Қазіргі уақытта елімізде емханаларға тіркелу науқаны қызу жүріп жатыр. Тұрғындар осы мүмкіндікті пайдалана отырып, өзі қалаған емдеу мекемесін таңдай алады. Ол үшін нені білу керек? Неге мән берген жөн? Емханамен қатар, емдеуші дәрігерді де таңдауға бола ма? Осы және өзге де сұрақтарға облыс орталығындағы «МЕД-С» ЖШС емханасының бас дәрігері Гүлбақыт Ғалымқызы Құрманғалиева жауап береді.

— Гүлбақыт Ғалымқызы, өңірімізде емханаға тіркелу науқаны қалай жүріп жатыр және басқа емхананы таңдаушылар қалай тіркеле алады?

— Елімізге 2020 жылы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі енгізілді. Соның аясында жоспарлы медициналық көмек алу үшін кез келген адам белгілі бір емдеу мекемесіне тіркелуі тиіс. Бірақ таңдау әркімнің өз еркінде. Десе де, тұрғындар тұрғылықты мекенжайына жақын орналасқан медициналық ұйымға бекітілгені жөн деп ойлаймын. Себебі, егер тіркелген емдеу мекемесі үйінен алыстау болған жағдайда дәрігер шақыртуға келе алмай қалуы мүмкін. Жалпы, медициналық мекемеге тіркелу шарасы жылына бір рет қана, яғни 15 қыркүйектен 15 қарашаға дейінгі аралықта жүргізіледі. Осы кезеңде тіркеу кампаниялары қызу жұмыс істеп, халық арасында түсіндіру шараларын жүргізумен үздіксіз айналысады. Ал емханаға тіркелу үшін egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы өтінім бере алады. Ол үшін аталған порталдың денсаулық терезесіне кіріп, жеке сәйкестендіру нөмірін (ЖСН) теріп, таңдаған емхананы белгілейді. Бұдан кейін смс хабарлама келуі тиіс. Бұл бағыттағы жұмыстар өңірімізде өз деңгейінде жүріп жатыр.

— Осы орайда қарттар мен мүгедектігі бар тұрғындар емханаға қалай тіркеле алады?

— Жасы үлкен адамдар мен мүгедектігі бар жандар электронды үкімет порталы арқылы тіркеле алмаған жағдайда емдеу мекемесінің тіркеу бөліміне немесе халыққа қызмет көрсету орталығына барып, сондағы мамандардың көмегіне жүгіне алады. Ол үшін жеке куәлігі және зейнеткер немесе мүгедектігі барын растайтын құжаты болуы қажет.

— Емханаға тіркелу мәселесіне қатысты тұрғындар нені білуі тиіс?

— Біріншіден, басқа емдеу ұйымын таңдаған адамдарға сол мекеме тарапынан медициналық көмек келесі жылдың 1 қаңтарынан бастап қана көрсетіледі. Осыны дұрыс түсіну керек. Оған дейін бұрынғы тіркеуде тұрған емдеу мекемесінің қызметін ала береді. Екіншіден, бір отбасындағы адамдар өз еріктері бойынша бірнеше емдеу ұйымына тіркелуге құқылы. Мәселен, ата-анасы бір медициналық мекемені таңдаса, балалары басқа ұйымға тіркеле алады. Тек 18 жасқа толмаған балаларды емханаға тіркеу үшін әкесі немесе анасының бірі өтініш беруі тиіс. Үшіншіден, егер жеке меншік емдеу ұйымына тіркелгіңіз келсе, алдымен сол мекеменің МӘМС бойынша қызмет көрсететін медициналық ұйымдардың тізімінде бар екеніне көз жеткізіп алыңыз. Жеке меншік емхана аталған тізімде болса, МӘМС аясында толыққанды қолжетімді қызмет көрсете алады. Төртіншіден, бір адам бір ғана емхананы таңдай алады. Тағы бір айта кетерлігі, тіркеуге өтініш берген кезде оны қабылдамайтын жағдайлар да кездеседі. Оған себеп – жалған немесе толық емес құжаттар, кәмелет жасына толмаған балалар өз еркімен өтініш берсе және алыстағы ауыл-аймақ тұрғындарынан тіркеуге сұраныс түскен жағдайда қабылданбауы мүмкін. Сондай-ақ бұған дейін белгілі бір медициналық мекемелерде тіркеуде тұрған азаматтар үшін сол ұйым көңілінен шығатын болса, ешқандай да өтініш берудің қажеті жоқ. Яғни, сонда қала береді деген сөз.

— Ауылдық жерде тұратын азаматтардың таңдау жасау мүмкіндігі бар ма? Яғни, олар қаладағы емдеу мекемелеріне тіркеле ала ма?

— Ауылдық жерде бір ғана емдеу мекемесі бар болғандықтан, тұрғындар соған тіркеледі. Бірақ қалаға жақын жерде орналасқан ауылдардың халқы өзіне ұнаған емхананы таңдауға құқылы. Алайда қалалық емдеу ұйымдарына тіркелгісі келетін ауылдық ағайын аяқ астынан сырқаттанып қалса, үйіне дәрігер шақырту, ары-бері жол жүру қиынға соғатынын ескергені жөн.

— Тұрғындар өзі таңдау жасап тіркелген емхананың қызмет сапасына көңілі толмаған жағдайда қайтадан басқа емдеу мекемесіне ауыса ала ма? Сондай-ақ учаскелік дәрігерді таңдай ала ма?

— Әрине, азаматтар өзі таңдап, тіркелген емхананың қызмет сапасына көңілі толмаса, оны ауыстыруға құқылы. Бірақ мұндай мүмкіндік жылына бір рет қана беріледі. Сол үшін емханаға тіркелу науқаны кезінде ойланып шешім қабылдаған дұрыс. Ал бір емдеу мекеменің ішінде учаскелік дәрігерді ауыстыра беруге болады.

— Тіркелу мәселесіне қатысты халық арасында қандай да бір мәселе туындаса, қайда хабарласуы қажет?

— Кез келген медициналық мекеменің ішінде емделушілерді қолдау қызметі жұмыс істейді. Соған хабарласып, қажетті ақпарат немесе кеңес алуға болады. Сондай-ақ, тіркелу мәселесі бойынша МӘМС қорына, «Қолдау 24/7» қосымшасына, 1414 телефон нөмірлеріне хабарласып, өзіңізді толғандырған сұрақ-тарға жауап ала аласыз.

— Әңгімеңізге рақмет!

 

Сұхбаттасқан – Нұржайна ШОДЫР.