Foto Valeriy BUGAYEV

Облыс әкімі Асайын Байханов жылыту маусымының басталу қарқынына қатысты жиын өткізді. Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін аймақ басшысы 30 қыркүйекке дейін барлық әлеуметтік нысандарды, 2 қазанға дейін көппәтерлі тұрғын үйлерді, ал үш қаланың барлық жеке үйлерін 5 қазанға дейін жылуға қосуды тапсырған еді.

Павлодар қаласында биыл жылыту маусымы әдеттегіден ертерек басталды. Ауруханаларға, балабақшалар мен мектептерге жылу 9 қыркүйекте берілді. Екібастұз бен Ақсуда жылыту маусымы 16 қыркүйекте басталды. Қазіргі уақытта өңірдің барлық әлеуметтік нысандары жылумен қамтамасыз етілген.  Сондай-ақ, облыс орталығында 1300 көппәтерлі тұрғын үйдің 1296-сы толықтай қосылған. Қазіргі уақытта тиісті жылумен қамтамасыз ету үшін гидравликалық режимді реттеу жұмыстары жүргізілуде.

Кеншілер қаласында 450 көпқабатты үйде жылу бар. Кеше тағы 154 көппәтерлі үй жылу алды. Қалған 95-і бүгін жылуға қосылмақ. Ал жеке сектордағы үйлердің 94 пайызы жылуға қосылған.

Екібастұз ЖЭО-да 2 қазандық агрегаты істеп тұр. Бұл қазіргі ауа райына жеткілікті. Тағы 4 қазандық резервте әрі толығымен дайын тұр. Жуырда ЖМ-1, ЖМ-3 қалпына келтіру жұмыстары аяқталып, гидравликалық сынақ сәтті жүргізілді. Қазіргі уақытта желі жұмыс істеуде, гидравликалық режимді баптау мен кезең-кезеңмен толтыру шаралары жүргізілуде.

Ақсу қаласында 265 көппәтерлі үйдің тек біреуінде ғана жылу жоқ. Қалғаны толығымен жылуға қосылған. Жеке сектордың барлық шағын аудандарында жылу бар. Қаланың жылу тұрған жалғыз көпқабатты үйінде жылумен жабдықтаудың үйішілік желілері жөнделуде, кейін жылумен қамтамасыз етіледі.

Облыс әкімі өткен жылдармен салыстырғанда қыс мезгіліне дайындықтың сапалы атқарылғанын атап өтті. Алайда босаңсымауды талап етті әрі өзіне жеке келіп түскен өтініштерді мысалға келтірді.

Кеңес қорытындысы бойынша аймақ басшысы үш қаланың әкімдеріне жылу беру маусымы барысын ерекше бақылауда ұстауды тапсырды. Сонымен қатар, ақаулар пайда болған жағдайда желілердегі жөндеу жұмыстарына байланысты жылудан ажыратылғаны туралы тұрғындарға уақытылы ескертуді жүктеді. Жөндеу бригадаларын күшейту мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.

Бұдан бөлек, барлық қала басшылары жылумен жабдықтау желілерінің барлық ықтимал осал учаскелерін талдап, оларды қажетті есептеулер мен құжаттамаларды уақтылы дайындап, келесі жылға арналған жөндеу және реконструкциялау бағдарламаларына міндетті түрде қосуы қажет.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.