Павлодар облыстық соты мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру мақсатында игі шара ұйымдастырды. Облыс орталығындағы Достық үйінде «Павлодар облысының сот жүйесіндегі мемлекеттік тілдің қолданылу жағдайы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Алқалы жиынға Жоғарғы Сот жүйесіндегі мемлекеттік тілді дамыту жөніндегі үйлестірушісі, судья Досжан Әмір және ҚР Президенті жанындағы Басқару Академиясының докторанты Нұргүл Қарағойшина, Павлодар облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Мұрат Солтыбаев, судьялар, сала ардагерлері, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, екінші деңгейдегі банк қызметкерлері және заңгерлер қатысты.
Іс-шараны ашқан Мұрат Солтыбаев «Тіл тағдыры – ел тағдыры» екенін, ұлттық рухты сақтап қалу, оны дамыту мен өркендету қоғам алдында тұрған міндет екенін алға тартты. Қылмыстық, әкімшілік және әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі істерді мемлекеттік тілде жүргізудің маңызы зор екенін жеткізді. Нұргүл Қарағойшина Жоғарғы Сот Төрағасының басшылығымен сот жүйесіндегі істерді мемлекеттік тілде жүргізу бойынша бірнеше жоба қолға алынғанын, онын аясында азаматтық, қылмыстық істер бойынша үкімдер мен шешімдердің қалай жазылу керектігі көрсетілген арнайы жинақ құрастырылғанын айтты. Ал Досжан Әмір ҚР «Тіл туралы» заңының кейбір баптарын талқылап, аудармашы маманының қажеттілігін атап өтті.
Дөңгелек үстел барысында сот жүйесіндегі мемлекеттік тілді жетілдіру деңгейін көтеру жағдайы талқыланып, алдағы уақытта сотта қаралатын істердің мемлекеттік тілде жүргізілуінің сапасын арттыру мәселесі сөз болды. Сонымен қатар, судьялар арасында «Толғауы тоқсан – қызыл тіл» атты шешендік өнер сайысы өтті. Сайысқа түскен судьялар мақал-мәтел айтудан жарысып, әңгіме оқып, мазмұндап, өз өнерлерін ортаға салды. Нәтижесінде «Атамекен» тобы жүлделі бірінші орынға ие болды.
Өз тілшіміз.