Жаңа оқу жылы басталып, биыл оқу бітірген түлектер студент атанды. Білім қуып келгендер табан тіреп, бас сұғатын баспана іздейтіні белгілі. Осы орайда, облыста студенттерді жатақханамен қамту мәселесі оң шешімін тауып келеді.

Мәселен, Торайғыров универ-ситетінің әкімшілігі студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету ісіне ерекше назар аударуда. Бүгінде университет жанынан ашылған 1460 төсек-орынға арналған үш кампус бар. 2023-2024 оқу жылында кампустарда 1312 студент тұрған.

— Биыл 25 тамыздан бастап жастар саясаты және әлеуметтік мәселелер департаменті студенттерді қоныстандырды. Кампустарда орын беру жөніндегі барлық қызмет онлайн форматта жүзеге асырылады. Студенттің жеке кабинеті арқылы әрбір білім алушы үйден шықпай-ақ қызметті толық көлемде ала алады. Бүгінде 1155 өтінім қабылданды. Орындармен бірінші кезекте жетімдер, мүгедектер, көп балалы отбасылардан шыққан студенттер қамтамасыз етіледі. Еліміздің ірі қалаларында студенттер үшін орын тапшылығы жағдайын ескере отырып, біздің университетте жүргізілген жұмысты оң деп санауға болады. Бүгінгі күні қоныстануға өтінім берген білім алушылардың 100 пайызы жатақханамен толық қамтамасыз етілді, — деп мәлімдеді Торайғыров университетінің баспасөз бөлімі.

Бүгінгі таңда жоғары оқу орнының жатақханаларында 1113 студент тұрады. Олардың ішінде жетім және мүгедектігі бар 15 студент, шетелдік 60 студент қамтылған.

Мұндағы 1-курс студенттері жатақхананың жайлы екенін айтады. Солардың бірі – Түркістан облысынан келген Ажар Амангелді. Оның сөзінше, ол «Торайғыров» университетіне «Серпін» мемлекеттік бағдарламасы арқылы түскен.

— Мен студенттік өмірімнің жатақханада өтіп жатқанына қуаныштымын. Себебі, бұл жерде студенттерге барлық жағдай жасалған. Шығармашылықпен, спортпен айналысуға болады. Ал кешкі уақытта бір-бірімізге қонақ болып, шай ішіп, гитарамен ән айтамыз. Бір-бірімізге тез бауыр басып, бір үйдің баласындай болып кеттік, — деп ойымен бөлісті Ажар Амангелді.

Ажардың құрбысы Бақытгүл де жатақханаға келіп, көп дос тапқанын айтады.

— Жоғары білім алу үшін Баянауыл ауданынан Павлодар қаласына келдім. Бұл шаһарда туыстарым жоқ. Ал пәтер жалдауға мүмкіндік жоқ. Сондықтан университет жанындағы жатақханада тұруды жөн санадым. Бағасы да біз секілді жастар үшін қолайлы. Студенттерге жақсы білім алып, осында тұруға барлық мүмкіндік жасалып отыр. Өте қуаныштымын, — дейді ол.

Осылайша, облыстағы ең ірі жоғары оқу орны саналатын Торайғыров университеті студенттердің негізгі мәселесін оңтайлы шешуде.

 

А.ЖЕҢІСҚЫЗЫ.