Халықаралық олимпиадада жеңген оқушылар 5,5 млн теңгеден сыйақы алады. Әлем бойынша ТОП-7 беделді олимпиадаларда жүлделі орын алған 26 қазақстандық оқушы қаржылай сыйақы алады. Сыйақының жалпы сомасы 77,5 миллион теңгеден асады.

2023-2024 оқу жылының қоры-тындысы бойынша еліміздің ұлттық құрамасы ең беделді әлемдік пәндік олимпиадаларда 2 алтын, 12 күміс, 12 қола медаль және бір диплом иеленді. Бұл ретте дарынды оқушылар IMO (математикадан), IPhO (физикадан), IBO (биологиядан), IChO (химиядан), IOL (лингвистикадан), IGeO (географиядан) және IOI (информатикадан) ел намысын қорғап, білімдерін ортаға салды.

Талантты оқушыларды қолдау мақсатында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2022 жылдан бастап халықаралық олимпиадалардың жүлделі орындарды иеленген оқушыларға және оларды дайындаған педагогтерге мемлекет тарапынан біржолғы сыйақы тағайындалған. Алтын медаль жеңіп алған оқушы 1500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, күміс медаль үшін – 1000 АЕК, қола медаль үшін – 500 АЕК мөлшерінде ақшалай сыйақы алады. Ал алтын медаль иегерін дайындаған педагогке – базалық лауазымдық айлықақы 26,5 еселенген мөлшерінде, күміс медаль иегерін дайындаған педагогке – базалық лауазымдық айлықақы 17,5 еселенген мөлшерінде, қола медаль иегерін дайындаған педагогке – базалық лауазымдық айлықақы 8,5 еселенген мөлшерінде беріледі. Сонымен қатар, халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарына қазақстандық жоғары оқу орнының кез келгеніне оқуға түсуге білім гранты беріледі.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылы 23 оқушы 65,6 млн теңге, 20 педагог жалпы сомасы 71,4 млн теңге біржолғы сыйақы алған болатын. Жалпы 12 ірі халықаралық жарысқа қатысқан 1218 қазақстандық оқушының 603-і медаль иегері атанды. Яғни, әлемдік додаларда еліміздің намысын қорғаған әрбір екінші қатысушы жүлделі орынға ие болды.

Павлодар облысында халықаралық жарыста бақ сынап, қомақты сыйақыға ие болған оқушылар бар. Мәселен, Павлодар қаласындағы №8 мектеп-лицейінің оқушысы Ринат Елеусізов химия пәнінен өткен Менделеев олимпиадасына қатысып, алтын медальға ие болды. Еліміздің оқушылары аталмыш олимпиададан соңғы рет 2017 жылы алтын медальмен марапатталған. Сонымен қатар, аталмыш мектептің оқушысы Владимир Роговский екі жыл қатарынан халықаралық математика олимпиадасынан қола жүлдемен марапатталды.

Жалпы, Павлодар облысының оқушылары өткен оқу жылында халықаралық білім додаларында жалпы саны 35 медальға ие болған.

Айдана ҚУАНЫШЕВА.