Photo Valeriy BUGAYEV

Облыс әкімі Асайын Байханов халықаралық олимпиадалар мен конкурстардың жүлдегерлерімен кездесті. Білім биігінен көрінген өрендер мен әлемдік деңгейдегі білім додаларына дайындаған ұстаздарына құрмет көрсетті.

Кездесуде аймақ басшысы Қытайда, Швейцарияда, Жапонияда, Ұлыбританияда, Францияда, АҚШ-та, Нидерландыда, Араб Әмірліктерінде өткен әлемдік зияткерлік олимпиадалардың жеңімпаздары өздерінің үздік жетістіктерімен тек аймағымыздың даңқын шығарып қана қоймай, өз есімдерін облыстың білім беру тарихында қалдырғанын айрықша атады.

— Ең бастысы — үлгілі тәрбие. Басқа мектеп оқушылары сіздерге қарап, бой түзейді, олар үшін үлгіге айналдыңыздар. Қазір білім беру саласындағы бәсекелестік өте жоғары және бірінші болу оңай емес. Біз сіздердің білім алу жолындағы ерік-жігерлеріңізді және табандылық танытудағы баға жетпес еңбектеріңізді түсінеміз. Ол үшін мінез керек. Таңдаған бағыттарыңыз дұрыс және құрметке әбден лайық, — деді облыс әкімі.

Жыл сайын облыстық №8 лицей «Қазақстан Республикасының үздік олимпиадалық командасы» атағын дәлелдеп келеді. Облыс әкімімен кездесуге дарынды балаларға арналған №8 мектеп-лицейінің үздік оқушысы Ринат Илюсизов шақырылды. Ол — химия бойынша халықаралық Менделеев олимпиадасының және Шань-Чжэньде әлемнің 29 елінен келген оқушылар арасындағы олимпиаданың алтын медаль иегері, Сауд Арабиясында өткен 56-халықаралық химия олимпиадасының (IChO) жеңімпазы. Дарынды оқушыны дарынды балаларға арналған №8 мектеп-лицейінің химия пәнінің мұғалімі Оксана Владимировна Колдашева дайындады.

Сондай-ақ, кездесуге дарынды балаларға арналған №8 мектеп-лицейінің түлегі, «Жібек жолы» XXIII халықаралық математикалық олимпиадасының алтын медаль иегері, Азия-Тынық мұхиты, Жәутіков, Балқан әлемдік олимпиадалардың, Жапониядағы халықаралық олимпиаданың жүлдегері Владимир Роговский қатысты. Білімді өренді дарынды балаларға арналған №8 мектеп-лицейінің 30 жылдық еңбек өтілі бар математика пәнінің мұғалімі Лилия Викторовна Стадникова даярлады.

Асайын Байханов бірнеше жыл бойы халықаралық деңгейдегі бірнеше дүркін жеңімпаздарын дайындаған ұстаздарға жылы лебізін білдірді. Сонымен қатар, өңірлік колледж оқушыларының да жоғары жетістіктерін атап өтті.

Биыл Павлодар сервис және тамақтану колледжінің студенті Лейман Артур «Мейрамхана сервисі» санатында «WorldSkills Lion — 2024» әлем чемпионатының «Best of nation» номинациясын жеңіп алды. Жас талантты сервис және тамақтану колледжінің өндірістік оқыту шебері Альмира Маратовна Садриденова баптады.

Жоғары жетістіктері үшін облыс әкімі оқушылар мен ұстаздарға Құрмет грамоталары мен ақшалай сертификаттар табыс етті.

Кездесу соңында Ринат Илюсизов, Артур Лейман және Лилия Стадникова аймақ басшысына көрсеткен қолдауы, жастарға деген сенімі мен жылы қабылдауы үшін алғыс айтты.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Суретті түсірген — Валерий Бугаев.