды. Мектепте де осы тәртіп сақталуы керек. Ауырып тұрған баланы мәдени шаралардан да босату керек.

Тілші сауалы:

— 15 қыркүйекте тұмауға қарсы екпе басталады. Шараның маңыздылығына тоқталып өтсеңіз.

— 15 қыркүйекте Дүниежүзілік қоғамдық денсаулық сақтау ұйымының шешімімен тұмауға қарсы вакциналау науқаны басталады. Аймақ тұрғындарына Ресейдің «Гриппол +» вакцинасы салынады. Бұл ретте жергілікті бюджет қаражаты есебінен жалпы сомасы 88 млн теңгеден астам қаржыға 90 мың доза сатып алынған. Препараттың мұндай көлемі облыс тұрғындарының 11,9 пайызын иммундауға мүмкіндік береді. Жоғарыда айтып өткенімдей, маусымдық вирустан тек вакцина қорғайды. Тұрғындарды науқанға белсене қатысуға шақырамын.

Тілші:

— Ең бірінші кезекте кімдер егіледі?

— Ең бірінші кезекте қауіпті топқа жататын адамдарға екпе салынады. Бұл ретте медициналық қызметкерлер, медициналық бақылауда тұрған балалар, 6 айдан асқан, көп ауыратын сәбилер, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, балалар үйінің тәрбиеленушілері, жетім балалар, жүкті әйелдер, жүрек-қан тамырлары жүйесінің созылмалы ауруына шалдыққан науқастар, қарт адамдар вакцина алады.

Марал, Ертіс ауданы:

— Қауіпті топқа жатпайтын адамдар тұмауға қарсы екпе ала ала ма? Бағасы қанша?

— Кез келген облыс тұрғыны өз еркімен тұмауға қарсы екпені ала алады. Вакцина тегін салынады. Маңызды науқанға облыс бойынша 340 екпе кабинеті дайындалған. Сонымен қатар, 133 екпе бригадасы жұмыс істейді. Вакциналау шарасына 121 дәрігер, 69 көшпелі екпе бригадасы жұмылдырылады. Сіз тұрғылықты мекенжайыңыз бойынша емдеу мекемесіне барып, екпе алсаңыз болады.

Серік, Железин ауданы:

— Өткен жылы тұмауға қарсы екпе алған едім. Бірақ керісінше, жыл бойы көп ауырдым. Мұның себебі неде?

— Тұмауға қарсы екпе алған адамның ағзасында вирусқа қарсы иммундық жүйе тек 2-3 айдан кейін ғана қалыптасады. Осыны ескеру керек. Екпені бүгін салдырған адамдар ертеңнен бастап тұмау жұқтырмаймын деп ойлайды. Бұл — қате пікір. Вакцина қабылдағаннан кейін барынша сақтық шараларын ескерген абзал. Бұдан бөлек, екпе алған адамдар мүлде ауырмайды деген қағида жоқ. Тұмау жұқтыруыңыз мүмкін. Бірақ ағзада иммундық жүйе қалыптасқандықтан, індет асқынбайды, жеңіл өтеді. Вакцина сол үшін салынады.

Тілші:

— Облыста қанша адам ЖРВИ-дан емделуде?

— 1 қазаннан бастап 1 желтоқсанға дейін ЖРВИ мен тұмауға апта сайын мониторинг жүргізіледі. Егер бір апта ішінде сырқаттанушылардың саны 1,5 есеге артса, аумақтарда шектеу іс-шаралары енгізіледі. Ағымдағы жылдың 25 шілдесінен бастап апта сайынғы мониторинг деректері бойынша облыста ЖРВИ жұқтырғандардың апталық өсімі 1,1 есеге жеткені байқалады. Сондықтан жағдай тұрақты.

Статистикаға келетін болсақ, облыста ағымдағы жылдың 8 айында 250 117 адам ЖРВИ-мен ауырды. Оның ішінде 173 204 бала бар.

Тілші:

— Жоғарыдағы статистикаға қарасақ, ЖРВИ-ді жұқтырған-дардың көбі – балалар. Талап бойынша қандай жағдайда мектептегі сынып уақытша жабылады?

— Қазіргі уақытта ЖРВИ өсімін бақылау үшін апта сайын мониторинг жүргізілуде. Егер сыныптағы оқушылар 20 пайыздан 30 пайызға дейін ауырып қалса, балалар кабинеттен шықпай оқиды. Егер ауырып қалған балалардың саны 30 пайыздан асып кетсе, онда оқушылар онлайн форматқа ауысады. Мектептегі медбикелер күн сайын әр сыныпта ауырып қалған балалардың жағдайын есепке алып отыр.

Тілші:

— Облыста коронавирус жұқтырған адамдар бар ма?

— Биыл тамыз айының басынан бастап Павлодар облысы бойынша коронавирустық инфекцияның 1 зертханалық расталған жағдайы тіркелді. Сондықтан қауіпті індет бойынша жағдай тұрақты.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша әлемде бұрын белгілі вирустардың бірнеше нұсқаларын қамтитын Омикрон-Флирт штаммының айналымы байқалады. Науқастарда ковидтен кейінгі белгілер пайда болуы мүмкін. Яғни, шаршау, ентігу, жөтел, ұйқы, есте сақтау қабілетінің нашарлауы, ас қорыту жүйесінің бұзылуы, жүрек-қан тамыр қызметінің нашарлауы сынды белгілер мазалауы ықтимал. Сондықтан аурудың осы симптомдары мазалаған жағдайда дәрігерге көріну қажет.

Тілші:

— Коронавирусты анықтауда пцр-тест қайда жүргізіледі? Ақылыма?

— Коронавирусты анықтауға мүмкіндік беретін пцр-тест дәрігердің жолдамасына сәйкес, «Олимп» диагностикалық зерттеу клиникасында жүргізіледі. Жолдаманың аясында сараптама тегін тапсырылады. Егер адам өз еркімен қаралғысы келсе, ақылы түрде тапсырса болады.

Майра, Екібастұз қаласы:

— Өткен жылы әуелі тұмау, одан кейін коронавируспен ауырдым. Денсаулығымды әлі толық қалыпқа келтіре алмадым. Оңалту шарасынан қалай өтуге болады?

— Тұрғылықты мекенжайыңыз бойынша тіркеуде тұрған емханаға барып, дәрігерге қаралуыңыз керек. Маман сізге қажетті сараптамаларды тағайындап, денсаулығыңыздың жағдайын анықтайды. Оңалту шарасы әрбір 6 ай сайын жүргізіледі. Бұл ретте сіздің денсаулық жағдайыңыз толық ескеріледі.

Тілші:

— Облыста пневмониямен ауырған адамдар бар ма? Бұл індеттен қалай сақтану керек?

— Аймақта биыл 162 адам өкпенің қабынуы дертімен стационарда ем қабылдады. Оның ішінде 145 бала, 7 жүкті әйел бар. Тұмау кезінде адамның дене қызуы көтеріліп, бұлшық ет пен буындары ауырады, жөтел пайда болады. Сырқаттың бұл түрі ағзадағы созылмалы ауруды асқындыруы мүмкін. Вирус күшейе түскенде өкпе ісініп, пневмонияға ұласады. Сондықтан ЖРВИ белгілері пайда болғанда уақыт жоғалтпай, дәрігерге қаралуға кеңес беремін.

 

Түйін:

«Тікелей желі» шарасы кезінде оқырмандардан 30-дан астам сауал түсті. Кейбір сұрақтардың мазмұны ұқсас болғандықтан жауап топтастырылып берілді. Оқырмандар маманның жауабынан қажетті ақпарат алды деген ойдамыз.

 

«Тікелей желіні» жүргізген – Айдана ҚУАНЫШЕВА.