Елімізде қыркүйек айының үшінші жексенбісінде Аналар күні аталып өтеді. Бүгінгі біздің әңгімемізге арқау болып отырған абзал жандардың бірі — нәзік иықтарымен ауыр салмақты – Отанды қорғау жүгін арқалап жүрген ақ жаулықты ана, адал жар, әскери қызметші, Ұлттық ұлан №5512 әскери бөлімінің бас маманы Айнұр Еділова туралы болмақ.

Иә, әйелдер қоғамның бар саласында еңбек етеді десек те, оның ішінде олардың аз қамтылған саласы да болады. Оның бірі ерге енші болған – әскери қызмет. Кейбіреулер әскери сала қыз балаға қол емес деп жатады. Ол да әскери ортадағы ерекше талаптарға, кейде әйел тұрмақ, еркектің де шыдас бермес, қиындығынан айтылған сөз де шығар. Әскери қызмет — ауыр жол, салмақты міндет. Оның ыстық-суығына күйіп, темірдей тәртіпке көніп, онымен қоса отбасы мен қызметті қоса алып жүру айтқанға ғана жеңіл. Сондықтан да осы салада жүрген әпке-қарындастарымызға ерекше ілтипатпен қарайтынымыз да шындық.

Біздің бүгінгі кейіпкеріміз — Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты №5512 әскери бөлімінде қызмет атқаратын Айнұр Кенжетайқызының осы саладағы өрімді еңбегі 18 жылға жуықтаған. Шарбақты ауданындағы Жылыбұлақ ауылында дүниеге келіп, Павлодар ауданы Шақат ауылында өскен ол, 2006 жылдан бастап әскери қызмет атқарып келеді. Айтуынша, әр қызметтің өз қыр-сыры, ерекшелігі болады. Ал әскери қызмет аса жауапты жүк арқалаған сала болған соң, мұнда сен әйелсің, еркексің деп бөлмейді. Бәрі — қару ұстаған Отан қорғаушылар. Қару ату, жекпе-жек ұрыс тәсілдері, жедел шешім қабылдау, ең аяғы ішкі түйсігіңді суыққанды басқарып, батыл жүректі болуы тиіс. Ең бастысы, бұл салаға қажеті — ынта мен жігер.

— Біздің жанұямыз – әскери қызметпен тікелей байланысты. Мен күйеуімді әскери бөлімшеде кездестірдім. Жолдасым — Қайырғазин Сұңғат Қажыкенұлы Абай облысы, Абай ауданы, Құндызды деген жерде туып-өскен. Қазіргі уақытта Ұлттық ұлан №6679 әскери бөлімінде взвод сержанты – жауынгерлік даярлық нұсқаушысы болып қызмет етеді. Шаңырағымызда 4 бала тәрбиелеп отырмыз. Ұл-қыздарымыздың бойына салауатты өмір салтын қалыптастырып, спортқа баулып отырамыз. Үлкен ұлымыз Эльдар ИнЕУ колледжінде оқиды. Ал 7-сыныпта оқитын Жібек қызымыз бүгінгі таңда таэквондомен айналысады. Сондай-ақ, 3-сыныпта оқитын Меруерт қызымыз бен 1-сыныптың оқушысы Ералы ұлымыз дзюдомен айналысады, — дейді Айнұр Еділова.

Бақытты ана кезінде өзіне анасы берген барлық ұлағатты осы балаларына беріп жүр. Перзенттеріне үнемі адал, қайырымды, бір-біріңе қамқор болыңдар дегенді айтып отырады. Үйдегі ауызбіршілікпен, жылылықпен өскен бақытты бала түзде де табысты болатынына сенімді. Сондықтан барлық шаңырақтағы бала мейірімге, махаббатқа қанып өссін деген тілегін де жеткізді.

— Қазақ қыздары намыстан жаралған. Қай тарихты алып қарасаңыз да солай. Олар басқа елдің күңі болып кетпеген, ары мен намысын жоғары қойып, ерінің, елінің амандығын тілеген. Ал Қызай ана, Домалақ ана сияқты бір әулетке ғана емес, дүйім елге ұран болған аналарымыз жетерлік. Отбасы тәрбиесі дегенде әйелдердің қай кезде де орны ерекше, — деп толықтырды ол.

Қорыта айтқанда, қысылтаяң сәтте батылдығымен ерден озып, мәңгілік бейнесі ерліктің символына айналған Әлия мен Мәншүктей қазақ қыздары ұлтымыздың айбынын асырып тұрған жоқ па?! Иә, ол аналарымызды пір тұтқан, намыстан жаралған аруларымыз қазақта жетерлік. Біз олардың біреуін ғана тілге тиек еттік. Осы орайлы сәтті пайдаланып, барша аналарды мерекелерімен құттықтап, отбасыларына ырыс, қызметтеріне табыс тіледік. Мерейлеріңіз өсе берсін!

А.МҰҚЫШЕВ.