Бала кезінен мұғалім болуды армандап, бүгінде сол асыл мұратына жеткен жандардың бірі — Әсемгүл Тоқтамысқызы Тұрғанбекова. Тәжірибелі ұстаздың отандық білім беру саласына қосқан үлесі мол. Таяуда мұғалімдердің тамыз кеңесі қарсаңында «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталуы соның дәлеліндей. Бұдан басқа да жетістіктері жетерлік.

— Оқушы кезімде мұғалімдерім: «Өскенде кім болғың келеді?» — деп сұрағанда ойланбастан мұғалім боламын дейтінмін. Мен басқа мамандыққа мүлдем қызыққан емеспін. Ес білгеннен кейінгі басты арманым ұстаз болу еді. Бір байқағаным, оқыған мектебің, ондағы мұғалімдер адам өмірінде өшпес із қалдырады екен. Менің өмірлік мамандығымды таңдауыма Ақтоғай ауданы, Шілікті ауылы орта мектебінің неміс тілі пәнінің мұғалімі Жотай Мүбәракқызы мен еңбек және дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Аманжол Кәленұлы қатты ықпал етті. Әлі күнге дейін осы ұстаздарымды еске аламын, олардың берген сабақтары да көз алдымда, — деп бастады әңгімесін Әсемгүл Тоқтамысқызы.

Бүгінгі таңда сонау бала кезіндегі арманы орындалған мұғалімнің осы салада еңбек етіп жүргеніне отыз жылдай уақыт болыпты. Ол алғашқы ұстаздық жолын №7 Павлодар кәсіптік лицейінде бастайды.

— Жас маман болып барғанымда маған жан-жақты қолдау көрсеткен директорым Валерий Леонович Якутовке айтар алғысым зор. Ол кісіні осы күнге дейін құрметпен есіме алып отырамын, — дейді ұстаз. Ұжымдағы осындай қолдау, өз мамандығына деген адалдық пен тынымсыз еңбектің арқасында 2015 жылы Әсемгүл Тоқтамысқызының техникалық және кәсіптік білім саласындағы еңбегі еленіп, республикалық «Үздік педагог» байқауында топ жарады. Бұдан кейін кәсіби тұрғыда өсіп, жаңа белестерді бағындыра бастайды.

— Осы байқаудан кейін көкейімде шетелдік білім беру саласындағы озық үлгілермен, жаңаша әрі тиімді әдістемелермен таныссам деген ой болды. Сол жылы бұл ойымды мемлекет тарапынан жүргізілген сауалнамада ұсыныс ретінде көрсетудің сәті түскен еді. Сөйтіп, небары 1 жылға жетпей-ақ осы арманым жүзеге асты. Жолым түсіп, 2016 жылы «Болашақ» халықаралық бағдарламасына қойылатын талап-тардан сүрінбей өтіп, «Шет тілдерін оқыту әдістемесі. Лингвистика. Филология» мамандығы бойынша Германияның Гумбольдт атындағы Берлин университетіне жолдама алдым. Яғни, «Болашақ» бағдарламасының стипендианты  атандым. Сол жылы «Болашақ» бағдарламасы тарихында тұңғыш рет қазақ тілі мұғалімдеріне арналған ғылыми тағылымдама ұйымдастырылды. Менің жолым болды, — дейді ұлағатты ұстаз.

Осылайша, ұстаздық жолын техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде бастаған ол кейін облыс орталығындағы «Дарынды ер бала-ларға арналған «Білім-Инновация» лицей-интернатына ауысып, он жылға жуық уақыт бойы осы оқу орнында қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып қызмет етіп келеді. Өз ісінің білікті маманы білімді шәкірт тәрбиелеу жолында тынымсыз еңбектенуде, көп ізденуде. Нәтижесінде, үлкен жетістіктерге де қол жеткізуде. Мәселен, Әсемгүл Тоқтамысқызының тек соңғы үш жылдағы марапаттарына тоқталар болсақ, 2021 жылы республикалық «Теле-сабақтар» жобасына қатысып, білім беруге қосқан жеке үлесі және республикалық оқу-әдістемелік кеңестің сараптамалық топ жұмысына белсенді қатысқаны үшін ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Алғыс хаттарымен марапатталған. Ал 2022 жылы «Қазақстан Республикасында үштілді білім беруді дамытудың концептуалдық негізі» жобасы аясында «Жоғары сыныптарға арналған бейіндік бағдарлардағы қарым-қатынас сценарийлері» атты республикалық конкурсқа қатысқаны үшін Ы.Алтынсарин ұлттық білім академиясының Алғыс хатын ала-
ды. Былтыр республикалық оқу-әдістемелік кеңестің сараптамалық топ жұмысына белсенді қатысқаны үшін ҚР Оқу-ағарту министрлігі марапаттайды. Бұдан басқа да жетістіктері мен педагогтар арасында ұйымдастырылған байқаулардан алған жүлделі орындары аз емес.

«Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» демекші, осындай үлгілі мұғалімнен білім алған шәкірттері де түрлі байқаулардан жүлделі оралып, облыс намысын абыроймен қорғап жүр. Айталық, тек биыл Тараз қаласында 7-сынып оқушылары арасында өткен республикалық «KBO -Junior» олимпиадасында қазақ тілінен Дінмұ-хамед Құрманғали 1-орын, Әділжан Болатов 3-орын алды. Сонымен қатар, Әділет Айтжанов «Жар-
қын болашақ» олимпиадасының облыстық кезеңінен 2-орын, «Шәкәрім оқуларынан» 3-орын, Аспандияр Уахит облыстық «Әбіш оқулары» және республикалық қазақ тілі олимпиадасының облыстық кезеңінен 3-орын, ал Қолқанат Махан есімді оқушысы облыстық «Мәшһүр Жүсіп оқуларынан» 1-орын, «Жарқын болашақ» олимпиадасының облыстық кезеңінен 2-орынды еншіледі.

Міне, бұл – ұстаз еңбегінің жемісі! Осындай ұлағатты жанға жас ұрпаққа үлгі-өнеге болып, аман-сау жүре беріңіз дейміз.

Нұржайна ШОДЫР.