Photo Valeriy BUGAYEV

Бүгінге дейін Павлодар қаласының екінші Павлодар шағын ауданында балаларға қосымша білім беретін заманауи орталық болмаған еді. Жуырда көптің өтініші қабылданып, «Алтын сақа» атты қосымша білім беру орталығы ашылды.

Аталған қосымшаның салтанатты ашылуына қатысқан облыс әкімі Асайын Байханов жас тұрғындарды көптен күткен қуанышпен құттықтады.

— Екінші Павлодар шағын ауданының тұрғындарымен кездесулердің бірінде осы шағын ауданда алдағы уақытта балаларға арналған заманауи мекеме ашуға уәде берген едік. Енді уәдемізді орындап, «Алтын сақа» атты жаңа инновациялық-шығармашылық орталықты ашып жатқанымызға қуаныштымын. Бұл жаңа достар табуға, білім алуға және бос уақыттарыңызды тиімді өткізуге болатын екінші үйлеріңіз болсын, — деді аймақ басшысы.

Асайын Қуандықұлы, сондай-ақ, нысанды реконструкциялау жұмыстарына қатысқандардың барлығына алғысын білдірді.

«Алтын сақа» инновациялық орталығы осы ауданда тұратын 18 мың балаға арналған қосымша білім берудің заманауи форматы және оқушылардың қызығушылықтары мен таланттарын ашуға зор мүмкіндіктер береді. Мұнда IT-студия, роботтехникасы үйірмелері, шығармашылық, спорттық және музыкалық бағыттағы секциялар жұмыс істейтін болады. Балалар тамақ іше алатын буфет қарастырылған. Қолөнер шеберханаларында ұсталық өнерге және тігін тігуге үйретеді.

Орталықтың ашылғанына балалар да, ата-аналары да қуанышты.

— Біз орталықтың ашылуын асыға күттік. Енді, міне, өтінішіміз қабылданып, жаңа қосымша білім беретін мекеме бой көтерді. Алдағы уақытта шығармашылық үйірмеге жазылуды жоспарлап отырмыз. Енді алысқа барудың қажеті жоқ, — деп бөлісті екінші Павлодар шағын ауданының тұрғындары.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша облыста өскелең ұрпақтың үйлесімді дамуы үшін барлық жағдай жасалуда. Бұған дейін 800 балаға арналған шығармашылық орталығын ашу үшін Ертіс ауданындағы қараусыз қалған әкімшілік ғимарат қайта жаңартылған болатын. Қазан айында Екібастұз қаласында «Самғау» балалар шығармашылығының жаңа орталығын ашу жоспарлануда.

Сонымен қатар, алдағы үш жылда Успен, Шарбақты және Павлодар аудандарында да өнер мектептерін салу жоспарлануда.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Суреттерді түсірген — Валерий Бугаев.