Қазір күзгі жиын-терім кезеңі. Өнім ағыл-тегіл. Сәйкесінше, дүкен сөрелерінде көкөніс пен картоптың бағасы барынша қолжетімді. Күн суыта бағаның біртіндеп артатынын көпшілік біледі. Қыста, тіпті, шарықтайтын шақтар болады. Міне, осындай уақытта әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерінің бағасын ұстап тұру міндеті туындайды. Осы міндетті атқаратын қордың да барынан хабардарсыздар. Бұл — тұрақтандыру қоры. «Павлодар» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның азық-түлік қауіпсіздігімен қамтамасыз ету департаментінің директоры Азамат Дандыбаевпен тілдесіп, алдағы маусымға әзірлік жайында білген едік.

— Азамат Валериевич, алдымен, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлеріне тоқталсаңыз. Жалпы, бағаны реттеу бағытында қандай жұмыстар атқарылуда?

— Азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорын қалыптастыру жұмыстарын атқарамыз. Яғни, сұранысқа сай қорда қажетті тауар көлемінің қамтылуына мән береміз. Бүгінде ҚР Премьер-министрі орынбасары — Сауда және интеграция министрінің бұйрығымен бекітілген әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тізіміне 19 тауар түрі кіреді. Атап өтсек, бірінші сұрыпты бидай ұны, бірінші сұрыпты бидай ұнынан өндірілген формалық нан, келімен өлшенетін макарон, қарақұмық, күріш, картоп, сәбіз, пияз, қырыққабат, қант, күнбағыс майы жатады. Сонымен қатар, сиыр еті, нақтысы, жауырын-төс бөлігі сүйегімен, тауық еті, жұмсақ қаптамадағы майлылығы 2,5 пайыздық сүт және айран, майлылығы 72,5 пайыздан кем емес, тұздалмаған, өсімдік майы мен басқа қоспасы жоқ сары май, I категориялы жұмыртқа, ас тұзы, майлылығы 5-9 пайзыдық сүзбе кіреді.

— Биыл күзгі жиын-терімнен жергілікті өндірушілерден қандай көлемде өнім сатып алынып, сақталады?

— Күзгі түсімнен жергілікті өндірушілерден биыл сатып алынбайды. Себебі, бұған дейінгі шарт бойынша әлі қорымыз бар. Бұл дегеніңіз, ескі өнім емес. Жаңа шарт жасалмайды дегенді білдіреді. Яғни, бұған дейін ақшасы төленіп, шарт жасалған. Соған сай өндірушілер қоймаларында бізге қажетті өнімді сақтайды.

— Оңтүстіктен қандай өнімдер жеткізіледі? Келіссөздер жүргізіліп жатқан боларсыздар? Кейінгі кезде кейбір өнімдерді өзімізде де өсіре бастағанын білеміз. Биыл да біразын өңірімздің өндірушілерінен аласыздар ма?

— Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің ішінде 804 тонна пияз Жамбыл облысынан алынды. 600 тонна қырыққабат Түркістан облысынан сатып алынған еді. Сонымен бірге, жергілікті шаруалар «Родник» шаруа қожалығынан 69 тонна қырыққабат, «Қабылдинов» шаруа қожалығынан 113 тонна қырыққабат сатып алынды. Өзде-ріңіз білесіздер, картоп бойынша «Ақтоғай Агро» және «Андас агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерімен тығыз жұмыс жасаймыз. Күріш 204 тонна Қызылорда облысынан сатып алынады.

Бағаны тұрақтандыру тетіктерін жүзеге асырудың типтік ережелеріне сәйкес ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен форвардтық сатып алу жүйесі жүргізіледі. Мұндай жүйемен оңтүстік өңірдің де, өз аймағымыздың да кәсіпкерлерімен жұмыс істейміз. Жоғарыда аталған өңіріміздің шаруашылықтарымен дәл осы форвардтық келісімшарттар жасалды. Бұл дегеніңіз, біз олардан сатып алатын өнім құнының 70 пайызын алдын ала төлеп қоямыз. Қалғаны өнім жеткізілгенде төленеді. Шартта көрсетілген баға тұрақты болады, тауарға қойылатын талаптар да сақталады.

— Қазіргі таңда тұрақтандыру қорында қандай көлемде өнім бар?

— Павлодар облысының тұрақ-тандыру қорында қазіргі таңда әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 12 түрінен 13,6 мың тонна өнім бар.

— Жалпы, сіздерден жібері-летін өнімнің бағасы нарықтық бағадан қаншалықты арзан? Мысал келтірсеңіз…

— Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бізден босатылатын бағасы нарықтық бағадан 10-15 пайызға төмен. Мәселен, қарақұмықтың келісі 130 теңге болса, күріштің келісі 350 теңге, ал макаронның келісі 250 теңге.

— Тұрақтандыру қоры облыста қанша әлеуметтік дүкенмен жұмыс істейді?

— Аймағымызда 202 сауда нүктесі тұрақтандыру қорының өнімін сатады. Олар тек 10 пайыздық үстеме қосады. Азық-түлік күн сайын сатылады. Биыл жыл басынан бері тұрақтандыру қорынан 1,2 мың тонна өнім сатылды. Біздің басты мақсат – бағаны тұрақтандыру.

— Мәліметіңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан – Гүлжайна ТҮГЕЛБАЙ.